BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жол тазалығы бақылауда

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов әкім орынбасарлары, дербес салалық бөлімдер мен мердігер ұйымдардың қатысуымен қаланы қардан тазалау мәселесі бойынша арнайы жиын өткізді. Шаһарда қараша айының басында бір айлық көлемдегі қар жауып, қаланың коммуналдық қызметінің жұмысына түзету енгізген еді. Тек соңғы бір тәулікте жиырма сантиметрден артық қар жауған. Қазгидрометтің мәліметінше, қар мен боранды күндер қараша айының 18-не дейін сақталмақ. Сондай-ақ ауа температурасы 25 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Бүгінгі күні Семей қаласына жауған қар көлемі 17 см-ді құрап отыр.

Жиын барысында аталған салаға жауапты қызмет жетекшілері атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Қала басшысы өз сөзінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қар тазалау жұмыстарына жауапты мердігер ұйымдарға бақылау жүргізбейтінін айтып, аталған бөлімнің жұмысын сынға алды. Бұл ретте қала басшысы ауа райы болжамы бойынша алдын ала көп қардың жауатыны белгілі болғанын және осыған сай қосымша техника дайындауға болатынын атап өтті. Сондай-ақ қысқы және жазғы маусымда жолдарды күтіп ұстауға бюджет қаржысы дұрыс бөлінбеген, салдары артық шығынға алып келгенін де назарға алды.

«Семей» коммуналдық кәсіпорнында 4 грейдер бар, алайда қаланы қардан тазалау жұмыстарын толық жүргізу үшін 12 грейдер қажет. Осы орайда қала басшысы «Гордорстрой» ЖШС мен «ЦАРП» мекемелерінен қосымша техника тартуды тапсырды. Қала әкімі сондай-ақ жергілікті полиция қызметімен байланыс жоқтығын да атап өтті. Өйткені жол бойына қойылған автокөліктер өз кезегінде жолдарды тазалауға кедергі келтіреді. Осыған орай, қала әкімі тазалайтын көшелерді алдын ала бекітіп, жол бойында бірде-бір көліктің болмауы үшін жол-патрульдік қызметіне хабарлауды тапсырды. Бұл орайда әкім жеке аулалардағы қарды көшеге немесе жүргіншілер жолына шығару фактілерін анықтауда жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып жұмыс жасау керектігін атап өтті.

Сонымен қатар Ермак Бидахметұлы арнайы техниканың Орталық алаңды тазалауға көп бөлінетінін айтып, алдағы уақытта алаңда тек жаяу жүргіншілер жолын тазалап, қалған бос техникаларды қаланың басқа аумақтарына жіберуді жүктеді. Орын алған жағдайға байланысты шаһар басшысы коммуналдық қызметке бірнеше ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеуді, сондай-ақ қала мен ауылдық жерлердегі жолдарға мониторинг жүргізуді тапсырды.

Мәселен, 12 қарашада «Семей» көгалдандыру және көркейту МКК мен «Озон» мердігер мекемесі екі ауысымда жұмыс істеп, оған 4 грейдер, сыпырғышы бар қар тазалайтын 9 бірлік техника, щеткасы бар МТЗ-82 – 4 бірлік техника, қар шығаратын 7 жүк машинасы және 95 жұмысшы тартылған. Осы ретте 11 мен 12 қараша аралығында 930 текше метр қар шығарылған. Барлық аумаққа жол ашылған, жабық жолдар жоқ. Жол қозғалысына кедергі келтірмеу мақсатында ауыр техникалар түнгі уақытта сағат 22.00 мен 05.00 аралығында жұмыс істейді.

12-нен 13 қарашаға қараған түні қар тазалау жұмыстары Дулатов (Жұмабаев көшесінен Елемесов көшесіне дейін), Қабанбай батыр көшесінде (Қаржаубайұлы көшесінен Елемесов көшесіне дейін), оң және сол жағалаулардағы айналма жолдарда, Селевина (Әуезов даңғылынан Рыкова көшесіне дейін), Бозтаев (сол жағалаудағы айналма жолдан Титов көшесіне дейін), Абай (жаңа көпірден Елемесов көшесіне дейін) көшелерінде жүргізілді. Аталған жұмыстар тәулік бойы атқарылуда.

Жолдардағы уақытша туындаған қиындықтарға байланысты қала тұрғындарын түсіністікпен қарауға шақырамыз. Аталған мәселе бақылауға алынған және белгіленген мерзім ішінде өз шешімін таппақ.

Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер