Рухани жаңғыру Абайдан бастау алады - Ақындар|23 Тамыз 2017, 18:02
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Рухани жаңғыру Абайдан бастау алады

Фото: Абзал Қалиев

Бұл туралы бүгін Астана қаласындағы Абай ескерткішінің алдында ақынның туған күніне арналған «Абай әлемі және рухани жаңғыру» атты әдеби-сазды шара кезінде айтылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Шараға жиналған Астана қаласы әкімдігі мен министрлік өкілдері және зиялы қауым ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ақын Аманжол Әлтай арнау өлең айтып, «Серпер» домбырашылар тобы Абайдың күйін орындады. Ерлан Рысқали қатарлы дәстүрлі әншілер мен опера әншілері Абайдың әнін ашық аспан астында шырқады.

Шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, «Рухани жаңғыру» Абайдан бастау алады. Сондықтан Абайтану жұмысы бойынша қыруар жұмыстар жалғасты істелуі тиіс.

«Рухани жаңғырудың негізі Абайдан бастау алады. Сондықтан бүгін Абайдың рухани мектебін насихаттауға бағытталған іс-шара барысында ақынның әндері мен күйлері орындалып, өлеңдері мен қара сөздері оқылып жатыр. Астаналықтардың назарына кітап көрмесін де ұйымдастырдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біз тұлғатану бағытын таңдап алдық. Әрине, оның басында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев тұр. Рухани жаңғыру деген - тіл, рухани жаңғыру деген – Абай, рухани жаңғыру деген – Алаш. Сондықтан біз осы бағыттарды насихаттап халықтың, әсіресе, жастардың санасына сіңіру , жүрегіне жеткізу мақсатында кешенді жұмыстар істеп жатырмыз», - дейді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ержан Еңсебаев.

Жазушы Алдан Смайыл ұлы ақын шығармалары өз деңгейінде зерттелмей жатқандығын айтып, Абай мұрасының қазақ қоғамы үшін қашан да маңызды екеніне тоқталды.

«Абайды мектептен бастап оқытады, бірақ осының барлығы жеткілікті емес. Ұрпақтан ұрпақ алыстаған сайын Абайды түсіну қиындайды. Өйткені Абай таза қазақ ұғымында, таза қазақ тілінде жазған адам. Толғауы тоқсан теңеулерін, әрбір өлең жолдарының астарындағы қосымша ұғымдарды түсіну үшін Абайға үлкен дайындықпен келу керек. Әрбір оқушы, әр жас ондай дайындықпен келе алмайды ғой. Абайтану деген осыдан 15 жыл бұрын кітап шыққан. Сонда ғалымдар Абайдың тағылымын қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты. Мысалы, орыстың ұлы ақыны Пушкин туралы жазылған түсініктемелер, әрбір өлең жолдарын танытқан пайымдар сол Пушкиннің томдарынан әлдеқайда көп. Мысалы, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген екі жолға 200 жол түсінік жазуға болады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ойды Пушкиннен де оқыған жоқпын, Лермонтовтан да тапқан жоқпын, Гейнеден де, Гетеден де көргенім жоқ. Сонда анау Қарауылтөбеде жатқан Абай адамзатты сүй деп ұран тастады. Абайды оқытудың методикасы бөлек болуы керек. Бүкіл ұлттың тағдыры да, келбеті де, болашағы да соның ішінде. Сондықтан біз Абайды түсіндіруді қолға алуымыз керек», - дейді шараға келген, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет қайраткері Алдан Смайыл.

Фото: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер