BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ІШІНДЕ

Өткен сейсенбі, 23 тамыз күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Василий Олейник пен Жанат Омарбекова Семей қаласына арнайы іссапармен келді. Халық қалаулылары өңірімізде мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан құрылыс нысандарымен және шаруа қожалық өкілдерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ іссапар аясында депутаттар «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Алдымен Мұздыбай ауылына ат шалдырған халық қалаулылары елдімекендегі «Мұздыбай-1» шаруа қожалығымен танысып, ондағы жұмысшы қауыммен және ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Іссапар барысында мәжілісмендер ауылдың барлық саладағы тыныс-тіршілігмен танысты. Сондай–ақ, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағыттылған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары негізінде атқарылып жатқан жұмыстардан, өңірдің бүгінгі күнгі ахуалынан хабардар болып, жеткен жетістіктер мен алда белгіленген биік межелерді бағындыру жайын өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.

Ауыл тұрғындары еліміздің Жер кодексіне енгізілген өзгертулер, әлеуметтік нысандар, мектеп пен балабақша мәселелерін көтерді. Сондай-ақ ауылдағы ағайын депутаттардың жайылым жерлердің мәселесін дұрыс шешіп беруге атсалысуын сұрады. Мәселе, ауыл меншігіндегі барлық жер мақсатты пайдаланылып отырғандықтан, тұрғындарға мал жаятын жердің қалмағанында болып отыр. Өз кезегінде Парламент Мәжілісі депутаты Жанат Әнуарбекқызы алдағы уақытта жайылымға байланысты мәселе қарастырылатынын, сол кезде ауылдықтардың ұсыныстары ескерілетінін тілге тиек етті.

Бұдан кейін депутаттар Бобровка кентінде салынып жатқан жаңа мектеп құрылысымен танысты. 600 оқушыға арналған орта мектептің құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Қазір білім ордасының қабырғасы көтеріліп қойылған. Ал нысан келер жылы толықтай пайдалануға берілмек. Жаңа білім ордасы Цементшілер кентіндегі мектептердегі орын жетіспеушілік мәселесін шешпек.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Василий Олейник пен Жанат Омарбекова Семей қаласына келгендегі арнайы іссапарлары барысында «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Халық қалаулыларымен болған кездесуде Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге жеңілдік, зейнеткерлік туралы заңдағы өзгерістер, жұмыспен қамту, құқық қорғау органдарының әділетсіздігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту және денсаулық сақтау саласы бойынша мәселелер көтеріліп, жалпы жиыны 14 адам қабылданды. Депутаттар алдағы уақытта барлық мәселер бойынша жұмыстар атқарылып, заң нормалары қабылданарда ескерілетінін жеткізді. Кездесуді қорытындылаған Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова өңір тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп олардың мәселелерін өз ауыздарынан естігеніне қуанып, айтылған проблемалардың шешімін табу жолында жұмыс жасайтынын жеткізді. - Мәжіліс депутаттары бірінші тоқсанды аяқтап, халықтың ортасына келіп отырмыз. Іссапарға келгендегі мақсатымыз – өзіміз сайланған өңірдің ахуалымен танысу, Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңдардың қалай жүзеге асып жатқанынан хабардар болу. Бүгінгі таңда Семей өңірінде біршама істер жасаланып жатқанының куәсі болдық. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен айта кетуіміз керек, кейбір нысандардың талапқа сай келмей жатқанын байқадық. Алдағы уақытта жергілікті әкімшілік өз бақылауларына алады деп ойлаймын, - деген Жанат Омарбекова, - Сапар барысында азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдадық. Халық келіп өздерінің мұң-мұқтаждарын айтып жатыр. Әрине, жергілікті жерде шешілетін мәселелер де бар. Жұмыс орынын сұрап келіп отырғандар да жетерлік. Семей өңірінде ядролық сынақ полигонына байланысты мәселелер көп көтеріледі. Қабылдауға келгендердің кейбірі полигондық зейнетақы алу мен зейнетке шығу жасына өзгеріс енгізу мәселелерін көтеріп, өзгерістер енгізуді сұрап жатыр. Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл болса да тұрғындар жарылыстардан келген зардаптарды әлі де көруде. Сондықтан айтылып жатқан ұсыныстардың барлығын қабылдап, алдағы уақытта қарастыратын боламыз.

Асан МЫРЗАХАН, «Семей таңы»


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер