BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мен үшін Қазақстанда допинг дауына іліккен спортшылар Чемпион болып қала береді

«Мойындаймын, Нұрбақыт сияқты талантты, еңбекқор, ақылды, парасатты балуандар көп емес. Қабілеті жағынан Теңізбаевты мен тек Бақтияр Байсейітовқа теңер едім. Үнемі аңқылдап жүретін мінезінен бір айнымайды», – деген-ді бас бапкер Таңат Сағындықов бүгінгі кейіпкеріміз жайында. Расымен де, Олимпиаданың медалі Нұрбақыт Молдахметұлының өмірін өзгерткенімен, өзін өзгерте алмады. Кішіпейілдігімен дүйім жұртқа сыйлы қазақ балуанымен аз- кем әңгіме өрбіткен едік.

АЛАТАУ: Әңгімені алғаш спортқа бет бұрған кезіңізден бастасақ...

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Біздің уақытта күрес деген ауыл балалары ойынының бір түрі болатын. Сабақтан қайтқанда жол бойы бір- бірімізбен күресіп өзара мықтыны анықтайтынбыз. Ал, спортпен жүйелі түрде 5-сыныптан бастап қолға алдым. Қазір сол бала күнімдегі сүйікті ойыным өмірлік мамандығыма айналды.

АЛАТАУ: Жеңіске жетуіңіздің сыры неде?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Жеңіске жету үшін, біріншіден білекпен бірге миды да жаттықтыру қажет. Екіншіден, адам өзі таңдаған спорт түріне, оның болашағына деген сенімі мығым болуы тиіс. Егер, спортшының өз таңдауына деген махаббаты болмаса одан жеңіс биігі алыстай түседі. Ең бастысы өзің таңдаған спорттың шын фонаты болуың керек. Сондай-ақ, жеңіс тұғырына көтерілуде білімнің маңызы өте зор. Осындайда: «Кәсіби спорт ол интелектердің соғысы. Егер спортшының білімі таяз болса, ол «Спорт шебері» деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін. Ал, спортшы білімді болса, мықтылардыың қатарында еніп, әлемдік деңгейде өнер көрсетері хақ», – деген бір бапкердің сөзі есіме түседі. Қалай десек те, әр жеңіс маңдай тер мен мұқалмас жігері арқылы келеді.

АЛАТАУ: Жалпы, елдегі спорттың барысын қалай бағалайсыз, соның ішінде біздің облысқа тоқталсаңыз?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Елімізде спортқа айрықша ден қойылуда. Мемлекет қолдауының арқасында жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Бұған төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының көрсеткіштерін айта кетсек болады. Сонымен қатар, қарапайым халықтың спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Соңғы жылдары әсіресе, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға мән беріліп, мектеп оқушысынан бастап спортқа баулу жұмыстары кеңінен қолға алынды. Ал, облыс көлеміне келетін болсақ, «Алматы облысын – Қазақстанның спорттық Астанасы» дер едім. Бұл әрине менің жеке пікірім. Бұлай деуіме негіз де жоқ емес. Облыс орталығының инфраструктурасының өзі спортшыларға лайықталған. Халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу мүмкіндігі бар спорт кешендер бар. Сондай-ақ, келем деушілерге әрдайым есігі ашық. Міне, осындай үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында облыс спортшылары бокс, күрес, ауыр атлетика, волейбол спорт түрлерінен алдыңғы қатарда өнер көрсетіп келеді. Аталған спорт түрлерінен Ұлттық құраманың сапында әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың басым бөлігі де жетісулықтар. Алматы қаласында өтетін конфедерация кубогінің финалын бірнеше жыл қатарынан ұтқан да біздің жерлестеріміз. Биыл тағы финалға шығып отырмыз.

АЛАТАУ: Бұрындары күреспейтін қазақ баласы жоқ-ты. Ал, қазіргі жастардың күреске деген ынтасы қалай?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Бүгінгі күні күрестің жетістігі көп насихатталмайды. Тіптен, халық бұл спортта қазіргі мықты балуандарды білмейді де. Сондықтан да күрес түрлері сәл бәсеңдегендей көрінуі мүмкін, алайда, бұл жастардың күреске деген ынтасын төмендеткен жоқ. Қай жаттығу залына барсаңыз да зал толы жас балуандарды көреміз. Біздің тұста күрес секциясы ақылы болатын. Ал, қазір тегін, тіптен, келем деушілерге есіктері айқара ашық. Осы орайда, аталған спорт түрін және жетістіктерін кеңінен насихаттауға бұқаралық ақпарат құралдары да біркісідей атсалысса деймін.

АЛАТАУ: Ауыл қарадомалақтарын спортқа баулу мәселесі жиі айтылғанмен нәтижелі жұмыс жүргізілуде дей алмаймыз. Бұл туралы сіз не дейсіз?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Дұрыс айтасыз. Ауыл спортын дамыту мәселесі мінберлерде көтерілгенмен, нақты іске келгенде ауыз аша алмаудамыз. Ауыл спорты бар, жаттықтырушылар да жоқ емес. Ондағы жас спортшылар түрлі спорттық секцияларға қатысады. Бірақ, әрі қарай даму жоқтың қасы. Яғни, облыстық, республикалық, тіптен, алыс-жуық елдерде өтіп жатқан жарыстарға қатысу жағы кемшін. Осындай бәсекелерде ауыл қарадомалақтары бағын сынап көрсе, олардың спорттағы жолы айқындалып, жеңіске деген сенімі нығая түсер еді. Бұл жерде таяқтың бір ұшы ата- аналарға тиеді. Ата-ана баласының сабақ үлгерімін өз бақылауына алғаны сияқты, оның айналысатын спортына да сол деңгейде мән берулері және мүмкіндік жаратулары керек. Көптеген ауыл балаларының айтатын уәжі де осы. Осы тұста, ата-аналардың балаларына моральдық және қаржылай қолдауы қажет-ақ.

