Жібек жолы аясында Қытай көздейтін бес мақсат, үш бағыт - Әлем экономикасы|17 Сәуір 2015, 16:13
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жібек жолы аясында Қытай көздейтін бес мақсат, үш бағыт

Астана. 17 сәуір. Baq.kz – Бүгін Астанада «Еуразияны құру: Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты Халықаралық конференцияға қатысқан Қазақстан, Ресей, Қытай, Франция мен Түркия және Иран елінің сарапшылары Ұлы Жібек жолын заманауи ағымға сай дамытудың жай-жапсарын талқылады. Жиын барысында түрлі көзқарастар мен пікірлер айтылып, осы аралықта Жібек жолы аясындағы Қытайдың көздеген бес мақсаты мен үш бағыты да көпшілік назарынан тыс қалмады, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Конференцияға қатысушылардың сөзінен ұққанымыз, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасын жүзеге асыруға талпынып отырған Қытайдың көксеген бес мақсаты мынадай болып келеді:

Саяси байланыстарды күшейту. Қазіргі саяси байланыстар - аймақтағы экономикалық байланыстардың даму деңгейіне қарағанда мардымсыз.

Тасымал тізбегін күшейту. Оның ішінде «Тынық мұхитынан Балтық теңізіне дейін» көлік тораптарын жасақтау әрекеті бар: бұл торап - Азияның Оңтүстігін, Шығысын және Батысын байланыстыруы тиіс.

Сауда-саттық байланыстарды күшейту және инвестиция мен саудаға кедергі болатын факторларды азайту. Дәл сол уақытта – мемлекеттердің ұлттық мүдделерін де сақтау.

Ұлттық валюталармен есеп айырысу жүйесін күшейту. Аймақтағы елдердің бұл жөнінен сәтті тәжірибесі бар. Бұл - болашақта қолайсыздықты азайтып, аймақтың бәсекеге қабілетін арттырады.

Достық байланыстар мен өзара түсіністікті нығайту.

Ал бұл жобаның сараптамасы - оны жүзеге асырудың кемінде үш бағыты бар екенін де көрсетіп отыр. Олар: экономикалық, геосаяси және қауіпсіздік.

Экономикалық тұрғыдан қарағанда, Жібек жолы экономикалық белдеуінің құрамы – Қытайдың батыс аудандарынан бастап Еуропадағы және Оңтүстік Азиядағы түйінді экономикалық белсенді нүктелерге дейін созылып жатқан, жалпы ұзындығы 8,5-тен 11 мың шақырым болатын бағыттар. Солтүстік бағыт Қазақстан территориясы мен Транссібір магистралі арқылы өтеді деп болжанып отыр.

Теңіз бағыттары - Ақтау порттары мен Каспийдегі басқа да порттарды (Махачкала, Баку) пайдалана отырып, әрі қарай Кавказ аймағына, Түркия мен Қара теңіз бассейніне жол ашылады. Оңтүстік бағыттар болса Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Иран территориясын басып өтіп, Парсы шығанағы арқылы Үнді Мұхитына шығуды қамтамасыз етпек.

Жібек жолы экономикалық белдеуі Қытайдың батыс аймақтарының үдемелі дамуын – ол жаққа жағалаудағы аймақтарда орналасқан өндіріс ошақтарын көшіру арқылы қамтамасыз етудің алғышарттарын қалыптастырады. Бұл кезде Қытайдың да, Орта Азия мемлекеттерінің де жанама өндірістері мен қызмет түрлері (логистикалық орталықтары, терминалдары) дамиды.

Сондай-ақ, геосаяси бағыт Қытайға өзінің «кіндік мемлекет» мансабын қайтарады. Сөйтіп, Қытай сыртқы әлеммен тек мұхит арқылы ғана емес, құрлық арқылы да байланысып, оның айналасында дамудың ортақ мәдени үлгісі қалыптасады.

Ал қауіпсіздік тұрғысынан - Жібек жолы экономикалық белдеуі экстремизм, терроризм және діни фундаментализм түріндегі қазіргі қауіптерге тиімді тосқауыл болмақ. Себебі, жоба қарқынды дамыған жағдайда аталмыш қатерлерді қалыптастыратын әлуеметтік алғышарттар әлсірейді және сәйкесінше қауіпсіздік инфрақұрылымның дамуына түрткі болады.

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер