Ауданымыз негізінен мал және егін шаруашылығымен тұрақты шұғылданады. Жер жағдайы, жайлауы мен күздеуі, көктеуі мен қыстауы мал шаруашылығына қолайлы, шөбі шалғынды төрт-түлік малға құнарлы. Соған сай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанғали Базарбаев мал санының артуына, одан алынатын өнім түрлерінің сапалық жағынан көрсеткіштің жақсы болуына бірден-бір көңіл бөліп келеді.
Ауданымыз негізінен мал және егін шаруашылығымен тұрақты шұғылданады. Жер жағдайы, жайлауы мен күздеуі, көктеуі мен қыстауы мал шаруашылығына қолайлы, шөбі шалғынды төрт-түлік малға құнарлы. Соған сай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанғали Базарбаев мал санының артуына, одан алынатын өнім түрлерінің сапалық жағынан көрсеткіштің жақсы болуына бірден-бір көңіл бөліп келеді. Егін шаруашылығының аяқ алысы қазіргі таңда көңілге тоқ. Биылғы жылы 23 ауылдық округтер бойынша барлық себілген дақылдар 97662 гектарды құраған болса, оның ішінде 18900 гектар күздік бидай, 27966 гектар жаздық арпа, 616 гектар дәндік жүгері, 2006 гектар мақсары, 1330 гектар майбұршақ, 1658 гектар картоп, 984 гектар көкөніс, 602 гектар түрлі бақша өнімдері, 807 гектар сүрлемдік жүгері егілген болатын. Сонымен бірге, 4029 гектарға бір жылдық шөп, 1250 гектарға көп жылдық шөп, 36914 гектарға бұрынғы себілген көп жылдық шөп мал азығы ретінде пайдаланылатын болады. Аудандымыздың малы, өз төлі есебінен көбейіп келеді. Қыстаудан соң, барлық мал түрі көктемгі төл алу науқанынан соң, біртіндеп жайлауға күтіліп бағылуда. Биылғы ауа-райының аптап ыстығына қарамастан астық ору мен шөп шабу науқаны ойдағыдай өтіп, арнайы орын мен қамбаға жиналды.
Аудандағы шаруа қожалықтары мен бірге ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері мен жауапкершілігі шек-теулі серіктестігі күзгі жиын терімнен бастап, алдағы қыстың қамын жазда ойлап, мал азығының берік қорын жасап үлгерді. Аз күннен соң, күзгі мал ұрықтандыру науқаны басталатын болады. Өз кезегінде жылыжайда көкөніс түрлерін өсіріп, ысырапсыз жинап алудың алғы шарттары жасалған. Жыл өткен сайын жылыжайлар саны артып келеді. Мұнда жұмысшылар таңмен таласа тұрып, маңдай терлерін төгіп, көкөністі күтіп-баптап өсіріп, суғарып, дәрілеп жүйелі істің тиянағын келтіріп жатыр. Әрине, мол түсім алу үшін жақсылап жұмыс істеу шарт. Қашанда адал еңбектің қайтарымы мол болады. Сонымен жылыжай жұмыстарын көзбен көріп, көңіл сендіру үшін аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы бас агроном Қайрат Тойшыбековпен арнайы іссапарға шыққан болатынбыз. Бағытымыз – Жамбыл ауылдық округіне қарасты жол бойында орналасқан жылыжай жұмысымен шұғылданатын «Нұрқал» шаруа қожалығы жетекшісі Қалдыбай Әбдіқұлов. Ауданымыздағы жылы жайлардың қазіргі кездегі жұмыстарымен Қайрат Жандәулетұлы жақынырақ таныстырып, көкөніс түрлеріне ерекше күтіп-баптау жұмыстарының қажет екендігін, барлық дақылдарды егер кезде сорттық тұқымдарды таңдау керектігін, сонымен бірге агротехникалық іс-шараларды (жер жырту өңдеу, себу, шөптеуді) өз уақтысымен орындалу керек-тігін жөніндегі орнықты ойын ортаға салды. Межелі уақыттан соң аумағы үлкен жылыжайға атбасын тіредік. Бізді жұмыс басында жүрген жалын жігерлі жас Мақсат Әбдіқұлов қарсы алып жылыжайдың тыныс-тіршілігімен жақын таныстырды. Жылыжайдың аумағы 1,6 гектарды құрайды екен. Бірінші дақыл бойынша қызанақ пен қияр өнімі жиналып, аудандағы Ұзынағаш пен «Алтын орда» базарларына төмен бағада өткізілген болып шықты. Қазір екінші дақыл бойынша қызанақ пен қиярға күтіп-баптау, дәрілеу, тыңайтқыш беру жұмыстарымен 10 жұмысшы айналысуда екен. Көкөніс өнімдері тамшылатып суғару арқылы ерекше күтімге алынған. Жылыжай іші түгелдей арнайы жылу батареяларымен қамтамасыз етілген, барлық агро-техникалық шаралар толығымен сақталыпты. Қызанақ пен қиярдың тамырлары шірімес үшін жер асты тамырларына арнайы тыңайтқыш сіңірген. Биылғы түсім мөлшері жақсы болыпты. Мұндағы жұмысшылардың еңбекақысы – 55000 теңге. Жатын орын, тамақпен қамтамасыз етілген. Дәл қазіргі уақытта қызанақ қайтадан түйін салып жатқандығына куә болдық. Жылыжайдағы қызанақ 90-120 күнде ал, қияр 45 күнде толық пісіп жетіледі екен. Ал, жұмысшылар болса бел шешпей білек түре таңның атысынан күннің батысына дейін жылыжайда еңбектенуде. Мақсат қожалық жетекшісі – Қалдыбай ағаның немересі жас та болса бас болып, барлық жұмысты өз жауапкершілігіне алыпты. Талабы тау қамалын бұзарлықтай Мақсаттың тірлігіне риза болып, ісің берекелі әр күнің мерекелі болсын деген ниетпен Қарақыстақ ауылына жол тартттық. Бұл ауылдық округте де шаруасы шалқыған қожалықтар егін және малмен шұғылданып жатқан жайы бар. Солардың бірі Нүсіпов Амантай басқаратын «Амантай» шаруа қожалығының ісі өнімді екен. Қожалық иесінің зайыбы Назымды жұмыс басынан кездестірдік. Өздері өсірген қызанақ, қияр, қырқабат, баялды, қызылша, картоп, пияз, ашты және тәтті бұрышты сауда сөресіне шығарып қойыпты. Аталған көкөніс түрлеріне ауыл тұрғындарынан сұраныс артыпты. Бағасы қалта көтерерлік үлкен базарлардан төмен бағамен сатылуда екен.
«Халқымызда еңбек еткен ішіп жейді» деген қанатты сөз бар ғой. Соған да сай отағасы Амантай бастап, осы көкөніс өсіруді тұрақты қолға алдық. Ерте көктемнен бастап жанұя мүшелері болып, көкөніс түрлерін күтіп-баптап, суғарып, шөптеп еңбек етеміз. Әрине, айтар ауызға оңай болғанымен көкөністі өсіріп өнімін жинау күрделі жұмыс. Ерінбей еңбек етсең ғана өнімін татасың содан соң, базарға шығарып сатасың, нәтижесінде өзіңді асырап, бала-шағаңды бағасың, ал тиыннан теңге құрау – инемен құдық қазғандай десем, қателеспеймін. Ауданда және Алматыда да өткізіліп жүрген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып келеміз. Қашан да ерінбесең – еңбегің жанады. Оған біз отбасы мүшелері толық көз жеткіздік. “Еңбек қадірін түсініп, жерге еңкейсең жемісін тересің”, – деген Назым Рысқұлованың сөзін қостап, өнімдердің мол болып, табыстарың татымды, еңбектерің жемісті болсын дедік.
Жүрдек Нивамен қайтадан жолға шығып, Үңгіртас ауылдық округіне қарай бағыт алдық. Көлік терезесінен айналаға көз салып келеміз. Шөп сарғайып кең дала алтын түске малынған. Күз айының табалдырық аттағанына тағыда бір көз жеткіздік. Көлік рөлінде отырған Қайрат болса, күз шаруа айы екенін тілге тиек етіп, жиын-терімнің ойдағыдай өтіп жатқанын, сонымен бірге агроном мамандығы сан-салалы түрге бөлінетіндігін шаруа адамдарымен ақылдаса, бірлесе жұмыс істеудің оң нәтиже беретіндігін айтып, өзінің бұл салада біраз іс-тәжірибе жинақтап үлгергенін байқатты. Келесі кезекте науқандық жұмыстың көрігін қыздырып жатқан қожалықтардың бірі – «Жұлдыз» шаруа қожалығы басшысы Бейбітжан Мусинді қарбалас жұмыс басынан кездестірдік. Қожалық жұмысшылары болса картоп қазу мен шұғылданып, құлшына еңбекке кірісіпті. ЮМЗ тракторын тізгіндеген жігіт ағасының жан-жағына қарауға мұршасы жоқ, бар ынтасы жұмыста. Қазылған картопты екі жұмысшы жинап жүр, маңдайдан аққан терлерін де қарайтын емес, бар мақсаттары картопты қаптап үлгеру ғана. Тау тұлғалы азамат, қожалық жетекшісі Бейбітжанды атқарылып жатқан жұмыстары туралы әңгімеге тартқанымызда бұрыннан таныс бауырларша:
“Жердің қадірін түсініп, ерінбей еңбектенсең маңдай терің ақталады. Меншігімде 32 гектар суармалы жерім бар. Оның ішінде 10 гектар жерге, картоп, тәтті және ашты бұрыш, қызанақ, асқабақ, өсірдім. Картоптың шығымдылығы биыл төмен болып тұр. Өздеріңіз көріп тұрсыздар шөп басып кетті былтыр түсімі жақсы болған еді. Ауа-райынан ба, толық біле алмай тұрмын деп маңдай терін бір сыпырып тастап, әңгімесін жалғады. Қазан аузы жоғары бұйырғанын алудамыз. Қуатты техникадан 1 ЮМЗ тракторы мен 1 комбаин, 1 К700 таркторлары өз қажетіме жарауда. Бұдан бөлек 240 гектарға жаздық арпа, 120 гектарға күздік бидай егіп, өз уақтысында орып, жинап алдым. Көкөністі базарға шығарып және ауылда сатылымға шығарамын. Бауырым Нұрлан екеуміз қожалық жұмыстарының барлық түріне жауаптымыз. Қалай десек те, шалқайып жатқанға жан жуымайды. Кімде-кім алдымен еңбек етсе ғана табыстың тайқазанын тасытуға болады. Әрине, барлық дақыл мен көкөністің бірдей бабын табу мүмкін емес, бәріне төзімділік пен шыдамдылық ізденіс керек. Халқымызда «Талпынған тау асады» деген қанатты қағида бар. Шамамызға қарай талпынып, тірлік жасаудамыз. Тек қана берекесін берсін дейміз. Елде болса, ерніңе тиеді. Соған сай ел қатарлы еңбек жасап, еңсемізді тіктеудеміз деді. Қорасы малға отбасы жанға, қамбасы дәнге, әр күндері берекеге толған қожалық иесі Бейбітжанның тірлігіне риза болып, жолға шыққанда күн түс мезгіліне таяныпты.
Айдарлы, Сарытауқұм мен Бозой елді мекендері жартылай шөлейтті сортаң жердің негізін құрайды. Аталған ауылдардың жер жағдайы бақша өнімдері қауын мен қарбыз өсіруге өте қолайлы. Кеңестер одағы тұсында да бұл ауылдың жұртшылығы қауын, қарбыз егіп, соның игілігін көргені белгілі. Сол кездің өзінде Ақши, Бозой мен Айдарлының тіл үйірген қауын, қарбызының дәмі-ай деп тамсанып айтып жүретін едік. Бақша дақылдарын өсіру әлі де өз жалғасын тауып келеді. Қазір де осы үш елді мекендегі тұрғындар бұрынғы кәсібінен қол үзбей қауын, қарбызбен тұрақты шұғылданып жүр. Солардың бірі айдарлылық Бақтияр Ескелов меншігіндегі 6 гектарға қарбыз еккен болатын. Көктемнен бастап отбасы мүшелерімен бірігіп, шөптеп, суғарып еселеп еңбектенді. Жаз бойы еңбектері зая кеткен жоқ. Түсімі де көңілге тоқ. Бұл бақша дақылдарына ерекше күтім керек. Ең керектісі уақытысында суғарып, арасын сиретіп, барынша көңіл бөлсе, ғана өнім береді.
Сонымен Бақтияр 6 гектардан көңіліндегідей қарбыз түсімін алып, саудаға шығарып, аудан тұрғындарын тәтті қарбызбен қамтамасыз етті. Тағы бір осы ауылдың тұрғыны Абай Мұсаев та қарбыз бен қауын өсірудің шебері. Бұл жұмысқа отбасы мүшелерінің барлығы бірдей төселген. Көктем шыға салысымен атызға шығып, қарбыз дәнін сіңіріп, аптап ыстыққа қарамастан қолдарына кетпен мен күрек алып, еңбек дүбірін қыздырады. Қарбыз түйін салған кезден бастап, бозторғай шырылынан оянып, жұмыс басына аттанады. Содан ел орынға отырған кезде ғана оралып, белін жазады. Қарамағындағы 5 гектардан мол өнім алып, барға қанағат етіп отырған жайы бар. Абай қауынның сортын өзгертуді қолға алып, гурбек және әміре қауынын будандастырып, нәтижесінде “Самал” қауынын өсіріп, өнімін алды. Қауынды бір-бірімен будандастыру да оңай шаруа емес. Оның да өзіне тән жұмыстары жетерлік. Барлық жағынан зерттеп, зерделеуді қажет ететін ерекше еңбектің бірі. Биылдан бастап самал қауыны аудан жұртшылығының талғамынан шығып, дәмі тіл үйіреді деген үмітті ойдамыз.
Тұрсынжан АСҚАРҰЛЫ.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!