BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлы өзендегі ғасыр құрылысы

2014 жылдың 20 қыркүйегі сырдариялықтардың есінде мәңгі сақталған күн. Өйткені, бұл күні жарты ғасырдан бері аудан халқының арманы болған Сырдария өзенінің Тереңөзек кенті тұсынан салынған көпір пайдалануға берілді. Мұсылман әлемінде мектеп, жол, мешіт, көпір салу, құдық қазу сауапты іс саналса, орындалған арман ғасыр құрылысына айналды.

Негізінен, Сырдария өзенінің 1280 шақырымы облыс аумағында жатыр. Оның бойында 270 елді-мекен орналасқан. Бұл сырбойылықтардың 90 пайыздан астамы. Ұлы өзеннің бойында осыншама халықты бір-бірімен жалғайтын 4 көпір (Қызылорда, Жаңақорған, Жалағаш, Жосалы) облыс тұрғындарына қызмет етіп келеді. Ал аудан халқының ұзақ уақыт күткен Тереңөзек тұсынан көпір салу мәселесі ең өзекті еді. Мұны ел ағалары, халық қалаулылары республикалық деңгейде көтеріп, оның шешілуіне атсалысты. Атап айтқанда, осы өңірдің тумасы, сол кездерде Парламент Мәжілісінің депутаты болған Ж.Асанов Премьер-Министрге үш рет депутаттық сауал жолдап, тереңөзектік ақсақалдардың сәлемін жеткізіп, қаржысының шешілуіне ықпал жасады. Соның нәтижесінде, ауданға көпір салуға қажетті қаржы үш жылдық мерзімге қаралды. Яғни, 2009 жылдан бастап республикалық бюджетті жоспарлау үстінде көпір салуға бөлінген қаржы 2012-2014 жылдарды қамтыды. Оның жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрады. Осылайша, 2012 жылы көптен күткен көпірдің алғашқы қадасы қадалды. Оның құрылыс жұмыстарын мамандандырылған «Мостоотряд-25» ЖШС жүргізді.

Тиісті қаржының дер кезінде бөлінуін және құрылыс сапасының жоғары талапқа сай жүргізілуін, сондай-ақ құрылыстың уақытында аяқталуын облыс әкімі Қ.Көшербаев өз бақылауында ұстады. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан және аудандық «Нұр Отан» партиясы жанынан партиялық бақылау бекеті құрылып, нысанның сапалы салынуы жіті қадағаланды. Нәтижесінде, Ұлы өзеннің бойында аудан тынысына ауадай қажет көпір құрылысы 2014 жылдың 20 қыркүйегінде қолданысқа беріліп, аудан халқы ғасыр жобасының ашылуына куә болды, зор қуанышқа кенелді. Бұл көпір салынбай тұрғанда жұрт аудан орталығына Қызылорда немесе Жалағаш арқылы айналып қатынады. Кей кездері да- риядан қалқымалы көпірмен өтіп жүрді. Жазда қайықпен өтсе, қыста мұздың үстімен жүрді. Бұл қауіпті екені белгілі. Ал ел мен елді жалғайтын көпір ашылғанда сырдариялықтардың қуанышында шек болған жоқ.

Бұл ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына да айтарлықтай серпін берді. Сондықтан арманның орындалуына атсалысқан жандарға аудан халқының алғысы шексіз. Дарияға үлкен көпір салынғаннан соң ауданда игі істер одан әрі жалғасын тапты. Кент орталығындағы «Әйтек», «Майжарма», «Айтбай арық» каналдарындағы көпірлер жөнделіп, сауапты жұмыстар жасалды. Атап айтқанда, «Әйтек» каналындағы кенттің басты жолының көпірі жаңаланды, жаяу жүргіншілерге арналып көпір салынды. Өткен жылы «Айтбай арық» каналына жаяу жүргіншілерге арналған көпір қойылды. Ал «Майжарма» каналының Б.Момышұлы көшесі тұсынан автокөлікке және жаяу жүргіншілерге екі бірдей көпір орнатылды. Бұл да кент тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешуде елеулі рөл атқаратын жол болды. Ел егемендігінің ширек ғасырлық мерейлі мерекесі қарсаңында ол арман да орындалды. Мұның бәрі айналып келгенде егемендіктің арқасында мүмкін болды және Тәуелсіздіктің баға жетпес жемісі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер