BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мәмбет Қойгелдиев: Алаш бойымызға үміт пен сенім берген ұлттық идея

Алматыда «Алаш мұрасы және Қазақстан қоғамындағы рухани жаңғыру: сабақтастық мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл туралы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

1917 жылғы Алаш қозғалысының 100 жыл толуына және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне орай ұйымдастырылған алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал тарихшылар мен белгілі ғалым-зерттеушілер қатысты.

Мақсат – жаһандану жағдайындағы қоғамның рухани жаңғыру мәселесі мен Алаш мұрасы сабақтастығын айқындау және ұлт-азаттық қозғалысын ғылыми тұрғыдан нақтылау.

Жиын барысында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы рөлі жайында кеңінен әңгімеледі.

– Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Себебі, Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және үміт һәм сенім берген – ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті, – деді өз сөзінде Мәмбет Құлжабайұлы.

Сондай-ақ, ол бүгінде ұлт тарихына байланысты туындап отырған бірқатар мәселелерді де атап өтті.

– Алаш тақырыбына байланысты біздің елде екі ұстанымды байқауға болады. Яғни, қазақтың ұстанымы мақтайды, аспанға көтереді. Өзге ұстанымдағы топтағы кейбіреулер күні бүгінге дейін қаралауды қоймайды. Бұны қалай түсінеміз? Жалпы біз мектептерде болсын, жоғарғы оқу орындарында болсын, тарихты оқытуды дұрыс жолға қоя білуіміз қажет. Кезінде бұл бағытта бірқатар игілікті жұмыстар жасалды. Менің ойымша, осы тақілеттес шаралар әлі де жалғасын табуы керек. Неліктен мектептерде тарихты оқыту әлі де дұрыс жолға түспей келеді? Бұған кім кінәлі? Менің ойымша, мұнда кінә оқулықтарда да, оқытушыларда да бар. Біз тарихты оқытуды жаңа жолға қойып, тың сапаға көтеруіміз керек. Өйткені, Қазақстан тарихын идеологиялық пән деп таниды. Ал, идеологиясы жоқ мемлекет болмайды. Осы тұрғыда тарихшылардың атқаратын міндеті үлкен деп білемін, – деді М. Қойгелдиев.

Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков «Алаш» партиясының қоғамдық-саяси рөлі, Алашорда үкіметі мен Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясаты арасындағы идеялық бірлік пен сабақтастық мәселесі жайына назар аударды.

Сонымен қатар, басқосу барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев баяндама жасап, қазақтың мемлекет құру тәжірибесінің алғышарты мен мемлекетшілдік мүддесінің алтын арқауы болған Алаш қозғалысы туралы тың мәліметтерімен бөлісті.

Кеңес жұмысы «Алаш Орда және қазақ мемлекеттілігі мәселелері», «Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» және «Рухани жаңғыру жағдайында гуманитарлық білім беру ісін жетілдіру» атты бағыттар бойынша жүргізілді.

Жиын аясында Алаш қозғалысы тарихынан сыр шертетін кітап көрмесі ұйымдастырылып, келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығарылды.

– Алаш қозғалысы сияқты төл тарихымыздағы аса ірі оқиғаға қатысты мәселелердің барлығына шынайы, толымды әрі нақты баға берілуі қажет. Алаш Орданың ғибраты, қайраткерлеріміздің жүріп өткен жолы –тәуелсіз ел болған қазақ халқына тағылым болуы тиіс. Ұлт зиялыларының егемендік жолындағы күресінің салмағы мен бағасын ұғынған сайын біз бүгінгі күннің мән-мағынасын терең сезіне түсеміз. Бұл ең алдымен өскелең ұрпақ үшін, қазақ елінің өміршеңдігі үшін аса қажетті һәм міндетті қасиетті қадам болмақ, – дейді шара ұйымдастырушылары.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер