BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қорғалуы керек нысан көп

Адамзат өркениеті жасаған тарихи ескерткіштердің ең көлемділерінің бірі – Ұлы Жібек жолы. Біздің дәуірімізден бұрын­ғы ІІ ғасырдан басталған бұл жол Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасын жалғастырғын көпір болған. Аспан асты елінен басталған жол Шығыс Түркістан мен Қашғар арқылы Жетісуға, содан Сырдарияны жағалап, Арал маңынан әрі қарай Батыс елде­ріне өткен. Бір кездегі әлемдік өркениеттің дамуына өз үлесін қосқан жолдың бойындағы қала­лар бүгінде еліміздің ғана емес, адамзаттың ортақ мұрасы ретінде назар аударуды қажет етіп отыр. Осы мақсатта Қызыл­ордада ЮНЕСКО-ның дүние­жүзілік мәдени мұра тізіміне «Жібек жолы: Ферғана-Сырда­рия дәлізі» сериялық транс­шекаралық номинациясы бойынша номинациялық құжаттама дайындау жөніндегі сараптамалық кездесу өтті.

Жібек жолы шығыс пен батыс арасындағы экономикалық, мәдени ауыс-түйіс адамзаттың материялдық мәдениетін байытты. Шығыс пен батыстағы халықтар Жібек жолы арқылы сыртқы мәдениетті қабылдап, бұрынғыдан да салауатты мәдениет жарата алды. Жібек жолы тек сауда жолы болып қана қалмастан, дүние жүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты. Сондықтан әлемдік қауымдастық назарын Жібек жолының өркендеуіне өзіндік ықпалы бар Сыр бойы қалала­рына аудартуда үлкен бетбұрыс болған кездесуде кеңінен талқыланған мәселелер де өзекті.

Кездесуге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республика­сы Ұлттық комиссиясының Бас хат­шысы Әсел Өтегенова мен дүниежүзілік мәдени мұра орталығының өкілі, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секциясының бағдарламалық маманы Лин Роланд, сондай-ақ Қытай, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан­дағы ЮНЕСКО-ның ресми өкілдері, облыс әкімдігінің ғылыми-әдістемелік кеңес мүшелері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универси­тетінің ғалымдары қатысты.

Сыр елі – тарихи өлке. Мұнда әлем­дік мәдени мұралар қатарынан ойып тұрып орын алатын, уақытында сақтар­дың астанасы болған Шірік-Рабат, оғыз тайпаларының орталығы Жанкент, Дешті Қыпшақтың мәдени орталығы Жанқала(Жент) секілді қалалармен қатар, Баланды, Бәбіш молла, Кескен-күйік қала, Жанкент, Сығанақ секілді қала-қоныстар бар. Сонымен қатар, Құрайлы-асар, Алтын-асар, Бидайық-асар, Кіші Қосасар мен Томпақ-асар тәрізді тарихи орындар да белгілі. Қатысушылармен танысу мен кездесуге тән рәсімдер кезегінен соң сөз алып, осы тараптағы өңіріміз мүдделі мәселелерге алдымен тоқталған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев:

- Қазақстан 1992 жылдан бері ЮНЕСКО ұйымына мүше болып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстан бойынша ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген Жібек жолының Сырдария аумағын­дағы 16 ескерткіштің 8-і Қызылорда аймағына тиесілі. Олар - Сығанақ, Жан­қала (Жент), Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш молла, Жетіасар оазисі ескерткіші және Баланды қоны­сы. Біздің облыста құрылған тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пай­далану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес тарихи мұраларды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс нәтижелерінің ғылыми маңыздылығын арттыру бойын­ша жобаларды үйлестіреді және жүзеге асырады. ЮНЕСКО-ның бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне жоғарыда аталған Қызылорда облысы аумағын­дағы ескерткіштерді енгізу үшін 2014 жылдан бастап облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде – деді.

Ал бұл тараптағы беделді ұйымның жұмысының алға басуы үшін жергілікті билікпен әріптестіктің маңызды екендігін айтқан ЮНЕСКО-ның дүние­жүзілік мәдени мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секциясының бағдарламалық маманы Лин Роланд:

- Әлем бойынша қорғалуы керек нысан көп десек, ұлттық және халық­аралық деңгейде ЮНЕСКО мұралары қатарынан саналатын Орта Азия нысан­дарын номинациялау өте маңызды. Өзімізше шамалап көрсек, Жібек жолы аумағы 16 млн. шаршы километрге созылып жатқан тарихи ескерткіштер тізбегі. Осы аумақ­ты қорғауда облыс үшін алдымен инфрақұрылым, өндіріс және тауар тасы­малдау секілді негізгі категория­ларға сүйену тиімді болмақ. Облыстағы біз назарға алып отырған нысандарды бүкіл әлемге таныстырып, олардың артық­шылығы мен ерекше­ліктерін айқындап, осы жерде ұлы өркениет болғандығын барлығына нақты, дәлелді және ұғынықты етіп түсіндіре алу керек. Бұл бірлескен жұмысты керек етеді – деді.

Сонымен қатар, «Жібек жолы» сериялық трансшекаралық Дүниежүзілік мұралар номина­циясы жөніндегі үйлестіру комитеті жанындағы Қазақстан Республикасының өкілі Байпақов Карл Молдахметұлы:

- Бұл басқосуға халықаралық ұйымның Ұлыбритания, Франция, Жапо­ния, Бельгия елдерінің халықаралық сарапшылары мен Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен өкілдер қатысып отыр. Негізінен, «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» жобасы негізінде Тәжікстан, Қырғызстан, Өз­бекстан және біздің елдегі ескі қалалар зерттеледі. Ұлы Жібек жолы – Қытай жерінен басталып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен жолы. Бұл жолдың басым бөлігі Орталық Азия мен Қазақстан жерінің үстімен өтеді. Әсіресе Сырдария өзенінің бойын­да орналасқан қалалар көп болған. Сараптамалық кездесуге ұсынылған 16 ескерткіштің тең жартысы Қызылорда облысының аумағында. Осы ретте соңғы 5 жылда елімізде үлкен қозға­лыс бар екендігін ерекше атап өткім келеді. Көптеген қалалардың орны табылды. Мәселен, Арал теңізінің табанында да бір замандары адамдар тіршілік еткендігі анықталып отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыра түсуіміз қажет. Жалпы Тәуелсіздік жылдарын­дағы жұмыстарды жоғары бағалауға болады – деді.

Мұнан әрі сараптамалық кездесу мақсатымен танысқан қатысушылар халықаралық сарапшы Воякин Дмитрий Алексеевичтің тақырыпқа қатысты баяндамасынан кездесу өзек еткен жайттарды талқылады. Яғни, «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациясының басқару және жалпы басшылық принциптері, номинациялық құжаттаманың соңғы нұсқасын дайын­дау жөніндегі жұмысшы тобының және хатшылықтың құрамын бекіту секілді негізгі мәселелер мен номинацияға ұсынылған құрамдас ескерткіштерге ішкі талдау, ескерткіштер тізімі жайлы ішкі сараптама секілді түйткілдер сараланды.

Сараптамалық кездесуге қатысу­шылар әлем мәдениеті үшін Сырдария-Ферғана дәлізінің маңыздылығын талқылап, бүкіләлемдік мұралар орта­лығына номинациялық құжаттарды жеткізу күнін белгіледі.

Б.САТЖАНОВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер