Қызылорда қаласы аяқсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген жоқ - Мезгіл мәселесі|17 Қараша 2016, 12:26
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылорда қаласы аяқсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген жоқ

Сыр табиғатының сәнін келтіру сусыз бітпейтін дүние. Бірақ, көңіл қынжылтатыны сол, соңғы уақытта аяқсуды тұрғындар түгілі, қаладағы арықтардың өзі сирек «көріп» жүр. Сумен жиі «жүздесе» алмаған соң ба, арық жүйелерінің кейбірі қоқысқа толған. Оны тазарту жолында билік тарапынан жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Алайда қала халқы аяқсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген жоқ. Сырдарияның жағасында отырып, аяқсуға жарымау дегеніңіз нағыз парадокс емес пе? Ендеше мұның біз білмейтін “сыры” неде?

Тіршілік нәріне қатысты “құпия­ны” білу үшін аймақтағы аяқсу мә­селесіне жауапты мекемелерге бас сұққан едік.

- Қазір біздің мекеменің теңгері­мінде “Жібек жолы” және “Қызылжарма” каналдары тұр. Біз осы екі канал арқылы қаланы аяқсумен қамта­масыз етеміз. “Жібек жолы” (6,5 шақырым) каналына Оң жаға магис­тральді каналынан су насостары арқылы су алсақ, “Қызылжармадан” (10,5 шақырым) арғы беттегі КБИ мөлтек ауданынан бастап Қызылжарма ауылдық округі, Титов қыстағы, Коммунизм, Шанхай елді мекен­дерінің барлығы аяқсумен қамтылады. Аталмыш каналдармен жұмыс жасауға, осы коммуналдық меншіктегі су шаруашылық нысан­дарын пайдалану, күтіп-ұстау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бізге жылына облыстық бюджеттен 17-18 млн теңге көлемінде қаражат қаралады. Биыл 17 млн 875 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның ішінде Қызылордадағы елді мекендерді қамтамасыз етіп отырған судың ақысы осы мемлекет­тік коммуналдық кәсіпорын есебінен төленеді, – деді шаруашылық жүр­гізу құқығындағы “Табиғат” МКК дирек­торының орынбасары Сәбит Серікбаев.

Өңірдегі аяқсу мәселесі ақсап қалмауын “жауапкершілігіне” алған мекемелер жүйелі түрде жұмыс атқару­да. Мәселен, биыл қаладағы арық пен каналдарға келетін аяқсуды пайдалану, күтіп-баптау “Ақме­шіт-Сарқырама” ЖШС мен “Қы­зылорда тазалығы” ЖШС-нің тікелей құзырында.

- Биыл Қызылорда қаласында арық пен арналарға қалалық бюджеттен 42 млн 662 400 теңге бөлінген болатын. Қаралған қаражат Тасбөгет қыстағы, Шанхай, Батыс, Орталық, қаланың орталық көшелері тәрізді аумақтың бәрінің 50 пайызына да жетед­і деп айта алмаймын. Алайда бөлінген қаржыға қарамастан аяқсу беріп келдік. Бізде қамтылмай отыр­ғаны – тек Титов қыстағы. Скважинамен ғана 1-2 жерлерге беріп жатырмыз. Бірақ толық емес. Қазіргі таңда қаланың 60-65 пайызына аяқсу барып жатыр. Биылғы тендердің нәтижесі бойынша қаладағы арық және канал жүйелерін сумен қамтамасыз етуге жауаптымыз. Біз қолдан келген біраз жеріне су апарып қойдық. Дегенмен, кейбір нюанстар бар. Мәселен, Саяхат ауданында арық жүйесі мүлдем жоқ. Сәулет мөлтек ауданы жақта да. Сырдария мөлтек ауданына су барып­ тұр. Біз «Қызылорда тазалы­ғы» ЖШС-на қосалқы мердігер болып жұмыс атқаруда­мыз. Қаржыны тиіс­ті жұмыстарға жұмсау екі меке­меге белгіленген. Келісімшарт бойынша, оның 25 млн теңгесін игеру біздің мойным­ызда. Ал қалғанын «Қызылорда тазалығы» ЖШС орындайды, – деді «Ақмешіт-Сарқырама» ЖШС-нің директоры Талғат Фазылов.

Түйіні шешілмеген аяқсу мәселесіне байланысты жергілікті билік те үн қосты. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі күні қаланы аяқсумен қамту көрсеткіші - 30-35 пайыз. Осы мәселені шешу бағыт­ында 2013 жылы жергілікті бюдже­т есебінен «Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету» жобасына 38 млн теңге бөлініп, мемлекет­тік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаны толық жүзеге асыру­ үшін І-ІІ кезеңіне 2,3 млрд теңге­, ІІІ-ІV кезеңіне 10,1 млрд теңге­, барлығы 12,4 млрд теңге қаржы қажет. Аталған жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне ұсынылып, алдағы уақытта «Ислам даму банкі» арқылы қаржыландыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде екен. Түйткілдің соңы қаражатқа келіп тірелгенін байқаған шығарсыз. Ал бұған сала мамандары не дейді? “Ақмешіт-Сарқырама” ЖШС-нің бас инженері Әлібек Сапаро­в аяқсудың жеткізілмеуі қала көшелеріндегі арық жүйелеріне байла­нысты екенін алға тартады.

- Қазіргі таңда жергілікті халықтың 30 пайызы ғана аяқсу алады. Су жетеді, бірақ арық жүйелері жоқ. Баяғы Кеңес өкіметінен қалған лотоктардың бәрі жаңадан жол түсіп, көшелерді кеңейткен кезде топырақтың астын­да қалған. Аяқсу Ғ.Мұратбаев көшесі, Шұғыла мөлтек ауданына дейін келетін-тұғын. Оның екі жағы, ал Жеңіс көшесіндегі арық жүйесі жартылай көміліп қалған. Сосын автовокзал жақ беттегі Д.Қонаев, Әуелбеков көшесіндегі лотоктар ескірген, құлаған. 10 пайызына ғана су жетсе, вокзалға дейін су бармайды. Шанхай мөлтек ауданы жақта да тек С.Торайғыров көшесінің айналасындағы көшелері қамтылған. Бұл жақ беттің де 10 пайызына су барады. Қорқыт көшесіне де су келетін. Оның да жол салған кезде лотоктары көміліп кеткен. Жол салушылар асфальт салған кезде су жіберетін арықтардың бәрін жауып кеткен де, бітеліп қалған. Сол себепті көпшілігіне аяқсу бармай жатыр. Егер қайтадан қазып, лотоктардың бәрін қалпына келтірсе, қаланың 70 пайызын аяқсумен қамтамасыз етуге болады, - дейді Ә.Сапаров.

ТҮЙІН. Сонымен, маманның сөзіне сенсек, жол кеңейіп, көше ауқымды болған сайын аяқсу келетін бетондалған арық жүйелерінен “айырыла беріппіз”. Бұл қала көшелерін жөндейтін мердігер мекемелер жұмысының салғырттығы ма әлде бетондалған арық жүйелерінің әбден ескіріп, іске жарамсыз болып қалғандығынан ба? Қай қырынан қарасақ та, мәселенің аты – мәселе. Қала аяқсумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Көшелерге ағаш егіп, көгалдандыру, тұрғындардың есік алдындағы бақшалық жеріне жеміс ағаштары мен көкөніс егуі үшін. Әйтпесе, көпқабатты үйлерге кесірін тигізетін жер үйдегілердің ала жаздай есік алдындағы бақшалық жерін суаруға ауызсуды пайдалануы тоқтамайды. Аймаққа аяқсуды жеткізетін екі каналдың бірі «Қызылжарма» болса, екіншісі – «Жібек жолы». Естеріңізде болса, бұрынғы Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында құны 416 млн теңге болатын «Жібек жолы» су арнасы пайдалануға берілген уақытта қаланың 5 шағын аудан тұрғындарын, орта есеппен алғанда 21 мың үйді аяқсумен қамтамасыз етеді деген болатын. Одан бері алты жыл өтті. Бірақ сол каналдың өзінен жазда айналасын көгалдандыру үшін суды арнайы насоспен тартып, көлікпен суарған соң, не жорық? Ал қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеген «Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету» жобасы 2013 жылы басталған. Одан кейін де үш жыл зу ете қалды. Нәтиже қандай? Қыруар қаржы кеткен жобалардан соң қала халқы аяқсуды қашанға дейін күтеді?

Жазира БАҒЛАН

www.halyk-gazeti.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер