Бүгін танымал ақын Серік Ақсұңқарұлы 67 жасқа толып отыр. 1950 жылы 29 наурызда Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылында дүниеге келген ақынды күллі қазақ жұрты асау жырлары арқылы жақсы біледі.


Бүгін танымал ақын Серік Ақсұңқарұлы 67 жасқа толып отыр. 1950 жылы 29 наурызда Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылында дүниеге келген ақынды күллі қазақ жұрты асау жырлары арқылы жақсы біледі.
1989 жылы ҚарМУ-ды бітірген.
1967-1974 жылдары туған ауылында шопан, 1974-1978 жылдарыАқтоғай ауданы «Арқа еңбеккері» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. 1978-1987 жылдары Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Коммунизм таңы» газетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі кызметін атқарды.
1987-1990 жылдары еркін шығармашылық жұмыста болды. 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының әдебиет жөніндегі кеңесшісі.
«Көктем тынысы» (1975), «Қарлығаш» (1981) жинақтарында бір топ өлеңдері жарық көрген. «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» (1984), «Ғасыр кардиограммасы» (1991) кітаптары, «Жезтасқын» (1988), «Қызыларай» (1990) «Адам-Ата - Хауа Ана» (2000) атты өлеңдер мен поэмалар топтамасы мен «Ұзаң», «Қара орман» атты жыр жинақтары да жарық көрген.
Орыс ақындары А.С. Пушкин, Анна Ахматова, М.Цветаева, Е.Евтушенко, А.Вознесенский, Р.Рождественский қатарлы ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Қасқырдың монологы
Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысым жүрем!
Қағынып…
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!
Шауып түсемін!
Күш ағысымды
Сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды
Ырзамын азу тісіме!
Қасқыр – бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан.
Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қорлық-қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі – бір дейді…
Рас па, қасқыр – бабалар?!
Өлексе үшін жұлысқан болсақ,
Өмірі бітпей кегіміз,
Иттермен бірге туысқан болсақ,
Не болды – ата тегіміз?!
Ала төбеттің астында қалар,
Күн туғаны ма ақыры…
Неге үндемейсіңдер, қасқыр-бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?!
Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді:
Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді,
Үрген иттердің дауысы…
* * *
Не ғажап бар Тәңірдің қуатындай:
Ұят берді – Ұлтымның Ұятындай!
Топыраққа керемет кие салды,
Бөкейханнан Әлихан туатындай!
Көкірекке көл қылып шер сіңірді
– Көз жасымен көйлегін жуатындай…
Иман берді – нәпсіні тыятындай,
Сабыр берді – ішінен тынатындай;
Тағдыр тартты – тар жол мен тайғақ кешіп,
Ақыл-есті абдырап жиятындай;
Далам қандай – бес бірдей Франция
Бебеулемей, беліме сиятындай!
Ар дарытты, аздырмас текті ірітіп,
Көк Бөрісі кеудемде кекті – ұлытып!
…Қалай Тәңірі осынша ұлы ұлысқа
Ұлттық сезім сыйлауды кетті ұмытып…
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!