BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Берешегіңіз болса, жылу күтпеңіз...

Сенбі, 24 қыркүйек күні Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов шаһардың оң жақ жағалауындағы Жамақаев көшесі, 219 және 219 «А» мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесті. Қазір аталмыш үйдегі тұрғындардың «Теплоком- мунэнерго» мекемесінің алдындағы жылуға қарызы 2 млн. 744 мың теңге. Қыс болса қыр астында, ал тұрғындардың қарыздарын жабуға асығатын түрлері жоқ.

Белгілі болғандай, Жамақаев көшесі, 219 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдегі 56 пәтердің ішінен 25 абоненттің жылуға берешегі 994 981 теңгені құрапты. Ал Жамақаев көшесі, 219 «А» көп қабатты тұрғын үйдегі 58 пәтердің 25 абоненті жылуға 1 млн. теңгенің үстінде қаразы бар. Бұған қоса осы маңдағы Қабанбай Батыр көшесі, 164, 166 мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үй иелерінің жылу берешегі 800 мың теңгеге жуықтаған. Егер де аталмыш аудан тұрғындары коммуналдық қызмет ақысын дер кезінде өтемесе, онда олар жылудан ажыратылуы ықтимал екендігін атап өтті құзырлы орган мамандары. Мұндағы тұрғындардың дені пәтер жалдаушылар болғандықтан, мәселенің бәрі пәтерді жалға берушілерде болып тұр дейді жиналғандар. Сонымен қатар Жамақаев көшесіндегі қос үйде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мүлдем жоқ екені анық болды. Ал бұл жердің санитарлық келбеті көрген көзге айтпаса да түсінікті. Күл-қоқысқа толы балалар алаңқайы – бұл осы ауданның бүгінгі көрінісі. Ойын алаңы демекші, мұндағы белтемірге ойын баласы түгіл, ересектердің өзі жақындауға жүрексінеді. Десе де тұрғындардың басты базынасы жылудың қыруар қарызы болып тұр. Енді берешекке белшеден батқан бұқара мәселенің түйінін тарқатуды қала билігінен сұрауда. Кездесу барысында тиісті ақпаратқа қанық болған шаһар басшысы күрмеулі мәселені кешенді түрде шешу керектігін жеткізіп, борышкерлерге қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

- Бұл қаламыз бойынша ең проблемалы аудандардың бірі болып саналады. Ал жылу, өздеріңіз білетіндей, дәл уақытында берілді. Бүгін біз олармен кездесіп, өзіміздің ұстанымымызды білдірдік. Жалпы, Семейдің жылуға берешегі 1 млрд. 38 млн. теңге көлемінде болған. Көктемнен бері осы бағыттағы жұмысты ширата түсуіміздің нәтижесінде бұл көрсеткіш біршама азайды. Алайда сол қарыздың біраз бөлігі осы аудандағы тұрғын үйлерге тиесілі. Тұрғындар қарызын мақсатты түрде төлемей, биыл да, әдеттегідей, жылуға дер кезінде қосылатындықтарына сенімді болса, онда олар қатты қателеседі. Біз халыққа нақты жеткіздік. Егер коммуналды қызметтердің берешегі өтелсе, барлығы ойдағыдай болады. Олай болмаған жағдайда, жылу қуаты берілмейді. Кездесу кезінде, жылудан бөлек, тұрмыстық қалдықтар мен ауданның санитарлық тазалығына қатысты көптеген сұрақтар көтерілді. Ол бойынша жергілікті полицияны және өзге де жауапты органдарды бұл жұмыстарға қосуды көздеп отырмыз. Бір жұмадан кейін атқарылған істерді бағамдайтын боламыз,- деп нақтылады Ермак Бидахметұлы.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИҰЛЫ,

«Семей таңы»


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер