ЖЫЛУ БЕРУГЕ ДАЙЫНБЫЗ БА? - Мезгіл мәселесі|15 Қыркүйек 2016, 16:45
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

ЖЫЛУ БЕРУГЕ ДАЙЫНБЫЗ БА?

Жыл сайын қазан айының алғашқы жартысы өтісімен жылу беру науқаны сынды жауапты кезеңге аяқ басатынымыз белгілі. Жаз бойғы қысқа дайындық жұмыстарының қаншалықты дәрежеде жүргізілгенін де жария қылатын бұл кезеңнің жүгі қашанда жеңіл болмайтыны аян.

Рас, бір кездердегідей тонналап қатты отын мен сұйық отынды жеткізіп алу сияқты машақаты мол тірліктен «көгілдір отын» құтқарғанымен, аяқты кеңге салуды қош көрмейтін шақ бұл. Өйткені, ауыл-ауылдардағы балабақшалар мен мектептердегі тәрбие мен білім беру ісінің ақсамауы, округ әкімдіктерінен бастап мәдениет, денсаулық сақтау салалары ғимараттарындағы жүйелі жұмыс, бір сөзбен айтқанда, бәрі-бәрі осы жылуға тәуелді. Жауапты шаққа тұп-тура бір ай уақыт қалғандағы оған дайындығымыз қай деңгейде, қыс келгенде қапылып қалмаймыз ба деген сауалдарды көлденең ұстаған біз тиісті мекемелер басшыларына хабарластық.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елдос Дүйсеновтің айтуынша, дайындық бірқалыпты көрінеді. Соңғы рет тамыздың 22-сінде аудан әкімінің орынбасары, қысқа дайындық жөніндегі аудандық штабтың төрағасы Артур Қуанышкереевтің жетекшілігімен өткен штаб мәжілісінде де осы жайт әңгіме өзегі болған, тиісті мекемелер басшыларына тапсырмалар берілген. Тамыздың 26-сында штаб төрағасының өзінің қатысуымен жылу қазандықтары араланып, тексерілген. Қазіргі уақытта аудандағы мемлекеттік мекемелер бойынша барлығы 114 жылыту қазандығы болса, оның біреуінен басқасы дайын тұр. Ал 9-ына қосалқы қазандық қою жүзеге асқан. Бөлім басшысы мәлімдегендей, жылыту қазандықтары операторларын дайындау - әрбір мекеменің өз жауапкершілігіндегі іс. Сондай-ақ аудандағы әлі де қатты, сұйық отындар пайдаланылатын 3 жылу қазандығына қажетті отындар жеткізіліп алынған.

Әрине, жылыту маусымының өз мәнінде өтуі алдымен табиғи газ отынының үзіліссіз жеткізіліп тұруына байланысты екендігін де естен шығаруға болмайды. «ҚазТрансГазаймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы мекемесі басшысы Жеңіс-бек Қабиев біздің осы тұрғыдағы сауалымызға орай қысқа дайындық барысында бұл жағдайдың мұқият ескерілгенін айтады. Мәселен, «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральды газ құбырынан ауданның Аққыстау, Тұщықұдық және Х.Ерғалиев ауылдарына «көгілдір отын» жеткізетін «Тұщықұдық АГТС»-іне (автоматты газ тарату стансысы) дейінгі аралықтағы 7 километрден астам желінің жабынды топырағы биіктетілген. Бұл өз кезегінде анабір жылдардағыдай газ отынының құбыр бойында қатып қалмауының қамы екенін айтады басшы. Сондай-ақ аудан аумағындағы барлығы 408 километрді құрайтын газ желілерінің, 270-тен астам «ГТШ»-ның (газ тарату шкабы) талапқа сай жұмыс жасауына бақылау-тексерулер жүруде. Білгеніміздей, аудан бойынша алғанда жекелеген тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарды, басқаларын қосқанда жүздеген жылыту қазандықтары жұмыс жасайды екен. Олардың барлығының да қысқы уақытқа дайындығын тексеру, сақтық шараларын бірінші кезекке қою турасындағы түсінік жұмыстары қолға алынған. –Жалпы айтқанда, газ жеткізуде кідіріске жол берілмейді деп отырмыз,-дейді Ж.Қабиев.

Иә, жылу беру науқанының басталуына аз ғана уақыт қалды. Кей жылдары ауа райының күрт суытуы сияқты табиғаттың тосын мінезі жауапты науқанның әдеттегіден ертерек басталып кетуіне себепші болып жататынын ескерсек, дайындықты пысықтаңқырайтын кез осы.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР.

Суретті түсірген

Ә.ШАРАПИДЕНОВ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер