BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бас қақпадан бастау алған бастама

Баршаға мәлім, «Батыс Еуропа-Баты­с Қытай» автожолының 812 шақырымы біздің облысымызды басып өтеді. Әрлі-берлі ағылған қонақтардың алғашқ­ы астананы сын көзімен сүзіп өтетіні белгілі. Сондықтан қаламыздың келбеті келісті болғаны дұрыс. Кіреберістен меймандарды еріксіз баурағаны бәріміз үшін мәртебе, зор қуаныш. Ең алдымен тасжолдың бойында көзге түсетіні – қақпа. Кез келген аймақтың әлеуетін айқындап беретін де – осы зәулім қақпалар. «Есігіне қарап иесін таны» деуші еді.

Енді қызылордалықтар мен қала қонақтарын еңселі қақпа қарсы алады. Бұл біздің облысымыздың төлқұжаты іспеттес. «Самара-Шымкент» автожолының бойына салынға­н биік қақпа алыстан менмұндалайды. Жолға шыққандарға «сәт сапар­ тілеп», келушілерге құшақ ашып, қазақылықтың иісі аңқып тұр. Ұлттық нақышта өрнектелген оюлар ата дәс­түрімізден алыстамайтынымызды аңғартқандай. Мұның барлығы азат­тығымыздың жемісі.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және Конституция­мыздың 21 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріл­ген қақпаның ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

– Ертеректе алып мемлекеттер осындай қақпалар­ салдырған екен. Естеріңізде болса, тәуел­сіз­діктің 20 жылдығы қарсаңында Елбасы «Мәңгілік Ел» қақпасын салдырған болатын. Ал бүгін біз қалаға кіретін оңтүстік қақпаны пайдалануға береміз.­ Аманшылық болса, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолы және әуежайдан келетін жолды­ң бойынан да қақпаны алдағы уақытта пайдалануға беретін боламыз. «Қазақтың әр табалдырығы Алатауд­ан да биік» дейді. Сондықтан келген адам қасиетті өңірдің бас шаһары деп құрмет көрсетуі тиіс. Ал біз оған лайық болуымыз қажет,- деді аймақ басшысы.

Мерекелік көңіл күйді балдырғандар да сезініп жатыр. Қаладағы Е.Көшербаев көшесі бойынан «Сыр шуағы» балабақшасы бүлдіршіндерге есік ашты. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған бұл ғимарат 280 балаға лайық­талған. Жарық та, зәулім бұл кешен жаңа техноло­гиялармен жабдықталған. Балабақша құрылысына республикалық бюджеттен 525 млн теңге қаржы бөлінген.

– Елбасы білімге байланысты үкіметке және облыс­ әкімдеріне ерекше үш тапсырма берген. Бірін­шіден, үш ауысымды мектептер болмауы керек, екінші­ден, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақ­шамен қамту қажет және апатты жағдайд­ағы мектептердің мәселесін шешу керек­тігін тапсырған. Осының барлығын 2020 жылға дейін шешің­дер деп міндеттеді. Біз 2014 жылы 3 ауыс­ымды­ мектептердің мәселесін оң жолға қойдық. Облыс тұрғындарын балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткіздік. Бүгінге дейін апатты­ жағдайдағы 36 мектептің 25-ін салдық. Енді биыл 5 мектеп пайда­лануға беріледі, ал қал­ған 6 білім ошағы келесі­ жылы бірінші жартыжылдықта аяқталатын болады­, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Ата-аналар балабақшаның ашылғанына дән риза. Осындай мүмкіндік сыйлаған Елбасы мен аймақ басшысына алғысын жаудырды.

Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту болатын. Облы­сымызда аталмыш проблема оң шешіліп келеді. Конституция күні мен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесінен көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта кетейік, бұл пәтерлер Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасындағы өзара ынтымақ­тастық меморандумы негізінде салынған. Оған аймақ басшысы арнайы барып, баспаналы болған 100 тұрғын­ға жаңа қонысының кілтін табыс етті.

– Өткен жылы облысымыз бойынша құрылыстың көлемі 3,5 есеге, қала бойынша 8 есеге өсті. Былтыр Алматыда 51 көпқабатты тұрғын үй салынса, ал бізде 53 көпқабатты үй бой көтерді. Біздің құрыш қолды құрылысшыларымыз Қызылордада 80 көпқабатты үй салып жатыр. Соңғы 3 жылдың ішінде 11 жаңа шағын аудан ашылып отыр. Облыс орта­лығында жалпы ауданы 265 шаршы метр құрайтын 3,5 мың пәтерлік 82 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс­ы жүргізілді. Мұның барлығы Елбасының сарабда­л саясатының арқасы,- деді ол.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та баспаналы болған тұрғындарды құттықтады. Ал, бұл қуанышты күнді тұрғындар ұзақ күткенін жасыр­мады.

– Шынымды айтсам, қазір толқып тұрмын. Осы маңнан өткен сайын бұл үйде менің пәтерім болады деп ылғи айтып жүретінмін. Шүкір, бұған да жет­тік. Шексіз қуаныштымын. Құрметті Қырымбек Елеуұлы, сізге көп рақмет,- деді баспаналы болған Әбіләкім Ізбасар.

Сонымен қатар, Тасбөгет кентінен 24 пәтерлі қызметтік үй де пайдалануға берілді. Пәтерлі болғандар­дың қатарында белгілі спортшы қыз Элизавета Тұрсынбаеваның отбасы да бар.

Осылайша тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Конституция күні қарсаңында дәулеті мен сәулеті келіскен облыс орталығы зәулім ғимараттармен толықты.­

Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Б.Есжанов (фото)

www.halyk-gazeti.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер