BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қараша халық өміріне қандай өзгеріс әкеледі?

2014 жылдың қарашасы. Аймағымыздың басшысы ауысты деген сөзді естігендер жаңалықты әр алуан көңіл-күймен қабылдады.Бірі дәл экономикалық дағдарыс есік қағып тұрған шақта басшылықтың ауысқаны қалай болар екен, өткелде ат ауыстырған дұрыс па деп қобалжыса, енді бір топ Даниал Ахметовтің басшылықтың республикалық деңгейдегі әр алуан сатыларынан өткен тәжірибесі мол маман, мықты экономист екендігін айтып, болашаққа жағымды жорамалдар жасап жатты. Сонымен, Даниал Ахметовтің Шығыс Қазақстанға басшылыққа тағайындалғанына да екі жыл болыпты. 2014 жылдың қараша айынан аймағымызға басшылық жасаған уақыт қараша халық өміріне қандай өзгеріс әкелді?

Нұрлан Бәтташұлы Сыдықов, Жарма ауданының әкімі

Даниал Кенжетайұлы Шығыс Қазақстан облысы әкімі лауазымына кіріскен екі жылдың ішінде еліміздің өнеркәсіп пен өндірісті өлкесінің өрісін арттыруда көп еңбек етуде. Тың бастамалар да табысты, өз жемісін беріп келеді деуге негіз бар.

Даниал Ахметовтің басшылығымен көптеген кезегін күткен күрмеуі қиын мәселелер кезеңмен оң шешімін тауып келеді. Бұл ретте соңғы бірнеше жыл шегеріліп келген Қалбатау-Семей тас жолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған 34 шақырым жол бөлігі (жалпы құны 3,2 млрд. теңге) мен өңірдің суармалы жерлерінің бастауы болып отырған Шар су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарына (жалпы құны 1,6 млрд теңге) бүгінде Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, бөлініп отыр. Осылайша, көпшілік үшін аса маңызды екі күрделі мәселе өз шешімін тапты.

Облыс әкімі Жарма ауданына үлкен сеніммен қарайды. Аудан әкімі лауазымына тағайындаған алғашқы күннен бастап өңірде өндірістің үлесін арттыру жөнінде нақты талап қойды. Яғни, кенді Қалба сілемін халық игілігіне жарату жайы - әкім назарындағы мәселелердің бірі. Бүгінгі күнде тау-кен саласының да аудандағы үлесі артып, бүгін ауыл шаруашылығы саласымен қатарласып отыр. Қазіргі таңда аудан аумағында «Қызыл», «Ақжал», «Бөке-Васильевское», сол сияқты тағы басқа жобалар кезең-кезеңмен табысты жүзеге асырылып келеді. Айта кетерлігі, үстіміздегі жыл ішінде өңірге тек қана тау-кен саласына 27 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл өндірістің үлес салмағының артып келе жатқандығын байқатады.

Ауданның негізгі қозғаушы күшіне айналатын «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-ның жалпы жұмыс жағдайы мен тыныс – тіршілігі облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Тек үстіміздегі жылдың ішінде аймақ басшысы үш рет арнайы жұмыс сапарымен кәсіпорында болып, алтын игеруге күш салып жатқан кәсіпорынның жұмыс барысымен та- нысты.

Ширек ғасырлық тарихы бар тәуелсіз еліміздің негізгі бір парасы болып табылатын шығыс өңірінің Даниал Кенжетайұлының басшылығымен бағын-дырар биіктері мол болатындығына сенімдімін.

Даниал Ахметов басшылыққа тағайындалған шақта, аймағымызда жұмысы басталып, аяқталмай тұрған сақалды құрылыстар көп болғандығы белгілі. Жаңа қызметке кіріскен басшы осы сақалды құрылыстарды аяқтап, халық игілігіне беруді мықтап қолға алды. Мемлекеттік тапсырыс алып, қаржыны игеруде жауапсыздық танытқан мердігерлерге шара қолдану аймақ басшысының бақылауында болды. Осындай көп жылдар тұрып қалған 118 құрылыс нысаны соңғы екі жылда аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында 6 жыл бойы құрылысы аяқталмаған қан орталығы, 11 мектеп, 4 балалар бақшасы, 9 ауылдық дәрігерлік амбулатория бар. Соңғы екі жыл ішінде жалпы саны 24 білім беру мекемесінің құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде апат жағыдайындағы 19 мектеп жаңа ғимаратқа ауыстырылып, үш кезекте оқу азайтылды. 5 мектепке дейінгі мекеме іске қосылды. Үстіміздегі жылы облыс орталығында 200 орынға арналған қалалық балалар ауруханасының құрылысы басталды.

Аймағымызда сүт өндіру жұмысы алғашқы күннен қолға алынып, мүйізді ірі қара санын көбейту жобасы жасалды. 37 тауарлы - сүт фермаларының және 36 сүт қабылдау пункттерін ашу бағытында кешенді жоспар жасалды. Аймақ халқын таза азық-түлікпен қамтамасыз етумен бірге, тұрғындардың қолда бар малынан алатын сүтін қажетке жарату арқылы әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытындағы бұл қадам да жемісін бере бастады. Бүгінгі таңда 30 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, 32 сүт қабыл-дау пункт жұмыс істеп тұр. Жоспардағы 11,0 тоннаның орнына 11,2 мың тонна сүт жиналыпты.

ТАЛҒАТ АҚПЕКОВ, «Арыстанбек-Үржар» ЖШС басшысы, үржар ауданы

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің сүт өндірісін дамыту үшін сүт-тауарлы фермалары мен қабылдау пункттерін ашу жөніндегі кешенді тапсырмасына орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 12 млн. теңге несие алып, Ресейден қондырғылар әкелдік.

Қарамойыл, Жанай, Ақжар, Үржар ауылдарының тұрғындарынан тәулігіне 1 тонна сүт қабылдаймыз. Бұрын күнделікті саудалайтын орталық таба алмай, ақыры құрт, май жасап, ара-тұра базар, жәрмеңкелерге шығаратын тұрғындар сүтке сұраныс табылғандығы үшін қуанышты. Тіпті өріс көлемін арттырып, сүтті мал басын көбейтуді жоспарлап отырғандары да бар.

Екіншіден, 10 ауылдасымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жұмыссыз-дықты қысқарту жолында тұрғындардың еңбекпен қамтылуы теңізге құйған тамшыдай болса да қолдау екендігі сөзсіз.

Үшіншіден, қазіргі таңда аудан тұрғындарының игілігі үшін 14 түрлі сүт өнімдерін шығарамыз. Атап айтсақ, майлылығы бойынша сүттің үш түрін, дайындалу әдісі бойынша бес түрін, айран, кілегей, қаймақ, ірімшік, қатық, балмұздақ, қайнатылған және қайнатылмаған құрт сынды өнімдерді ауданның мектептеріне, екі аурухана мен бір әлеуметтік медициналық орталыққа, бес балабақшаға, балалар үйіне келісімшарт бойынша жеткіземіз. Жаз маусымында Алакөл жағалауындағы демалушылар да «Арыстанбек-Үржардың» өнімдерін пайдаланады. Көктем, жаз айларында өндіріс көлемі екі есеге артады. Алдағы уақытта ісімізді кеңейтсек, өнім көлемін бірнеше есеге арттырсақ, жұмысшылар санын көбейтсек деген мақсат бар.

Шындығына келгенде, сүт-тауарлы фермасының ашылуы мал шаруашылығы ата кәсіп болып табылатын біздің ауданымыз үшін өте тиімді болды. Шикізат тапшылығы жоқ, керісінше, шаруалардың сүті саудаланып, халық жұмыспен қамтылып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында несие де берілді. Осы істің бастамашысы болған Даниал Кенжетайұлына айтар алғысымыз шексіз.

Инвесторлар тарту арқылы аймақ экономикасын көтеру жұмысы жандана бастады. Әсіресе 2016-2020 жылдар аралығында ет және ет өнімдерін өндіру жұмысына бағытталған ірі жоспарлар жасалды. Олардың арасында Аягөз ауданындағы жылына 11,5 мың тонна ет беретіндей қуаты бар мал сою цехы, 50 мың бас қой мен 1000 бас мүйізді ірі қараны бір уақытта ұстап тұруға мүмкіндігі бар «Еуразия Агро Холдинг» ЖШС жобасы, Көкпектідегі 3 мың бас мүйізді ірі қараны бордақылап, жылына 6 мың тоннаға дейін ет өндіру мүмкіндігі бар «Елімай - Көкпекті» ЖШС құрылысы және Үржар ауданында жылына 30 мың тонна құс етін өндіру мүмкіндігі болатын құс фабрикасының құрылысы жоспарланып отыр.

Аймақ басшысының бастамасымен және «Парыз» қорының қолдауымен облыс орталығында 100 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернат құрылысы аяқталуға жақын.

Жастардың спортпен айналысуларына жағдай жасау және баулу - Даниал Кенжетайұлының назарындағы мәселелердің бірі. Қаржыландыру қиындығынан айқайы көп аяқ доп айналысындағы мәселе шешіліп, Өскеменнің «Восток» және Семейдің «Спартак» командалары «Алтай» болып бірікті. Жаңа маусымдағы жетістіктері де жаман емес. Команда келер маусымда Премьер-лигада ойнайды. «Алтай» волейбол клубы да биік белестерді бағындырып жүр. Семейде дарынды балаларға арналған 200 орындық спорттық мектеп интернат, күрес және жекпе-жек залы пайдалануға берілді.Облысымызда жоғары спорттық шеберлік мектебі ашылды. Облыс басшысының тапсырмасымен алыс аудандардағы жалпы білім беретін барлық мектептер жанынан арнайы спорттық секциялар ашыла бастады.

Даниал Кенжетайұлының тапсырмасымен Катонқарағай ауданындағы Берелде ашылған аспан асты мұражайы - теңдесі жоқ археологиялық құндылығы бар кешен. Аймағымыздағы археологиялық қазба жұмыстарын дамыту ісі де облыс әкімінің назарындағы мәселелердің бірі. Келешекте туризмді дамыту бағытындағы қосымша бағдарламаларға негіз болатын Катонқарағайдағы Берел, Зайсандағы Шілікті, Абайдағы Қырықүңгір, Аягөздегі Қырықоба, Тарбағатайдағы Елеке сазы сияқты қорымдарды келешекте ЮНЕСКО-ның тізіміне кіргізу де жоспарда бар.

Даниал Кенжетайұлы аймағымызға басшылыққа келгеннен бергі атқарылған жұмыстардың тағы бір ауқымдысы - автокөлік жолдарының жақсара бастауы. 2015 жылы 27,5 шақырым жол 2,3 млрд. теңгеге жөнделсе, орташа жөндеу жұмысы 91 шақырымға жасалды. Ағым-дағы жылы облыстық және аудандық деңгейдегі 221 шақырым жол жөндеуден өтті. Әсіресе бұрын жаз мезгілінде Сібе, Алакөл көлдеріне барып демалушылар үшін қиындығы көп жол жақсарды.

Денсаулық сақтау саласы - Даниал Кенже-тайұлының ерекше назарындағы салалардың бірі. Халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында 100 жедел жәрдем және реанимация автокөліктері сатылып алынды.Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін 1,5 млрд. теңгеге медициналық қондырғылар сатылып алынды.

Тұрғын үй құрылыстары көптеп қолға алынып, жұмыссыздықты азайту барысында да жасалған оңды қадамдар аз емес. Шығыс Қазақстан облысын басқарған екі жыл уақыттың ішінде Даниал Кенжетайұлы аймақтың ажарын ашып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Жалпы, әкімнің көзге көрінетін ісі халыққа жасаған тікелей қамқорлықтан басталады.

Көп жылдар бойы жұмысы тоқтап, тұралап қалған құрылыстар халық игілігіне түгел дерлік берілді.

Әр елді мекенде тауарлы - сүт фермаларын құру арқылы жұмыссыздықты азайтуға ықпал етті. Халықты таза азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылды. Сүт қабылдау пункттері ашылып, тұрғындар өз өнімдерін өткеретін мүмкіндіктерге ие болды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар халықтың мұқтажын шешті. Сан жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдар жөнделді.

Қ.ҚАСЕНОВ, «Мәуліт» шаруа қожалығының төрағасы, Тарбағатай ауданы

Өңір басшысы Даниал Кенжетайұлы Тарбағатай жеріне үш рет ат басын бұрды. Әр келген сапары, онда көтерілген мәселелер, соған байланысты атқарылған игілікті істер, нақты нәтижелер халықтың есінде, ұмытылмайды.

Мысалы, облыс басшысы алғашқыда осы өңірге Аягөз – Ақсуат тас жолы арқылы автокөлікпен келді. Қарапайым халық: «Облыс әкімі бұл жолмен бекер жүрген жоқ. Құдай қаласа, бір жақсылық болып қалар»,- деп топшылаған. Халық айтса, қалт айтпайды. Шындығында солай болды. Көп кешікпей Аягөз бен Тарбағатайды байланыстыратын жолды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Нәтиже күткендегідей.

Даниал Кенжетайұлы ауданымызға екінші рет келгенде Тұғыл және Байтоғас ауылы балықшыларымен кездесіп, Зайсан көлінің жағасын ғұмыр бойы мекендеп, ырыздығын сол көлден балық аулау арқылы тауып отырған қарапайым жандардың көп жылдан бері шешілмей келе жатқан проблемасының түйінін шешіп берді. Мұнда адал еңбек етемін деген әр азамат өз жерінің, өз ісінің шынайы қожайынына айналды.

Дамуымыздың даңғыл жолы болып табылатын реформаларды жүзеге асыру жөнінде Елбасымыз белгілеп берген 100 нақты қадам міндеттерін, соған орай облыс басшысы Д.Ахметовтің тапсырмаларын жүзеге асыруда біздің Тарбағатай ауданында да біршама игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Соның дәлелі ретінде ауданымыздың облыстағы асыл тұқымды малы ең көп аудан екендігін, шаруашылықтарды техникамен жарақтандыруда алдыңғы орында келе жатқанын, суармалы жерлерді игеруде тың бастамаларды көтеріп отырғанын айтуға болады. Осының өзі облыс басшысының алыстағы ауылдарға ұдайы көңіл бөліп, тиісті тапсырмалар беріп, оның орындалуын талап ету арқылы ерекше ықпал етіп отыруының жемісі деп білемін.

Аймақтың алыс-жақын өңірлерін тынымсыз аралап, кем-кетікті түзеді, халықты рухтандырды.

ӘЗ-ЖӘНІБЕК ТОҚТАУБАЙҰЛЫ, Зайсан ауданы әкімдігінің «Жастар

орталығы» КММ-нің маманы

Облысымыздың экономикасын дұрыс жолға қойып, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруда облыс әкімі Даниал Ахметовтің атқарып жатқан жұмыстары халық көңілінен шығуда.

Зайсан ауданының өзінде соңғы екі жылда біршама істер атқарылды. Әрине, бұл істеліп жатқан жұмыстардың бәрі облыс әкімінің қолдауы мен сенімінің арқасында деп білемін. Соның маңыздысы - ауданымыздағы көгілдір отынның ел игілігіне жарауында Даниал Кенжетайұлының ықпалы зор. Бүгінгі күндері Зайсан қаласының басым бөлігі көгілдір отынмен жылыту жүйесіне қосылған. Ал Қарабұлақ, Қаратал, Айнабұлақ ауылдарында толықтай газ тарту жүйесі жүргізіліп болған. Облыс әкімінің атқарып жатқан ісі осыдан-ақ көрініс табуда. Даниал Ахметовтің қазақ тарихының жанашырларының бірі екеніне Шілікті қорғанынан табылған «Алтын адамға» және де 40-тан аса обаларға облыс бюджетінен қаражат бөліп, тарихи мұраларымыздың таңбалануына ерекше маңыз беріп отырғандығы да бір айғақ болса керек. Келешекте аудан орталығынан шалғай жатқан Шілікті ауылының жолы күрделі жөндеуден өтіп, жарық тартылып, «Алтын адам» табылған елді мекен аспан асты мұражайы ретінде әлемнің туристерін тартатын ғажайып мекенге айналатын күн де алыс емес деп ойлаймыз. Міне, бұл - облыс басшысының өткен тарихқа тағзымының көрінісі.

Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Омбы-Майқап-шағай тас жолының жөнделуі де халық үшін қажеттіліктің бірі болатын. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген аталмыш тас жол облыс әкімінің қолдауымен жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілгені жолаушы жұрттың жадында. Міне, аз уақыттың ішінде шалғайда жатқан Зайсан ауданына шарапаты тиіп, игілікті істердің бастамашысы болған облыс әкімі Даниал Ахметовтің атқарып жатқан жұмыстарына халық разы.

Шығыс Қазақстанға басшылыққа тағайындала сала, Даниал Кенжетайұлы Ахметов аймақтың алыс-жақын өңірлерін түгел аралап шықты. Аймақтағы алғашқы әкімдік сапарын ұлылар мекені Абай ауданынан бастағаны есімізде. Ұлылар рухына тағзым етіп, ұлт қаймағы бұзылмаған киелі мекеннің бүгінгі жай-күйімен танысты. Әр сапарында қасына тиісті сала басшыларын бірге алып жүрді. Жай ғана ертіп жүрген жоқ, елдегі кем-кетікті жөндеу барысындағы олардың ойларын тыңдады. Ұтымды ұсыныстарының пайдалысын қолдап, іс тетігіне жаратты. Ел аралай жүріп қазыналы қарттармен өзекті мәселелер жайын ақылдасты. Мұны халық басшылықтың ел болашағын ойлағаны деп жылы қабылдады. Қысқасы, екі жыл бұрын қарашада келген әкім қараша халықтың риясыз ықыласына бөленіп, өзі жайлы жұмысты халықпен етене араласа жүріп жүргізеді деген пікір қалыптастырды. Алғаш қызметке кіріскен сәтте семейліктермен кездесу үстінде: «Мен Семейге жиі келіп тұрамын»,- дегені қалалықтардың есінде болар.Шынында да, облыс әкімі Семейге ат басын жиі бұрады. Семейді серпілту жолында жасалған қадамдар да аз емес.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер