BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әскери жаттығу – апатқа сақ тұру!

Фото: Бақтияр Айталы

Қыркүйектің 18-22 күндері 28237 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы құтқару бөліністерінің республикалық дәрежеде оқу-жаттығуларын өткізді.

Жаттығу басталмас бұрын тиісті бөлім басшылары аудан әкіміне өздерінің атқаратын іс-жоспарларын таныстырып, жаттығуды бастауға рұқсат алды.
Қауіпсіздікті нығайтуда ерекше маңызы бар бұл шараға аудан әкімі Жандарбек Далабаев мырза қатысты. Бұл шараны ойдағыдай өткізу үшін аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, сонымен қатар жергілікті мекеме, бөлімдерден де арнайы жұмылдырылған азаматтар келді. Биылғы ерекше құтқарушы қосынның полигондық тәжірибелік оқу-жаттығуларын Ұлттық Ұлан тұңғыш рет өздері ұйымдастырып, оған азаматтық қорғаныс жүйесіндегі әскери бөлімдерін қатыстырды.
Құтқарушылар тобы ең әуелі жер сілкінісі болған апаттық аймақты жедел қоршауға алудан бастады. Мұндағы мақсат – зардап шеккен аймақтың қарақшылар тарапынан тоналып кетпеуін қадағалау екен. Сол сәтте кедергілер жолағын бағындыру, түрлі қауіптегі өртті сөндіру, тұрғын үйлер мен ғимараттардың немесе көпқабатты үйлердің қираған кезінде жедел әрі қауіпсіз құтқару жұмыстарын жүзеге асыру машықтарын орындады. Зардап шеккен адамдарды ғимараттың жоғарғы қабатындағы қызыл жалынға қамалған қорғансыз сәтінен қауіпсіз жерлерге жөнелту, апат кезінде құтқару құралдарымен құтқару әдістері, кедергілерді қирату арқылы қараңғы жолдарды (тунель) бағындыру, GPS құрылғысының көмегімен жергілікті жерде зардап шеккендерді іздестіру, техногендік апаттар мен жол-көлік апатына, теміржол апаттарына ұшырағандарды эвакуациялау, үйінді астында қалып қойған адамдарды иісшіл иттердің көмегімен іздеп табу, сүңгуір жабдықтарын қолдану арқылы су асты іздестіру жұмыстарын жүргізу, жеке қорғаныс құралдарын қолдану арқылы химиялық қауіпті аймақтан адамдарды құтқару сынды тәжірибелі іс-қимылдарды жаттығу барысында сәтті әрі жылдам орындай білді.
Иә, апат айтып келмейді. Табиғаттың түрлі қаһары мен тілсіз жауынан зардап шекпес үшін, оған төтеп беретін мығым дайындық керек. Абыроймен атқарылған бұл жаттығу ТЖҚ-нің тәжірибесін арттыра түсті.
Оқу-жаттығу аяқталған соң аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы «Оңтүстік» аймақтық басқару командирі, генерал-майор Қайрат Ахтанов, төтенше жағдайлар бөлімінің ардагер полковнигі Амантай Мәлгаждаров, ТЖҚ-ні бас штабының орынбасары, полковник Марат Төлепбердинов сөз сөйлеп, оқу-жаттығуда үздік өнер көрсеткен Ұлттық Ұлан сарбаздары мен ТЖҚ-нің қызметкерлеріне және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне абыроймен атқарылған істері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, аудан әкімі сарбаздарға заманауи үлгідегі теледидар мен ноутбукты тарту етті.

Бақтияр АЙТАЛЫ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер