BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әнім сен едің - Ақын Қасымхан Бегмановтың орындауында

Адам баласын түсініп болмайсың. Оның үстіне ақын болсаң... Жер бетінде ақылды адамдар көп қой. Олар неге ақын болмайды?! Себебі – себебі олар ақылды. Болды. Ал ақын ше?! Ақымақ па?! Кім?! Кейде жүйке-жұлының шыбынның ызыңын да көтере алмайтын бір хал болады. Кейде тіптен керісінше. Тағы бір сәттерде таңдайыңнан Тәңірінің Сөзі домалап, маңдайың жарқырап, алай-дүлей күй кешіп, тіпті өзің де түсіне бермейтін өлеңдер жазасың. Неге жазасың?! Білмейсің. Жазасың. Әрбір сөз санадан тысқары. Кім үшін жазасың?! Не үшін жазасың?! «Өзім үшін...», - дейсің... Жоқ. Біреуге оқып беруге асығасың... Неге?! Демек, өзің үшін емес. Жан үшін. Рух үшін. Оһо, бәлкім нәпсің үшін шығар...

Солай. Бәрінен жалыққанда, шаршағанда еш себепсіз өзіңмен өзің жалғыз айдалаға кетіп қалғың келетін сәттер болады. Дәл сондай сәттерде бір аңқылдақ ағаң немесе бір ақжүрек бауырың, я болмаса, дүние жанарына мүлде басқаша ракурспен қарайтын қырсықтау досың болса, онда – бақыттысың. Бір-екі айдың жүзі болды. Сондай көңіл-күймен жүргенде жүрегі әуенге айналған Алтынбай деген кісімен таныстым. Дәм тартты. Шаңырағынан дәм таттым. Алмагүл жеңгеміз құрақ ұшып қарсы алды. Бір жұптың екі сыңары да кәдімгі кіді қалыпқа сыймайтын, ерекше көңілі құлпырған, жан жыуы шалқыған жандар екен. Бір рақат күй кештім. Алтынбай ағамыздың отбасылық ансамблі бар екен. Оның атауы – «Алтын Алма». Неге олай аталғанын сұрамаппын. Атауының өзі отағасы Алтынбай мырза мен отанасы Алмагүл ханымның есімінен алынғаны шүбәсіз. Өзім солай ойлап отырмын. Солай болуға тиісті. Алтекең жайлы айтсам... Алтекең қойнауына күн ұялаған Мақтаарал өңірінде туып, естияр шағынан бері кешегі ақборанды Ақмола, бүгінгі Астананың қырық жылдан бергі байырғы тұрғыны атанған екен.

«Алтын Алма» – алтын көпір дедім. Руханият көпірі. Түйінді тарқатып айтайын: біріншіден, ансамбль – қазақ әуенін отбасылық үлгіде насихаттаудың алтын көпірі. Екіншіден, Алтынбай мырзаның отбасы – қазақтың небір жақсысы мен жайсаңын төріне оздырып, шығармашылық әлемінің алтын көпірі міндетін абыроймен атқарып жүрген әулет екен. Мұндайды қазақ: «би бол, би болмасаң – би түсетін үй бол» деп бата алған деп жатушы еді.

Ол – рас.

«Әу демейтін қазақ жоқ» деп тұжырып айтады, халқымыз. Бұл тұжырымға сайсақ, әсіресе, өнермен, шығармашылықпен айналысатын біздер айта алмасақ та әнге жуықпыз.

Дүние ойдан шығады,

Өзімді-өзім ұмытып,

Көңілім әнді ұғады,

Жүрегім бойды жылытып, - деп хакім Абай айтқанындай, мынау күйкі тірліктің бар күйбеңін, шарадай бастағы барша шарауаның қамын бір сәтке шығарып тастап әнге көңіл билету қандай тамаша десеңізші. Алтекеңнің мұрағатында қазақтың белгілі ақыны Қасымхан Бегмановтың «Алтын Алма» ансамблімен бірге осындай бір қалып-күйді бастан кешіп, беріле ән салып тұрған бейнежазбасы бар екен. Қалап, қолқалап, сұрап алдым. Порталға жариялағым келді.

Осы жерде тағы да қазақтың бас ақынының:

Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,

Тақтысына билесін ол құлаққа, - дейтін жолдары ойымызға оралды. Жалпы, ән дегеннің өзі осылайша, әр пенденің көңілінің көлеңкесі болған соң, кейде сол көлеңкеге оңаша беймарал саялағың келетіні де бар ғой. Тіпті өлең-сазды оңашада шаршау басатын хоббиі түрінде көретін, ал сол әуесінің өзі сахнада, эфирде алаулатып-жалаулатып жүргендердің шынайы тырашынан әлдеқайда кемерінен асып, үстем түсіп жатса да, жарқ еткізіп жарыққа шығармай кеткен таланттардың көлеңкедегі өнері қаншама десеңізші...

Ендеше, алаштың қайсар рухты Қасымхан шайырының «Алтын Алмамен» бірігіп салған әнін де осындай өзі үшін салған көңіл көлеңкесі деп білейік. Тіпті, «Әдебиет порталында» шығармашыл тұлғалардың қарапайым адам ретіндегі осындай өмірін көрсететін жоба бастасақ деген де ой қылаң беріп қалды. Мінеки, мархаббат, көріңіз, тыңдаңыз. Барлығы жан әлемі үшін ғой...

Құрметпен, Бауыржан Қарағызұлы

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер