BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ЖӘРМЕҢКЕ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ

Қарағандыда ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналғалы да біраз уақыт болып қалды. Жәрмеңкенің елге берер пайдасы мол. Әуелі шаруаның өнімін өткізуіне мүмкіндік береді. Ал қаладағылар азық-түлікті базар бағасынан әлденеше есе арзанға сатып ала алады. Әйтсе де бұл жәрмеңкелердің кемшіліктері де бар. Ол санитарлық талаптың дұрыс сақталмауында.

Қазыбек би ауданының Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары қала әкімдігінің жанындағы Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ырысалы Сартбаевпен кездесіп, осы мәселенің жайын талқыға салды. – Ауылшаруашылығы өнімдерін саудалаушы кәсіпкерлердің эпидемиялық ауруларды тарату мүмкіндігі төмен. Ондай қауіп жоқ десек те болады. Әйтсе де олар бізді өздерінің жұмыстарымен толық ақпараттандырып отыруы тиіс. Сол кезде ғана біз лайықты бақылау орната аламыз, – дейді Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының өкілдері. Олардың жәрмеңкенің жайына алаңдайтын өзіндік себептері бар. Тексеру барысында саудаға салынған сүт өнімдерінің тоңазытқышта сақталмайтыны анықталған.

Ал жаздың ыстығында сүт өнімдері тез бұзылып кететіндіктен, тұтынушылардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондай-ақ жәрмеңкелерде ет шабатын арнайы орындар жоқ. Ет өнімдері жерге төселген полиэтиленнің үстінде шабылады. Яғни санитарлық талапқа сай емес. Десе де, Ырысалы Сартбаев алаңдауға еш себеп жоғын алға тартуда. Оның айтуынша, жәрмеңкеге әкелінген өнімдер таңғы сағат 8:00- де саудаға шығарылып, күн қызғанша сатылып кетеді. Яғни олардың бүлініп кету қаупі тым төмен. Бірақ Ауылшаруашылығы бөлімі басшысының бұл уәжі Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының өкілдерін қанағаттандыра алмады. Олар аталған кемшіліктерді тез арада жою бағытында тиісті шаралардың қолға алынуын талап етуде ■


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер