ЖАРҚЫН АСУ, ЖАҢА БЕЛЕСТЕР - Саясат|16 Қыркүйек 2017, 10:58
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

ЖАРҚЫН АСУ, ЖАҢА БЕЛЕСТЕР

Фото: Бақтияр Айталы

Жаңа оқу жылы басталды. Биыл қыркүйектің 2-де мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Табиғи демографиялық өсімі жөнінен облыста алдыңғы қатардан көрінген ауданымызда 2017/2018 оқу жылын барлығы 28182 оқушы қарсы алды. Оларға 2612 мұғалім тәлімді тәрбие, сапалы білім беруге әзір. Әсіресе, жаңадан салынып пайдалануға берілген 1200 орындық Ұзынағаш, 600 орындық Қайназар, 450 орындық Ақсеңгір ауылындағы үш мектептің жағдайы тіпті ерекше. Мұндағы тіршіліктің бәрі жаңа. Жаңа мектепке барған ұстаздар, жаңа парта, жаңа пән кабинеттері, жаңа спорт залдары, жаңа асхана... Иә, жаңаның аты жаңа.

Десек те, құрылысшылардың үлгере алмай қалған жұмыстары да жоқ емес екен. Олардың тарапынан жіберілген кейбір кемшіліктер көңілге кәдімгідей кірбең келтіретінін жасыруға болмайды. Осыны аудан әкімі Жандарбек Далабаев мырза арнайы жұмыс сапарымен барып аралаған 1200 орындық «Ұзынағаш ауылындағы орта мектеп» КММ-де өз көзімен көріп, алаң көңілмен айтарлықтай ескертулер жасады.
«Қайназар ауылындағы орта мектеп» КММ-дегі жағдай бұдан анағұрлым ілгері екені байқалады. Рас, мұнда әлі де толықтыра түсетін құрал-жабдықтарды ретімен орналастырып, бірқатарына тапсырыс беру керектігі айтылды. Дегенмен салыстырмалы түрде алып қарағанда, мектеп оқушыларына алаңсыз білім беруге лайықты жағдайдың бәрі бар. Аудан әкімі мектеп басшылары мен мұғалімдерге оқу жылының басындағы қарбалас жұмыстардың қаншалықты маңызды екенін ұғындырып, жаңа ұжымды өзара ынтымақ пен бірлікке шақырды.
Тамыз айының соңындағы кадр ауыстыру рәсімдері кезінде біраз түсініспеушілік орын алған бұл мектепке бірнеше жылдан бері білім саласында басшылық тәжірибесімен көзге түскен білікті педагог Салтанат Бақбергенқызы Сұлубекова директор болып тағайындалған. Оның алымдылығы мен ұйымдастырушылық қабілетіне ризашылық білдірген аудан әкімі ендігі жерде тек қана зор ынтамен жұмысқа жұмыла кірісу керектігін мектеп ұжымына дәлелді мысалдармен түсіндірді. Мұғалімдердің негізгі міндеті – болашағымыздың тізгінін ұстайтын бүгінгі шәкірттерді жан-жақты білімді етіп тәрбиелеу екеніне баса назар аударды. Бұл мақсатқа тек ынтымақпен ұйысқан ұжым ғана жететінін ескертті. Сондықтан алауыздыққа ешқашан жол бермеу керектігін қадап айтты.
Бұдан кейін Жандарбек Ермекұлы Абай атындағы гимназия мектебіне бұрылып, аудандағы ең байырғы білім ордаларының қатарында саналатын айтулы шаңырақтың бірнеше пән кабинеттерін аралады. Әсіресе, информатика пәнін ағылшын тілінде оқытатын аудан ұстаздарының басын қосып, арнайы курс өткізіп жатқан Бақыткүл Жанасбаева мен 9 «б» сыныбына тарих пәнінен сабақ өткізу үстінде жолыққан ұстаз Нұрлыбек Нұрымның кабинетіндегі дидарласу аса әсерлі болды. Аудан басшысы осы екі сыныпта да мұғалімдермен және оқушылармен ашыла сұхбаттасты. Оларға бүгінгі таңда қоғам мен саясатта басты бағыт саналатын рухани жаңғыру бағдарламасы мен өзге де мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп өтті. Елбасы міндеттеген аса маңызды тапсырмаларды орындау барысында ауданда атқарылып жатқан айтулы жұмыстарды шола баяндап өтті. Мектеп басшылары мен ұстаздар ұжымының ізденісті қызметтеріне сәттілік тілеп, оқушыларға ағалық ақ батасын арнады.
Іссапар барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ертас пен аудандық мәслихаттың хатшысы Саят Жұрын, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйлаш Бәкірова, Ұзынағаш селолық округінің әкімі Ескелді Қасымов аудан әкімімен бірге білім беру саласындағы әртүрлі толғақты мәселелерге назар аударды. Оларға тиісті шараларды жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.


Р.АЛМАС.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер