BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шырынгүлдің қымыз-ай!

«Халықты жұмыспен қамту орталығынан» шағын несие алып, кəсібін ашып, өзін жəне отбасын жұмыспен қамтып отырғандардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Солардың бірі – Бесжылдық ауылының 57 жастағы тұрғыны Шырынгүл Бабақұлова. Ол жұмыссыз ретінде «Халықты жұмыспен қамту орталығына» өтініш беріп, кезек реттілігімен ағымдағы жылдың сəуір айында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының 2 - бағыты аясында «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» үш миллион теңге несие алып, сол қаражатқа 10 бас бие алған. Бүгінде 10 бас биесі құлындап, мал басы 18-ге жеткен. Ала жаздай биенің сауырына жабысқан Шырынгүл күміс күздің əр күнінде де тыным таппастан қымыз өндіріп, жергілікті ауыл тұрғындарына күніне 40 литр сүт өнімін (қымыз, саумал) өткеріп, өзін де, өзгелерді де сусындатып отыр. Күн сайын сарықымыз сапыратын Шырынгүл Бабақұлова бүгінде ауылға таныла бастаған кəсіпкер ретінде үлкен құрметке ие. Ауылдастарының «Шырынгүлдің қымызы-ай» деп тамсанатыны сондықтан болар. – «Ары тартсаң арба, бері тартсаң өгіз өлетін» мына нарықтық заманда күн көру қиындай түскен соң аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығына» барғанмын. Ондағыларға рахмет. Мəн-жайды жете түсіндіріп, менің осындай дəрежеге қол жеткізуіме көмек берді. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» қызметкерлеріне де алғысым шексіз, – деді Шырынгүл бізбен əңгімесінде. Əрине, мал ұстау, бие сауу, оны күтіп-баптау оңай іс емес. Ондайда жолдасы Нұрымбет Жүндібаевтың еңбегі орасан зор. Оған əрқайсысы 40 мың теңге жалақы алатын 2 жұмысшының қолғабысын қосыңыз. Негізі, Шырынгүл жастайынан мал соңына түскен. 1976 жылы Пионер орта мектебін бітірген жылы-ақ «Ақиық» комсомол-жастар бригадасында шопан болып еңбек етті. Келесі 1977 жылы жерлестері еселі еңбегін бағалап аудандық кеңестің депутаты етіп сайлаған. «Қыз – жат жұрттық» деген. Көршілес Байзақ ауданының аға шопаны Нұрымбет Шырынгүлмен жұп құраған. Қазіргі таңда екеуі 3 ұл, 1 қызынан 8 немере сүйіп отырған жайлары бар. Айтпақшы, олар кеңес үкіметі ыдырап, тұрымтай тұсымен əуре болған шақта Бесжылдық ауылына қоныс аударған. Содан бері осында. Іргелі істі ілгері жылжыта білген Шырынгүл мен Нұрымбет алға қойған мақсаттарын орындап, жастарға үлгі көрсете беретініне сенгіміз келеді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер