Астана, BAQ.KZ. АҚШ мемлекеттік департаменті Украинада совет билігі кезінде миллиондаған адамды құрбан еткен ашаршылықтың (Голодомор) 85 жылдығына арнап мәлімдеме таратты.
Астана, BAQ.KZ. АҚШ мемлекеттік департаменті Украинада совет билігі кезінде миллиондаған адамды құрбан еткен ашаршылықтың (Голодомор) 85 жылдығына арнап мәлімдеме таратты.
"Иосиф Сталиннің режимі оларды әдейі аштан қатырды", - делінген 23 қарашада жарияланған құжатта. "Украинада жер мен астықты жабайылықпен тартып алу белгілі бір саяси мақсат – украин халқы мен елді бағындыру үшін жүргізілді", - деп жазған мемлекеттік департамент. Бұл құжатта Голодоморды "20-ғасырдағы ең жойқын айуандықтардың бірі" деп атаған" - деп жазады Азаттық.
1932-1933 жылдары болған Голодомор кезінде совет билігі жеке шаруалардың астығы мен басқа да азық-түлігін тартып алу арқылы оларды ұжымдық шаруашылыққа (колхоз) кіруге мәжбүрледі. Тарихшылардың пікірінше, есепсіз адам қырғынға ұшыраған Голодоморға осындай іс-әрекеттер негізгі себеп болған.
Украиналықтардың көбі осынау қайғылы оқиғаны "геноцид" деп бағалайды. Түрлі есептер бойынша, Голодомордан 3 миллионнан 7 миллионға дейін адам құрбан болған делінеді. Украинамен бірге тағы 15 ел Голодоморды "геноцид" деп таныған.
Мәскеу "Голодомор тұсындағы саясат жүйелі сипатта болған" дегенді ұзақ жылдардан бері жоққа шығарып, оқиғаға "астықтың аздығы себеп болған" дейді.
АҚШ мемлекеттік департаменті 23 қарашада жариялаған мәлімдемеде бұған қоса "украиндар бүгінде Ресейдің Украин халқының бірегейлігі мен батысшыл көңіл-күйін жою әрекетінің кесірінен тағы да қырғынға тап болды" делінген.
Украина Голодомор құрбандарын жыл сайын қарашаның төртінші сенбісінде еске алады.
1932-1933 жылдары болған ашаршылық зұлматынан қазақ халқы да қатты зардап шекті. Кей мәліметтер бойынша, аштық кесірінен бір миллионнан 1,75 миллионға дейін адам қырылған. Көп адам Совет одағының өзге аймақтарына, Қытай, Моңғолия, Иран мен Ауғанстанға көшуге мәжбүр болған. Қазақстанда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын жыл сайын мамырдың 31-і күні еске алады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!