АЛАТАУ: Олимпиадалық бәсекелерде қазақ балуандарының бәсі неге төмен?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Олим- пиадаға баратын балуандар олар өз елінің ең мықты деген балуандары. Неге дейсіз ғой, Олимпиада ойындары алдында лицензияны ұтып алу қажет. Ал, лицензияға екінің бірі иелік ете алмайды. Енді ойланыңыз, Олимпиада медальдары әлемдегі кіл мықтылардың арасында сарапқа салынады. Бұл жерде бұрыңғы Олимпиада және Әлем чемпиондары да ұтылып қалатын кездер жиі болады. Спортта жеңіс пен жеңіліс бірге жүреді. Және жеңіліс қашанда жетім сияқты. Тек алдағы уақытта өткеннен сабақ алуымыз керек.

АЛАТАУ: Бұл жерде кінәні кімнен іздеген жөн, ұлттық құрама бапкерінен бе, әлде, балуандарымыздан ба?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Кінәні ешкімнен де іздемеймін. Бұл жерде жаттықтырушыларды немесе балуандарды сөгуге болмайды. Егер адамның ойындағыдай бәрі оңтайлы болатын болса, онда бізде әлем және Олимпиада чемпиондары көп болатын еді. Күрес ережелері өз кезегінде өзгеріске ұшырап жатады, балуандар сол өзгерістерге тез бейімделу қажет. Сол үшін күрес жаттықтырушысынан бөлек жаттықтырушылар штабында талдау жасайтын аналитик мамандар керек. Яғни, жылдамдыққа, күшке күресіп болғаннан кейін келесі белдесуде тез қалпына келтірілу бойынша арнайы жаттығушылар болғандығы жөн. Сонда ғана, біздің спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде олимпиадаға екінші-үшінші рет қатысып, жүлдесіз оралғандар жайы дау туғызды. Тіптен, елімізде олардан асатын мықты балуан болмағаны ма деген пікірлер де көбейді. Жоғарыда атап өткенімдей Олимпиадаға тек лицензияны ұтқан мықтылар ғана барады. Сондықтан да мықты қалып, орнына әлсіз кетті деу жаңсақ пікір. Олимпиада ойындарына қанша рет қатыспасын, лицензияны кім ұтса, сол барады. Бұл жерде жас мөлшері де маңызды емес. Мәселен, 3 дүркін Олимпиада чемпионы аса ауыр салмақта кубалық Нуне Лопес 34 жаста, жерлесіміз Гузель Манюрованы алып қараңыз 38 жаста. Риодан күміс медальмен оралды. Мұндай мысалдар көп.

АЛАТАУ: Допинг - батырға балаған оғландарына деген спорт жанкүйерлерінің сенімін сейілтті. Бұл туралы не дейсіз?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Жалпы бүгінгі таңда халық неге сонша жыл өткен соң допинг сынамалары оң нәтиже көрсетіп жатқанын түсінбей дал. Халықаралық ережеге сәйкес Олимпиада ойындары спортшыларынан алынған қан сынамаларын 10 жылға дейін тексеруге болады екен. Яғни, регламент бойынша 10 жылдағы сынамаларды тексере береді. Мен үшін Қазақстанда допинг дауына іліккен спортшылар Чемпион болып қала береді. Олар өз уақытында есімдерін тарихқа қалдырды. Бүгінгі күні үкімет чемпиондарымызға қолдау білдіруде. Бұл шараларды мен толығымен қолдаймын және спорттағы достарыммен қашанда тілегім бір. Бүгін біз өз чемпиондарымыздың қасынан табылуымыз керек.

АЛАТАУ: Спортшыға басшылық қызмет қиындық тудырмады ма?

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ: Бейжіңге аттанарда бұл Олимпиада мен үшін қатысушы ретінде соңғы Олимпиада боларын іштей түйіндедім. Алла сәтін салып сол жолы қола медалға қол жеткіздім. Бұл менің спорттағы ең биік жетістігім. Одан кейін маған облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің тізгіні ұсынылды. Қазір осында өңіріміздің ең үздік спортшыларын жинап, Ұлттық құрамаға дайындаймыз. Мектебімізде 306 спортшы болса, оның бесеуі «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шеберлері», елуге жуығы «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері», жүзге тарта «Спорт шебері» бар.

Әңгімелескен Құрмания НҮСІПБАЙ

Өмірдерек

Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев 1983 жылы 10 сәуірде Алматы облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. Спортшы, нұсқаушы. Грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы (Стамбул, 2003), Әлем кубогының күміс жүлдегері (Иран, 2005), Азия чемпионатының қола жүлдегері (Ухань, 2005), Олимпиада ойындарының 60 келіге дейінгі салмақтағы қола жүлдегері (Пекин, 2008). Грек- рим күресінен халықаралық санаттағы спорт шебері. «Құрмет» орденінің иегері. Талдықорған қаласының Құрметті азаматы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер