Қысқа дайын емес үйлер де бар - Мезгіл мәселесі|03 Қараша 2016, 10:54
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қысқа дайын емес үйлер де бар

Семейде қарызбен күрес әлі де жалғасуда. Қарызға батқан тұрғындарға түрлі амалдар қолданылуда. Жиырма күннің ішінде жылу үшін 100 млн. теңгеге жуық қарыз қайтарылды.

«Жылукоммунэнерго» мекемесіне тұрғындар мен заңды тұлғалар 250 млн. теңге қарыз. Бұл күндері Семейде учаскелік полицейлер, коммуналдық мекеме қызметкерлері және сот орындаушылар осылайша күнделікті рейдке шығады.

Қаладағы Физкультурная көшесіндегі 15-інші үй әлі жылусыз отыр. Бірақ бұл үйдің проблемасы қарызда емес, қыс маусымына уақтылы дайындалмағандығында болып тұр. 80 пәтерлі үлкен үйдегі температура 15 градустан көтерілмейді. Тұрғындар амалдың жоғынан электр құрылғыларын пайдалануға мәжбүр.

-Үй суық, бөлменің ішінде отыра алмаймыз, -дейді тұрғын Шынар Қарамұрзина, -балаларды туыстарымызға апарып тастадық. Электрмен жұмыс істейтін жылытқыш радиаторлармен ғана жан сақтаудамыз. Балаларымыз суық тиіп ауырып та қалды.

Осы үй тұратындаының айтуынша, жекеменшік пәтер иелері кооперативі ішкі жөндеу жұмыстарын кеш бастаған. Ол үшін тұрғындардан 12 мың теңгеден ақша жинаған. Бірақ бұдан ешқандай нәтежие шықпаған. Семей қалалық тұрғын коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Ә.Төкішеваның келтірген мәліметі бойынша, бұл үйдің құбырлары жылу қабылдауға дайын емес. «Бұл туралы КСК-ның төрағаларына жазда ескертілген. Қысқа ертерек қамдану керектігін айтқанбыз, - дейді ол. - Басқа төрағаны дер кезінде сайламаған тұрғындардың өздері кінәлі. Сондықтан үйдің ескірген жылу жүйесі дер кезінде ауыстырылмай қалды».

Осылайша, тұрғындар мен жергілікті кооператив арасындағы келіспеушіліктен проблема туындап отыр. Және бұл жаңғыз осы 80 пәтерлі үйге ғана қатысты емес. Семейде бұндай үйлер баршылық. ТҮКШ бөліміндегілердің айтуынша, қысқы маусымға дайындықтары туралы төлқұжат жылу құбырларының барлығы ауыстырылғанда ғана қабылданады.

Сондай-ақ, қарызы бар үйлер де жылу көзінен ажыратылады. Бұл жылудың үйге уақтылы берілмеуінің бір себебі. Осы берешек мәселесне байланысты 18 заңды тұлға орталық жүйеден ажыратылған. Кәсіпорынға берешегі көп борышкерлермен күрес күнделікті жүріп жатыр. Қарызға белшеден батқан тұрғындарға түрлі әдістер қолданылуда. Біріне қарызын шұғыл аралықта төлеу туралы тапсырма берілсе, екіншісіне дүние-мүлкін тәркілеу жөнінде сот шешімі шыққан. Кейбірінің кәріз жүйелері бітелген.

-Сот шешімімен есіктерді алу әдісі тиімділігін көрсетті. Осындай ескерту алған 25 пәтер иесі бірден қарыздарын төлеп тастады. Қазір бірнеше мобильді топтар жұмыс істеуде. Ал жылудан ажыратылған 45 пәтер әлі де берешегін төлейтін емес. Қатты аязға дейін олардың уақыты бар, -дейді «Жылукоммунэнерго» мекемесінің мамандары.

Кейбір пәтерлердің қарызы 350 мың теңгеге жеткен. Осы қарызға орай, жалпы құны 130 млн. теңге болатын, 2 мыңнан астам іспен жеке сот орындаушылары бұл күндері қауырт жұмыс істеуде.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

didar-gazeti.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер