Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын-жазушы Айыпберген Балтабайұлының «Сырласу мен мұңдасу» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл ақынның адам өмірінен сыр шертіп, адамгершілікті дәріптейтін поэзияның рубаи, бәйіт стилімен жазған төртінші кітабы. Автор әдебиеттің бұл саласы Қазақстанда қатты дамымағанын айтады.
Поэзия жанры бойынша бұған дейін 15 кітабын шығарған ақын «Уа, Дариға-ай», «Алтын бесік», «Туған жер» сияқты жинақтарын рубаи, бәйіт стилімен жазған. Поэзияның бұл бөлімін Шығыстың ғұлама ғалымдары Әбу Әли Ибн Сина, Омар Хайям, Баласағұн , Фирдоуси, Низами, Науаи қолданған.

– «Сырласу мен мұңдасу» поэзиямен жазылған он бесінші кітабым. Мен Омар Хайям бабамыздың қолданған рубаи, бәйітке бас ұрып, поэзияның осы түрін жазып жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Бұған жақсылық пен жамандықты, әділетсіздік пен әділдікті, қараңғылық пен жарықты салыстырмалы түрде жазатын шығармалар жатады,-дейді автор Айыпберген Балтабайұлы.
Тұсаукесерде сөз алған қоғам қайраткері Ирак Елекеев ақын шығармашылығын жоғары бағалап, аудармашылық бағыттағы жұмыстарын да атап өтті.
- Ақынның екі түрі болады, бірі - тума ақын, екншісі - мамандықта туындаған ақын. Ал Айыпберген тума ақын. Өйткені, «құрылысшы» мамандығын бітіріп, өзге салада жұмыс жасаған ол ақындықты жанына серік тұтқан. Ол немістің ұлы ақыны Гетені қазақша да сөйлеткен талантты аудармашы, - деді Ирак Елекеев.
Айыпберген Балтабайұлы - ақын, жазушы, аудармашы. Әлем халықтары жазушыларының, ҚР Журналистер одағының мүшесі. Неміс халқының ұлы ақыны И.В.Гетенің 100-ден аса өлеңдерімен қоса «Рейнеке түлкі» дастанын, Шығыстың ғұлама философ ақыны Омар Хайямның 294 рубаиларын қазақ тіліне аударған ақын-аудармашы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!