BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Озық механизаторлар қатары артуда

Еңселі еліміздің ауыл шаруашылығының жағдайы ауыз толтырып айтуға болатын жағдайға жетіп, ертеңіне деген сенімі арта түсті. Аграрлық сектордың негізгі саласы егін шаруашылығы болып табылады. Халық арасында кеңінен танымал «Ас атасы - нан» даналығы нанның қадір - қасиетін дәлелдей түседі. Егін алқабынан жиналған астық жайылған дастарханымызға дайын өнім болып келгенге дейін бірнеше сатыдан тұратын күрделі дайындық жұмыстарынан өтеді. Бұл тыным- сыз еңбек пен қажырлы күш- қайраттың қорытындысы. Ауданымыздың гүлденуіне өз үлесін қосып, болашағынан зор үміт күттіретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қатары аз емес. Солардың бірі биылғы егін жинау науқанын қазан айында ойдағыдай аяқтаған «Түгел-Аубакир и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Егістік алаңы 19000 га құрайды екен. Астық өнімділігі де жаман емес. Орташа өнімділік 16,1 ц.га. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Көктем уақытында егін егуде 5 «Бюллер» егістік кешені жұмыстың тиімділігін арттыра түскен. Тағы да комбайндардың әлеуетіне байланысты қосарымыз, егін жинауда таптырмайтын «Клаас» комбайның атап өту қажет. Астықты орып, жинайтын техниканы тізгіндейтін еңбекқор, өз ісіне адал мамандар да жеткілікті. Қазіргі таңда жастар тарапынан қызығушылық танытқандардың саны артып, заманға сай техника- ларды ыстық ықыласпен меңгеруде.

Ал шаруашылық жұмысы алға жылжып, ұжым арасындағы өзара бірлік пен атқарған ерен еңбектің берекелі болуы басшыға байланысты екені сөзсіз. Осы орайда «Түгел-Аубакир и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кабдрашев Бектұрған Мажитұлының қарымды істерді жүзеге асырудағы тиянақтылығы байқалады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, аталмыш серіктестікте ерен еңбегімен көзге түскен механизаторлардың бірі Маховое ауылының тұрғыны Абдракишев Марат Қазиұлымен тілдесудің реті келді. 1981 жылы Қалмақкөл ауылында туып-өскен. Өмірін егін шаруашылығымен тығыз байланыстырып, талмай қызмет етіп жатқанына ағымдағы жылы он жеті жылдың жүзі болыпты. Орта білімді игергеннен соң, Қарағанды облысында Отан алдыңдағы борышын адал ниетпен өтеген. Мінезінде ер азаматқа тән ұстамдылық пен өжеттілік байқалды. Техникалардың тізгінін сенімді ұстап, жұмысқа бала кезінен-ақ білек сыбана кіріскен. Марат Қазиұлының айтуынша, еңбекқорлық пен табандылықты қажет ететін бұл шаруамен отбасында әкесі айналысқан. Қазіргі уақытта туған ағасы да аталмыш серіктестікте механизатор болып қызмет етуде. Қажырлы еңбектің үлгісі болып табылатын азамат ұрпақтар сабақтастығына айналған бұл мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, егін саласында тәжірибені молынан жинаған. Үш ұрпақтың жалғасы болып табылатын егін шаруашылығы бұл отбасы үшін қадір-қасиетін еш уақытта жоғалтпайтын киелі іс деп айтсақ, артық болмасы анық. «Неліктен механизатор болуды қаладыңыз?» деген сұрағымызға мынадай жауап алдық: «Бала кезімнен комбайндарға ерекше көзқараспен қарадым. Мінуді армандадым. Қазіргі таңда егін шаруашылығының дамуында техникалардың маңызы айтпаса да түсінікті. Оларды жоғары деңгейде меңгеріп, жастарға үйрету керек.

Он жеті жыл бойы жинаған тәжірибеммен қуана-қуана бөлісуге дайынмын. Соңғы жылдары жастардың егін егіп, жинауға де- ген құлшынысын байқадық. Бұл бізді өте қуантады. Жас буынды қолдау қажет. Алғаш ЖШС аяқ басқанда механизатордың көмекшісі болғаным есіме түсіп отыр. Біраз уақыт өте келе өзім де механизатор болдым. Тиянақты, тәжірибелі тәлімгерім Жаменов Бүркітбайға деген алғысым шексіз. Дұрыс жол нұсқап, жұмыстың ерекшеліктерімен таныстырды.

Жалпы, жұмыс жылдағыдай жүріп жатыр. Техникалар көңілімізден шығады. Бірақ әр маусымда шаруашылық үшін, жақсы өнім табу үшін үлкен жауапкершілікті сезінесің. Осы жылы егін ору уақытында мен 2429 тонна жинадым». Айтуынша, жұмыста кездесетін айтарлықтай кедергілер жоқ. Негізгі қызметі маусымдық сипаттағы жұмыс болғандықтан, қыс мезгілінде басқа жұмысқа ерінбей кірісіп кетеді. Марат Қазиұлы асыл жарымен шаңырақ көтеріп, үш бала тәрбиелеп отырған бақытты әке. Тәрбиедегі ұстанымдарына да тоқтала кетті. Оның ойынша, өскелең ұрпақ тәрбиелеуде отбасының атқаратын рөлі орасан зор. Бала кезден-ақ өмірдің басты рухани құндылықтарын бала санасына сіңіру қажет. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілінбей» мақалының астарын да бүлдіршіндерге айтып отыру маңызды. «Түгел-Аубакир и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Абдракишев Марат Қазиұлы сияқты ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өміріне белсене аралысып, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын еңбекқор азаматтардың саны арта түссе, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.

Г. ДАУРЕНБЕКОВА.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер