BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Емдеу-сауықтыру орталығы ашылды

Өңірімізде жеке кәсіппен айналысып, оны өрбітіп отырған азаматтар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл дегеніміз - Елбасы Жолдауында көрсетілген шағын және орта бизнестің дамуына халық болып қолдау көрсетіп, оның нәтижелі жүзеге асуына атсалысып жатқандығының дәлелі. Соның жарқын көрінісі өткен аптада Шу қаласында «Силуэт» емдеу-сауықтыру орталығының ашылуы болды (суретте). Аты айтып тұрғандай, адам денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға қызмет көрсететін орталық тек табыс табу үшін емес, халыққа пайдасын тигізу үшін ашылып отырғаны белгілі. Орталық Бауыржан Сәмбеков пен оның жұбайы, жеке кәсіпкер, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Дариға Әлмұханбетованың отбасылық кәсібіне айналмақшы. Бұған дейін де кәсіппен айналып келген бұл отбасының кәсібі бүгінде ұлғаюда.

Ашылу салтанатында қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері шағын сазды бағдарлама ұйымдастырды. Қазығы өткен жылы қағылған орталық бір жыл уақыт ішінде аяқталып, қазір келушілерге қызмет көрсетуге даяр. Мұндағы су жаңа құрылғылардың барлығы шетелден және өз елімізден әкелінген. Екі қабатты ғимарат ішінде емдеу мен сауықтырудың бірнеше түрі жүргізіледі. Атап айтқанда, тісті емдеудің барлық техникасын осы жерден жасатуға мүмкіндік бар. Яғни, емделуші тісін жұлдырып, салдырып, түзете алады. Сондай-ақ, денені шынықтырудан бөлек, жүрек ауруларының алдын алуға, бұлшықеттерді нығайтуға арналған спорттық заманауи құрылғылар бар. Мысалы, жүгіру жолағы жүректің дұрыс соғуына, тиімді жұмыс жасауына көмектессе, эллептикалық жаттықтыру құралдары табан мен тобық арасындағы, иық пен шынтақ арасындағы, тағы да басқа бұлшықеттерді нығайтып, қалыпқа келтіруге үлкен септігін тигізеді. Бұлар ер адамдармен қатар, әйел адамдарға да қызмет көрсете алады. Келушілер үшін жуыну бөлмесі мен күту залдары да қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда қыз-келіншектерге арналған сұлулық салоны бар. Оның ішінде шаштараз, қол мен аяқтың тырнақтарын сәндеу, бет-әлпетті бояу, массаж жасау сынды сан түрлі қызмет түрлері ұсынылады. Барлығында жоғары дәрежелі білімі бар арнайы мамандар жұмыс жасайды. Жалпы алғанда 25 шақты адам жұмыспен қамтылмақшы. Бұдан бөлек, лабороториялық жұмыстар да жасалынады. Қалалық кәсіпкерлер палатасы жер рәсімдеу бойынша және басқа да кедергілердің алдын алуға кеңес береді. Арзан әрі сапалы қызмет көрсетілетін орталыққа алдағы уақытта келушілердің қарасы қалың болатыны сөзсіз.

Б.ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ. Сурет автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер