Астықты құмайы жайқалып тұр - Мезгіл мәселесі|25 Тамыз 2016, 16:44
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астықты құмайы жайқалып тұр

Ауыл шаруашылығында жыл он екі ай бойы бір толас болмайды. Дегенмен, күз – дән қамбаға құйылып, өнім есептелер, мал қораға кіріп, төл саналар мезгіл. Ауданымызда ел ырысы – егіске орақ түсіп, астық жинау науқанына қызу дайындық жүріп жатыр. Елімізге таңсық сорго (астықты құмай) егуді қолға алған шаруашылық құрылымдары да кездеседі. Көктем шыға егіс қамына кірісетін диқандар жер жыртып, оны өңдеп, егуге дайындалады. Өңделген жерге тұқым сеуіп, оның өсіп-өнуіне қам жасайды.

Уақытылы суарып, тыңайтқыштарын беріп, күндіз-түні егін- жайды қадағалап жүреді. Жаз бойы күннің аптап ыстықтарына қарамай, маңдай терін төгіп, бас көтерген егіннің түрлі ауруларына ұшырама- уына да жауаптылық танытады. Ал, піскен шақта бұйырған несібесіне қарай мол өнім алуға ниет етеді. Сон- дай ала жаздайғы еңбектің нәтижесін көруді қобдалықтар бастады. Бұлақ ауылдық округіне қарасты Талдысай ауылында Сайын Мендіғарин жетекшілік ететін «РидАгро» ЖШС мал шаруашылығымен қоса 100 гектар жерге алғаш астық құмай (зерновой сорго) еккен. Бүгінде сол егінді шашпай-төкпей жинап алатын сәтте жақындап қалды. Маусымдық жұмыстарды атқаруға шаруашылықтың техникалары сақадай-сай. Қожалық жетекшісі соргоның сұрыбы, егілу технологиясы, күтілетін өнімі туралы жан-жақты баяндап берді. — Құмай (сорго) - азықтық, мал азықтық және техникалық өсімдік.

Оның отаны – Африка. Құмай - жылу сүйгіш, ысты ққа, құрғақшылыққа төзімді өсімдік.Қобданың ауа-райы өнімнің өсуіне қолайлы. Қазір жапырақтары жайқалып өсіп тұр. Сабағының биіктігі - 100- 300 см. Сабағы өзегі толық, мықты, қалың. Жапырағы жалпақ, сыр- ты балауызды өңезбен қапталған. Гүлшоғыры - сыпыртқыгүл. Сыпыртқыгүлінің пішіні әр түрлі тік өскен және имек басты болады. Кейбір сыпыртқыгүлдері тармақты, қымқырылған, жинақы болып келеді. Астық тұқымдастардың көпшілігі азықтық өсімдіктер мысалы, бидай, күріш, жүгері, тары.

Жемісі - дәнек, тамыры – шашақтамырлы. Өнімді қыркүйек айының ортасына таман жинаймыз,- дейді шаруа. Аудан шаруаларының басты міндеті — қырдағы бұйырған астықты ауа райының қолайлы шағын пайдаланып, тез арада жинап алу болмақ. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген, бүгінде ауданымызда алтын дәннің арқасында дәулетін асырып, асығы алшысынан түсіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Берекелі тірліктерінің арқасында табыстарын еселеп жүрген осы аудандағы «Қобда жер» ЖШС шаруа қожалығының диқандары науқанды бастап та кетті. Диқаншылар қауымын егін жинау науқанымен құттықтап, егінді ысырапсыз жинап алуға және маусымды берекелі аяқтауға тілек білдіреміз. Қалай айтсақ та, биылғы жыл несібесін жерден терген ауыл адамдарына мол берекесін сыйлап-ақ тұр. Лайым, қамбамыз дәнге, даламыз әнге тола берсін.

Анаргүл АЙТҚАЛИҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер