BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Еркін күрес бойынша өткен турнир

Қарашаның 4 және 5 жұлдызында Тайынша қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасөспірімдер арасында Тайынша ауданы әкімінің жүлдесіне еркін күрестен ашық турнир өтті. Қыркүйек айында ғана қолданысқа берілген жаңа білім ордасы, №5 қазақ орта мектебі шеттен келген спорт саңлақтарын қарсы алды.

Мектептің сәулетті де кең спорт залы көрермендер мен ойынға қатысушыларға лық толды. Жалпы Тайынша ауданын қоса есептегенде 12 команда турнирге қатысты. Астана, Көкшетау, Щучье, Петропавл қалаларымен бірге Айыртау, Ақжар, Бурабай, Зеренді, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов аудандарынан келген палуандар өздерінің бақтарын сынап бақты. Жарыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Дегенмен, ойыншылардың көпшілігі жақсы дайындықпен келген. Әсіресе, Уәлихан, Айыртау аудандарынан келген ойыншы жасөспірімдер күрестен өз біліктіліктерін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Бұл күрес турнирінде біздің тайыншалықтар да ерекше белсенділік көрсетті. Турнирдің бірінші күнгі ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Медет Дулатұлы Оспанов: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Мемлекетіміздегі азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты тармағында» және кезекті Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттілігі көрсетілген. Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді еліміз осы бағытта жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты, дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылғанын», - айта келіп, әрбір ойынға қатысушыға сәттілік тіледі. Келесі сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша еркін күрестен аға жаттықтырушы С.А.Аманов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы М.Ж.Жармағамбетов ойынға қатысушыларға спорттың осы түріне, жалпы саламатты өмір салтын сақтау барысында өздерінің ойларын айта келіп, ойында сәттілік тіледі.

Аудан орталығында өткен еркін күрестің турнирі өте жоғары деңгейде, асқан ұйымшылдықпен өтті. Екі күнге созылған күрес турнирінің жеңімпаздары анықталып, ойын өз мәресіне жетті. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне аудан әкімі Иманслям Ержан Иманслямұлы өзі қатысып, ойыншылар алдында сөз алды.

- Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен қолдап, насихаттау, еркін күресті өскелең ұрпаққа дәріптеу, жас спортшылардың шеберлігін көтермелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында достықты нығайту, егеменді еліміздің мықты палуандарын дайындауға бағытталды. Бұл іс-шара көптеген жастарымыздың спортқа деген қызығушылығын арттыра түскендігі айқын. Егемен елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ десек, олардың білімді де білікті, жоғары мәдениетті, парасат-пайымы мол, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына байланысты. Сондықтан да білім саласын қазіргі заманның ұрпағын тәрбиелеуші орта ретінде оқушылардың бойына арнайы адамгершілік және мәдениеттілік құзіреттіліктерін қалыптастыру мен жандандыру күн тәртібіндегі басты мәселе. Азаматтың дені сау болуы салауатты өмір сүруді қалыптастырумен тікелей байланысты, яғни салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі. Осы ретте, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін осындай іс-шаралардың маңызы зор, - деп ең кішкентай 23, 25, 27, 29 салмақтағы жасөспірімдерге жеңіс кубогы мен Құрмет грамотасын табыс етті. Кейін аудан әкімі ойынды ұйымдастырушылар мен бапкер-жаттықтырушыларға ерекше алғыс білдіріп, үнемі жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілек білдірді.

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ, «Тайынша таңы».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер