BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Торпедо» көш бастады

24-қарашада сырт айдындардағы ойындарға аттанған жерлестеріміз бұл сапардан табысты оралды. Буллит бойынша «Сарыарқаға» есе жіберіп алған соң, келесі төрт кездесуін жеңіспен аяқтады. 3:1 есебімен «Ариаданы», 6:3 есебімен «Саровты», 1:0 есебімен «Барсты» ұтқан өскемендіктер 4-желтоқсанда «Нефтяникпен» (Альметьевск) күш сынасты.

Бұл ойынға тоқталмай тұрып, 2-желтоқсандағы «Барспен» кездесу туралы аз-кем айтып өтсек.. Татарстанның бас командасы «Ақбарстың» фармклубында кілең жастар ойнайды. Өте шапшаң, шебер қорғана, ұйымдаса шабуылдай білетін «Барс» жігіттерімен ойын өте тартысты болды. Ойын ережесі де жиі бұзылды. Алғашқы екі кезеңде торпедошы Максим Юшков қана үш рет айып орындығына аттанды. Екі жақтың да шабуылдары нәтижесіз аяқталды. Ал есеп тек 50-минутте ашылды. Қорғаушылардың пасын тиімді пайдаланған Никита Михайлис «Торпедоны» алға шығарды да, жеңіске жеткізді.

«Нефтяник» - мықты команда. «Торпедодан» сан рет айласын асырған. Соңғы ойын да өскемендіктер үшін сәтсіз басталды. Кездесудің екінші минутында торпедошы Кирилл Путилов ойын ережесін бұзып, екі минутқа айыпталды. Небәрі 33 секундта айдын иелері сан басымдылығын пайдаланып, есеп ашты. Кезеңнің 17-минутында «Торпедо» тағы бір ойыншысыз қалды. «Нефтяник» бұл жолы да кешірмеді. Есеп 2:0.

Кездесудің екінші кезеңінде ойын 180 градусқа өзгерді. Төрт минутқа жетпейтін уақытта «Торпедо» айдын иелерінің есін шығарып жіберді. Бірінен соң бірі ұйымдастырылған тегеурінді шабуылдар нәтижесінде Максим Юшков, Константин Турукин, Владимир Коротков «Нефтяник» қақпасына үш шайба соғып, қарсыласын есеңгіретіп тастады. Ойынның аяқталуына жеті минут қалғанда, төрешілер бірден екі өскемендікті ойыннан аластады. Бұл «Нефтяник» үшін өте қолайлы сәт еді. Алайда, бұл мүмкіндікті де пайдалана алмады.

«Торпедо» сырт алаңдардан он үш ұпаймен оралды. Командамыз бүгінде жарыс кестесінде бірінші орында тұр. 62 ұпайы бар. ТХК-ның да ұпай саны осындай. Бірақ кездесу нәтижесі бойынша біздің команда алға шықты. «Торпедо» келесі кездесуінде Өскеменде «Дизельмен» күш сынасады. Ал ТХК бұған дейін үш ойын өткізеді. Сондықтан бірінші орынға қайтадан орнығары сөзсіз.

Ж.Әбенов.

didar-gazeti.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер