Тәуелсіз елдің жастары қазақ поэзиясына тың серпін әкелуі мүмкін – Қалқаман Сарин - Ақындар|02 Тамыз 2017, 18:30
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Тәуелсіз елдің жастары қазақ поэзиясына тың серпін әкелуі мүмкін – Қалқаман Сарин

Тәуелсіздік жылдарынан кейін өмірге келген жас ақындар арасында патриоттық тақырыпқа арналған мүшәйра өтеді. «Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!» және «Мәңгілік ел – мұратым!» атты тақырыппен мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіздікті жырлайтын байқауға 14 пен 29 жас аралығындағы қалам ұстаған жастар қатысып, 25 ақынның ең үздік өлеңі кітап болып баспадан шықпақ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ақын Қалқаман Сарин бұл жыр сайысы бүгінгі қазақ поэзиясына тың серпін әкелуі мүмкін дегенді айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қалам ұстаған қазақ қыз-жігіттерін қолдау көкейде жүрген ойлардың бірі еді. Жастарды отансүйгіштікке, елімізді, жерімізді, тәуелсіздігімізді жырлауға шақыру – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының аясында елімізде жүріп жатқан шаралардың бір парасы. Бұл жастардың кітап шығаруына, олардың шығармашылық тұрғыда шыңдалып, танылуына, өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік тудыратын байқау», - деген ақын Қалқаман Сарин жыр сайысының ерекшелігіне де тоқталды.

Қалқаман Айымғазыұлының айтуынша, бұл жолы тәуелсіздік туралы тың дүниелер өмірге келуі мүмкін. Тіпті, жастар бүгінгі қазақ поэзиясына тың серпін әкеледі деп сенім артуға да болады.

«Бұған дейін де рәміздерімізді жырлаған өлеңдеріміз жоқ деп айтпаймын. Белгілі бір дәрежеде зерттелді, зерделенді, әдебиетте де айтылды, жазылды. Ал, 25 жастағы қыз-жігіттердің осы тақырыпқа өлең арнауы заңды сияқты. Өйткені, осы тәуелсіз Қазақстанда туған, осы тәуелсіз Қазақстанның тарихында өмірге келген, тәуелсіз елде мектепке барып, сауат ашқан, әдебиет адамы ретінде қалыптасқан және қалыптасып келе жатқан жастардың осы тақырыпты жырлауы мен үшін өте қызықты. Бұған дейінгі патриоттық өлеңдерде аңсар арман, тарихымыздағы өкініш көп жырланды. Ал азат елдің ұрпақтарының мемлекеттік рәміздерге деген махаббаты, оны жырлауы ерекше болады деп ойлаймын. Жастар қазіргі қазақ поэзиясына тың серпін әкеледі деп сенемін, үміттенемін. Патриоттық тақырыптағы тың дүниелерді көре алатын боламыз», - дейді ақын.

Мүшәйраның әділ өтуі үшін бағалау барысы жабық түрде өтеді. Яғни, байқауға қатысушылар өлеңдерін бүркеншік атпен ұсынса, оларға қазылардың кім екені құпия болмақ.

«Байқаудың әділ өтуі үшін қазыларды құпия ұстаймыз. Қатысушылар да шығармаларын бүркеншік атпен ұсынатын болады. Әлеуметтік желіде дауыс беруге салмаймыз. Ақындарды бағалаудың бұндай түрлері бұған дейін болған. Онда «бармақ басты, көз қысты» болып кетуі әбден мүмкін. Сол үшін оған жол бермейміз», - дейді Қалқаман Сарин.

Айта кетейік, «Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!» және «Мәңгілік ел – мұратым!» тақырыбындағы Астана қалалық жас ақындар арасындағы мүшәйраға шығармалар 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында қабылданады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 200 000 теңге көлемінде болып, жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен және Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ақшалай сыйлығымен марапатталады. 1-орынға 1 адам (300 000 тг), 2-орынға 2 адам (200 000 тг), 3-орынға 3 адам (100 000 тг) және «Үздік ақын» номинациясы бойыша 4 адам (50 000 тг) белгіленіп отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер