BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тұрмысқа қажет деген дүниенің бәрін табасыз...

Басықара ауылындағы №182 мектептің табалдырығынан аттай қалсаңыз, көркі көздің жауын алатын керемет көрініске куә боласыз. Көлде жүзген көкқұтандар бейнесі мектеп емес, құдды бір ертегілер еліне кіріп келгендей әсер қалдырады. Бұл – осы білім ордасында қырық жылға жуық уақыт технология пәнінің мұғалімі Абдул Дүйісовтің қолынан шыққан туындылардың бірі. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол мұғалім оқушыларға білгенін үйретуден жалыққан емес. Тіпті, олармен бірге өзі де үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ағаш ойып, темір балқытып, түрлі туындыларды өмірге әкелген. Заманауи үлгіде салынған жаңа мектептің бір бөлмесі мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдарымен жасақталған. Мұнда тұрмысқа қажет деген дүниенің бәрін табасыз. «Жыл мұғалімі», «Таңдаулы ауыл мұғалімі» атақтарын иеленген Абдулдың жасаған бұйымдары облыс, республика көлемінде көрмелерге қойылып, қолөнер туындылары альбомдар- да жинақталған. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген ұстаздың ізіне ерген шәкірттері де жүлдесіз емес. Мәселен, республикалық «Экоидея» жас суретшілер байқауында төрт оқушысы Ермек Таласбай, Асқар Рысқұл, Жалғас Қарабатыр, Ардақ Базаралы дипломмен марапатталса, облыстық «Балалық шақ елі!» атты қолданбалы сәндік өнер байқауында Азамат Әбибуллаевтың шығармасы үздік деп танылды.

Ал, Досжан Әділдің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ағаштан жасаған бұйымы аудандық байқауда екінші орынды жеңіп алып, мектеп абыройын асырды. Аудандық, облыстық суретшілер мен қолөнершілердің байқауында алдарына қара салмайтын Абдулдың кішкентай шеберлерінің шығар шыңы әлі алда. «Өнерлінің қолын ұста, өнегелінің жолын ұста» деген қанатты сөзді қашанда жадында ұстайтын он саусағынан өнері тамған шебер бұл нақылды көрнекі етіп жазып, шеберхананың төріне іліп қойған. Көркемдеп жазу-сызу, бейнелеу, ойып, өрнектеп, темір балқыту, ағаш жону секілді жұмыстарды еш қиындықсыз істей беретін әмбебап ұстаз: – Мектеп қабырғасында-ақ шәкірттерге сурет салу мен ағаштан түрлі бейне қашаудан өзге, дәнекерлеу жұмыстары, темір балқыту, оны біріктіру одан тұрмыстық зат жасап шығаруды үйретеміз. Бұның өзі бір мамандық. Оқушылардың жұмыс кезіндегі барлық қауіпсіздік ережелері қатаң ескертілген. Бар мақсатым – балаларға өміріне қажетті бір дүниені үйрету, – дейді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер