BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тосын Трамп...

Фото: politobzor.net

Америка 45-ші Президентін сайлады. Мұхиттың арғы жағындағы алып елде кім Президент болса да біз үшін бәрібір емес пе? Осылай ойласақ та, олай емес екен. Құрығыр көк қағаз қымбаттап кетті. Теңгенің теңгерімін ұстап отырғандар «АҚШ Президенті сайлауының бізге қатысы жоқ» дегенімен сайлау бітер-бітпестен-ақ доллар теңгеге әлімжеттік жасап әжептәуір төмендетіп тастады. Ең кемі 9 теңгеге қымбаттаған теңгенің бағасына қинала қарап тұрып, Трамптың тепкіні-ай дегеннен басқа лаж болмады...

Осылайша, алыстағы Америкадағы сайлау біздің қолымыздағы ақшамызды арзандатып жіберді... Білетіндердің айтуынша, сайлауда Трамп емес, оның қарсыласы Хиллари Клинтон жеңіске жеткенде бұлай болмас еді дейді. Бірақ, кім білген. Жалпы, Трамптың Американың 45-ші Президенті болатынын білгіштердің өзі де білген жоқ қой. Тіпті, білгіш болғанда да бәрін-бәрін білетіндердің өзі де біз Хиллари жеңеді деп ойладық деп білмей қалғанына ренжіп отырған жоқ. Өйткені, сайлау саясатынан хабары бардың барлығы да Хиллари жеңеді, немесе басқаша бір қадам болады, бірақ Трамп жеңеді деп ойлаған жоқ. Өйткені, оған бүкіл әлем қарсы тұрды. Бірден бірге жеткен жазғандардан да, айтқандардан да, сараптама, болжамдардан, кандидаттарға демеушілерінің берген қаржыларынан да, биліктің қолдауынан да Трампқа деген іштартарлық ештеңе байқалмады. Трамптың Президент боламын дегені не далбаса дейсің ғой баяғы...

Өйтпегенде ше, сайлауалды науқан кезінде АҚШ-қа мұсылмандарды кіргізбейміз деп билік саясатына қарсы келгені былай тұрсын америкалық мұсылмандардың даусынан айрылды. Хиллари қылмысы бар, Президент болсам, оны әшкерелеп, түрмеге қамаймын деді. Қытай біздің жұмыс орындарымызды алып кетіп, байып отыр. Қытайдан шыққан тауарға 45% тариф қоямыз деп айқайға басты. Ресей үшін де «үлкен бәле» көрінді. Сайлаушылардың денін құрайтын әйелдер туралы айтпағаны жоқ. Қайда кездесу өткізсе де анау-мынау айта алмайтын қоқан-лоққы, ғайбаттау. Америкалықтардан бұрын сырттағылар да «мынау Президент болса, Америка не болар» деп, айран-асыр болып жүргенде...

Сайлау өткеннен соң сарапшылар «Еңбекші Американың сырын ішіне бүккен миллиондаған өте тыныш америкалықтары» ақыры дегеніне жетті. Клинтон Президент деп қол ұрып, бас шұлғыған әлеуметтанушылар да, беделді БАҚ-тар да, көптеген сөйлегіштер де соңғы сәтке дейін оларды елемей келді - деп, сараптама жасай бастады.

Сайлауалды науқан кезінде Дональдтың кешегі-бүгінгі айтқандарынан, істегендерінен ұялып, бұл біздің кандидатымыз болуға лайықты емес деп бас тартқан, алайда, сайлауға бір ай қалғанда оны басқамен ауыстыруды заң көтермейді, енді не істейміз деп сасқандай қалып танытқан демократиялық партияның да, Хиллариды қолдаған республикалық партияның да емес, ол әлеуметтанушылар ескермеген, демократтарды да, республикалықтарды да жақтырмайтын, билікке қарсы үшінші бір өктем партияның өкілі болды дейді. Олар Хиллари Клинтонның Американы өз ырықтарына бағындырғысы келген, қымбат тұратын сарапшылары мен пиарщиктерін саяси сергелдеңге салып, өркөкірек саяси билікті де тәубесіне келтірді - дейді.

Д.Трамп 70 жастағы миллиардер. Ол құрылыс бизнесінде өз түйсігі арқылы мол табысқа қол жеткізіп, талайларды тітіркенткені сияқты саясат сахнасында да жұртқа керегін - бұрынғы ойын ережелеріне, ескі жүйеге қарсыларға, адамгершілік құндылықтарының құрып бара жатқанына иек артты. Бір қызығы қоғам Трамп сияқты тосын адамдарға таңдау жасайтын уақыт келгеніне жұрт көзін ашты дейді.

Жалпы Трамп жобасы америкалық қоғамның ғана емес жаһандық дамуда тосын жайттардың басым екендігіне баса назар аудартқаны анық. Заманына қарай амалы дегендей, дамуына, қоғамына қарай Президент Трамп болған да шығар...

Трамп бұған қалай қол жеткізді? Америка сайлауынан кейін ерінбегеннің бәрі Трамптанушы ретінде бұған да қайран. Оның қаржысы, қаржы беретіні көп болған жоқ. Жарнамасы да арзан. Сайлау науқанына жеңімпаз Дональд Трамп 430 млн, ал жеңілген Хиллари Клинтон екі есе көп 900 млн. доллар жұмсаған. Екеуі де жарнамадан ақша аямаған. Клинтон теледидарға жұмыс істесе, Трамп ғаламторға жүгінген. Трамптың америкалық ірі БАҚ-тармен жұмыс істеуден бас тартуы, әлеуметтік желіні таңдауы бір тәлпіштенгендей көрінгенімен, ол Facebook, Twіtter арқылы өз-өзін жарнамалап, Барак Обамадан кейінгі ғаламтордан дауыс жинап, жеңіске жеткен екінші Президент болып қазірден-ақ тарихта қалды.

Бұрыннан да Трамп әртүрлі әңгімелерімен әлеуметтік желілерге әр бергеніндей, науқан кезінде де бұрынғы дөрекі, өктем, мәдениетсіз қалпынан қайтпай, Трамп - сол Дональд әуенімен Клинтоннан 4 есе көп пікір жинақтаған.

Бірі ресми түрде демократиялық, енді бірі республикалық, қайсысы болса да, Америкадағы жетекші партия болып саналатын саяси құрылым­ның кандидаты болған екеуі бұрыннан да алыс-берісі бар жандар екен...

Мәселен, 1998 жылы Билл Клинтон (Хиллари күйеуі) Моника Левинскиймен шатасқанда, Дональд Трамп «Президент интимдік сұрақтарға жауап беруден бас тартуы керек» деп оны қорғаған. 2002 жылы 5 жыл бойы Трамп Хиллари Клинтонның сенаторлық науқанына 14 мың доллардай қаржы аударған. 2005 жылы Дональд қазіргі әйелі Меланияға үйлену тойына Клинтондарды шақырған. 2009 жылы Clіnton foundatіon қайырымдылық қорына Д.Трамп 100 мың доллар қаржы аударған. Трамптың қызы Иванкидың тойына Клинтонның қызы Челси қонақ болып шақырылған.

1995 жылы Билл Клинтон Президент болғанда Ақ үйдегі іс-шараларға Дональд көп шақырылған. 1999 жылы Билл Клинтон АҚШ-тың Апелля­циялық сотының соты лауазымына Д.Трамптың бауырын ұсынған. 2012 жылы экс президент ретінде CNN эфирінде сұхбат берген Билл Дональдпен гольф ойнағанды ұнататынын айтқан. 2015 жылы Дональд Трамп кандидат болатынын жариялаудан үш апта бұрын Билл Клинтон Д.Трамппен телефон арқылы сөйлескен. Ол кездері Хиллари кандидаттар арасында болған.

Ғаламтордағы осындай ақпараттардан кейін осыдан біршама жыл бұрын «қара бала» - Барак Обаманы АҚ үй төріне шығарған Америка саясатының тосын мінезді Трампты Президент тағына отырғызу арқылы әлсіреп бара жатқан Америка демократиясы туралы жан-жақтың түсінігін бір тәртіптеп алғысы келгенін түсінуге де болатын сияқты.

Мәселе, Трамптың Президент болғанында емес, Американың оны қалай Президент еткенінде, сөйтіп Америка демократиясын тағы бір дәлелдегенінде, жаһандық саясатта әділ төреші саналатын өз жақсы атын сақтап қалғысы келген науқанында болса керек.

Жалпы, Америка сайлауына біздің түсінігіміз, ой-өрісіміз бойламайды екен. Содан да, көп жұрт Трамп президент боларын білмей қалды. Оған еш өкпе жоқ. Өйткені, сайлау Америкада өтті ғой...

P.S. Сайлау қорытындысымен келіспегендер Таңдаушылар коллегиясынан 19 желтоқсанда өтетін ресми дауыс беруде Хиллари Клинтонға дауыс беруін талап етіп, петиция жариялады. Оған 2 млн-нан астам адам қол қойды. Нью-Йоркта, Чикаго, Вашингтон, Филадельфия, Бостон, Сиэтл, Портленд, Остин сияқты ірі қалаларда мыңдаған адамдар «Трамп менің прези­дентім емес» деп митингіге шығуда. Полицияға қарсы күш көр­се­тіп, бейбіт митинг шырқын бұзған әсіре белсенділер қамауға алынуда. Трамп бұлайша бүлінгендерге «сайлау әділ, ашық өтті» деп басу айтуда. Айтпақшы, Д.Трамп АҚШ Прези­денті қызметіне кіріскеннен кейін Президент жалақысынан бас тартып, заң бойынша 1 доллар ғана алуым керек, соны аламын депті. АҚШ Президентінің айлығы әйтпесе жылына 400 мың доллар екен. Негізі жылына 400 мың долларды құрбан етіп, жағымсыз Трампты жағымдыға ауыстырғысы келсе керек...

С.БИХОЖА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер