BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АТА ӘРУАҒЫНА ТАҒЗЫМ

Уақыт өтіп барады. Кейде қайырылып қарар мінез танытпаған, қайырымсыз уақытқа: «Ей, зырылдаған күндер, тоқтаңдар! Маған өткенді қайтарыңдар!» дегім келетіні бар. Өйткені ол «өткен» ішінде талай ауыртпалықты арқалай жүріп, азаматтық, адалдық деген асыл қасиеттерін жоғалтпаған жан атамның өнегелі өмірі бар еді. Кешегі Отан соғысында туған топырағын жау тырнағынан тайсалмай қорғаған, от болып жалындап ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде еселі еңбек етіп өнегелі ізін қалдырған аяулы азаматтардың бірі - менің атам Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жаңажол ауылының тумасы Медешов Боқанбай еді. Ауылдағы көп баланың бірі болып қалмай, алдына арман-мақсат қойып, 1935 жылы Қазалыда маңызды оқу орны болып саналатын ФЗУ-да оқып вагон слесарі мамандығын алса, 1936 жылдары Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищесін мұғалім мамандығы бойынша тәмамдаған ол, Төретам қыстағында ба- стауыш мектептiң ашылуына ықпал етеді. 1936-1939 жылдары Қармақшы ауда- нына қарасты Төретам қыстағында өзі бас болып ашқан №69 бастауыш (қазіргі №80- ші мектептің негізі) мектептің алғашқы меңгерушiсі және мұғалiмі болып қызмет атқарады. Шәкiрттерiн бiлiм нәрiмен сусындатқан жылдар да өте шығады. 1939 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, артынша басталып кеткен зұлмат соғысқа араласып кетеді. 1941 жылдың шілдесінде майданға аттанған атам Ұлы Отан соғысы жылда- рында қолына қару алып, жауын жеңбей қайтпайтын қаһарлы жеңіс жауынгеріне айналды. Ол 1-ші Украин майданында 133 дивизияның 631 атқыштар полкiнде автоматшы, барлаушы, взвод командирі болып талай батылдығымен көзге түседі. Небір ауыр шайқастарды бастан өткерiп, Вязьма, Смоленск, Минск, Киев, Житомир, Львов, Тернополь, Подольск сияқты қалаларды жаудан босатуға қатысады. Днепр өзенiнен өту кезiндегi ең үлкен қанды шайқаста да ерекше ерлiгiмен көзге түседі. Ал, Карпат тауындағы жау қолындағы 680 метр биiктiктi азат ету жорығында ерен ерлiктің үлгісін көрсетіп, командирі оққа ұшқан соң тірі қалған жауынгерлерге өзі басшылық жасап, өрге қарай өте ептілікпен өрлей отырып, неміс дзотын қиратып, биіктіктен немістерді қуып шығады. Мұз жастанып, қар төсенген жауынгерлік жорығында ол Беларуссияның Хатын қаласын, Еуропаның Польша, Вен- грия, Румыния секілді елдерін фашистік басқыншылардан азат етуге қатысады. Герман жерінде фашистерді талқандауға қатысады. Жаумен шайқаста екі рет ауыр жараланса да, майдан даласын таста- майды. Қанды қырғынның басынан аяғына дейін қатысқан атам кеудесіне жауынгерлік «Қызыл Ту», «1 дәрежелі Отан соғысы» ордендерін, бірнеше медаль тағып, 1945 жылдың қазан айында елге оралады. Соғыс жылдары КСРО-ның Бас Қолбасшысы Сталиннің алғысымен 4 рет және 1-ші Украин майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы И.Коневтің «Благодарственная грамота- сымен» марапатталады. Отан қорғауда асқан ерліктің үлгісін көрсеткен Боханбай атамды сол жылда- ры халқы мақтан тұтып, ал биліктегілер болса батыр азаматқа түрлі қызмет тізгінінен ұсынады. Бiрақ ол кісі лауазымға қызықпай, өзiнің ұстаздық жолын әрі қарай жалғастыруды парыз санайды. Осылай ол облыстық білім басқармасы меңгерушісінің бұйрығымен Қармақшы ауданы орталығында орналасқан «Октябрьдің 18 жылдығы» атындағы бала- лар үйiнiң директоры қызметiне жұмысқа кіріседі. Бұл балалар үйiнде қазақ балала- рымен қатар, соғыстың тақсіретін тартқан сол жылдары әкелiнген орыс, грузин, шешен, грек, украин, қарашай, кәрiс т.б. ұлт өкiлдерiнiң жетім балалары тәрбиеленетін. Атам олардың барлығының ер жетiп, аяқтануына, жұмысқа тұрып, үйлi-жанды болуына дейiн көмегiн аямай, қолғабысын береді. Сол себептi, есейіп кетсе де біздің атамызды олар да осы кезге дейін «әке» деп атап келген. Мұның өзі ол кісінің шапағатқа толы мейiрiмi мен қызметке деген адалдығы болса керек. 1951 жылы Қармақшы ауданындағы бiрнеше шаруашылық түрлерiнiң басын қосқан «Промкомбинат» директорлығына тағайындалып, бұл қызметті 19 жыл абыроймен атқарады. Әрбiр iстi тиянақты, тындырымды жасай бiлетiн бiлiктi басшыға осылай ауқымды салаларды көтеру жүктеледі. Атамыздың басшылығымен 10-нан астам әр түрлі ұлт өкілдері бар бұл үлкен ұжым жұмысшы, қызметкерлері ауызбіршілікте, сыйластық, бірлікте қызмет атқарып, ауданның әл-аухатының өсуіне өз үлесін қосқан. 1969 жылдың 4 қаңтарынан ол халық депутаттары Жосалы поселкелiк Советi атқару комитетiнiң төрағасы, 1975 жыл- дан 1980 жылдың 31 шілдесіне дейiн, зейнеткерлікке шыққанша Қармақшы ау- даны Қорқыт ауылдық кеңесiнiң төрағасы қызметтерiн абыройлы атқарды. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарғы ерлігі және соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі ерен еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет Грамотасымен», 16 мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған. Бұл әрбір марапатта атамыздың май- дан даласындағы төгілген қан мен тері, соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жұмыстарындағы қажыры мен қайраты, күш-жігері жатқаны белгілі. Ол талай ұрпаққа еңбек пен ерлiктiң үлгiсi бола білді. Қарттық басып, шашына ақ түссе де қоғамдық мәселелердi көтерiп, халықтың қамын жеуден тынған емес. Бiрақ өмiр заңдылығынан қашып құтыла алмайсың. Атамыз 1994 жылдың 15 та- мызында 77 жасында бұл дүниеден озды. Қазір ата мен әжеден 1 қыз, 7 ұл бала, 16 немере, 14 шөбере тарап отыр. Өнегелі өмір сүру, Отанға, елге қызмет ету ата үрдісі балалары, немере, шөберелері тарапынан жалғасын табуда. Тірлік- тіршілігіміздің бастау алар қайнары, атамыз Боханбай мен әжеміз Ұрқияның ақ жүрек, пәк тілектері қайда жүрсек те бізбен бірге. Сондықтан да бүгін: «Жеңісіңіз құтты болсын, ата!» дейміз басымызды иіп.

 

Жанболат МЕДЕШОВ, Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім аға прокуроры І сыныпты заңгер


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер