BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ата кәсіпке бетбұрыс жасалуда

Ауыл шаруашылығы–елдің асыраушы саласы. Бүгінгі таңда осы басты салаға мемлекет тарапынан қолдаулар жасалып, ол даму үстінде. Биылғы жылы Сыр өңірінің күріштен рекордтық өнімге қол жеткізуі соның айғағы. Елбасы егін мен мал шаруашылығына мемлекеттік бағдарламалар енгізіп, оның жүзеге асырылуын басты назарда ұстап отыр. Осының нәтижесінде өңірімізде ауыл шаруашылығының қос саласы жақсы дамып келеді. Екі жыл қатарынан Сырдария өңірімізде «Үздік аудан» және биыл «Озат аудан» номинациясын иеленді. Ауданда мал шаруашылығы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес даму үстінде. Біздің тілшіміз осы мәселе төңірегінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбекпен әңгімелескен еді. Сол сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

–Нұрбек Әзірбекұлы, ауданымызда мал шаруашылығына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қандай дәрежеде? -Шүкір, жаман емес. «Мал-жан аман ба?» деп бірінші малдың жайын сұрайтын халқымыз қазіргі елдің егемендігі кезінде мал шаруашылығына мықтап көңіл бөліп жатыр десек артық айтқандық емес. Ата кәсіпті жандандыруға мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында төрт түлікті дамытуға бағдарламаларды бөліп қойған. Мәселен, «Сыбаға бағдарламасы» ірі қараны, сондай-ақ аттары айтып тұрғандай «Құлан»- жылқы малын «Алтын асық» қой шаруашылығын дамытуға арналған. Әсіресе, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша біздің ауданда жақсы жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге тоқталатын болсақ 2014 жылы жоспарланған 350 бас мүйізді ірі қараның орнына 415 бас ірі қара алынған. Ал, 2015 жылы 350 мүйізді ірі қараны сатып алу жоспарланса, бұл көрсеткіш 556 басқа жеткізіліп, жоспар 151,1 пайызға орындалған. Биылғы жылы бүгінгі күнге дейін 1255 бас ірі қара сатып алынып, жоспар өз кезегінде 343,7 пайызға орындалды. -Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға зер салсақ, біздің өңіріміз үшін ірі қара өсіру тиімді, ыңғайлы болып тұрған тәрізді? -Әлбетте, бұл жағы да бар. Сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын ертерек қабылданды. 2011 жылдан бастап «Сыбағадан» сыбаға алғандар ірі қара шаруашылығымен айналыса бастады. Оның алғашқы қарлығашы Ақжарма ауылындағы «Мақсат» ШҚ, Бүгінде аудан шаруалары бұл бағдарламаның берері мол екенін түсінді. Оны соңғы үш жылдың көрсеткішінен анық аңғарамыз. Бұл бағдарлама бойынша 2014 жылы 5 ШҚ-415 ірі қара несиеге алса, 2015 жылы 8 ШҚ 556 ірі қараны сатып алған. Биылғы жылы Сыбағадан сыбаға алушылар саны 17-ге жетіп, ірі қара 1255 басты құрады. Бағдарлама аясында асыл тұқымды жас мал өсіру агроөнеркәсіп субъектілерін ірі қара мал, асыл тұқымды бұқа, негізгі құралдарды сатып алу және жөндеу, айналымдағы қаражатты толықтыру мақсатында 1 млн теңгеден, 18 млн. теңгеге дейін 7 жыл мерзімге заңды тұлғаларға, шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз сыйақымен несие беріледі. «Сыбаға» бағдарламасының басты ерекшелігі қаржылар ет бағытындағы сиырлар мен асыл тұқымды бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. -«Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары туралы не айтасыз? -Бұл бағдарламалар «Сыбағадан» кейін қабылданды. Онымен де жұмыс жасуға біздің шаруаларымыз құлшыныс танытуда. Мал өсіріп, сапалы ет өндіремін, қымыз дайындаймын, «қойдың сүті қорғасын» дегендей одан түрлі өнімдер әзірлеймін деген малсақ жандарға бұл бағдарламалар өте тиімді. «Құлан» бағдарламасы бойынша Тереңөзек кенті, Қоғалыкөл, С.Сейфуллин, Бесарық ауылдық округтерінде несие алып, жұмыс жүргізіп жатқан шаруалар бар. Олар жергілікті жерде мұның тиімді екенін айтады. Ал, «Ал- тын асық» бағдарламасы бойынша талапкер- лер енді шықпақшы. Бір айта кететін жайт асыл тұқымды малдарды сатып алғаны үшін тауарлы бағыттағы аналық сиырға, аналық қойға селекция жүргізгені үшін және сиыр, жылқы, қой, түйе етін өндіріп, өткізгені үшін мемлекеттен субсидия беріледі. Бұл Үкімет тарапынан мал шаруашылығына, ата кәсіпті дамытуға жасалып отырған айрықша қамқорлық.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер