BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІНІҢ НАР ТҰЛҒАСЫ АРАМЫЗДАН ӨТТІ

Абыз дала, аңыз дала. Қойнауыңа қарт тарихымыз шөккелі қасиетіңді сезіне білгендерге қадірің артты. Жылылығыңды сезініп, ұлылығыңды жырлады. Жоғыңды жоқтап, мұңыңды мұңдады. Тек, бауырыңнан түлеген мұндай ұлдарыңның қатары сирей бастағаны өкінішті. Өйткені күллі қазақ даласын күңірентіп, әдебиетіміздің қабырғасын қайыстырып, тағы бір нар тұлғаң дүниеден өтті. Ол төл перезентің Тұрсынбек Кәкішев. Белгілі әдебиетші, ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, халықаралық жоғарғы мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, ұлт ұстазы 7- қыркүйек күні 89 жасқа қараған шағында көз жұмды. Тұрсынбек Кәкішев саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге арнады. Әдеби сынды жаңа белеске көтеріп, тың сүрлеу салды десек артық айтқандық емес. Бір қуанарлығы парасат-пайымы дара тұлғаның кіндік қаны тамған жер Бұланды ауданы. Өмір дерегіне үңілсек 1927 жылы 15 тамыз- да Ақмола облысы Бұланды ауданының Бөрлі ауылында дүниеге келген. Ол жайлы көзі тірісінде берген сұхбат, жазбаларының бірінде: «Мен қазақ жерінің бір әдемі өлкесінде, Көкшетау облысы, Бұланды ауданының Алтынды деген кентінде туып өстім. Туған жерім Бөрлі – Швейцарияға бергісіз жер. Дүние жүзін аралаған уақытта табиғаттың ешбір көркемдігіне таң қалмаймын. Өйткені, туған жерім одан артық. Астанадан Бурабайға жол тартқан жолаушылар Көкшетаудың сұлулығына тамсанбай өтпейді»,- дейді. Табанды еңбегінің арқасында ұрпаққа құнды мұра қалдыра білген қайраткердің еңбек жолына тоқталса: 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1960 жылы Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1944-1945 жылдары Ақмола облыстық Қазақ драма театрында актер, сол жылдары «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі. 19950-1958 жылдары Партия тарихы институтында, 1960- 1968 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.Әуезов атындағы өнер институтында ғылыми қызметкер. 1968 жылы КазМУ- де аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет істеді. Өскелең ұрпаққа білім беру ісі мұнымен аяқталған жоқ. Өмірінің соңына дейін жастарға білім беріп, шәкірт дайындап өтті. Тұрсынбек Кәкішевті қазақ әдебиетінің бүгінгі алыбы, тау тұлғасы дейтін де жөні бар. Өйткені еселі еңбек ете жүріп, елеулі дүниелер жазып, өлмес туынды- лар қалдырды. Мәселен әдеби сын тарихын зерттеген «Сын сапа- ры», «Оңаша отау», «Ұштасқан үш өзенмен», «Жол үстінде 80 күн», «Жасампаз өлке», «Кер заманның кереғар ойлары» тағы басқа көптеген жинақтары мен кітаптары оқырманға ой салатын құнды дүниелер. Ал, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты монографиясы қазіргі таңда жоғарғы оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. Сонымен қатар әдебиет сүйер қауым Тұрсынбекті Сәкентанушы ретінде жақсы біледі. Ғалым Сәкен Сейфулиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп біршама кітаптар шығарды. Олар: «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Тар жол тайғақ кешудің тағдыры», «Мағжан-Сәкен», «Сәбең әлемі» және тағы басқалары. Даңқты жерлесіміз жайлы айта берер болсақ атқарған қызметтері мен жазған еңбектері жетіп артылады. Ұлтын сүйген ұлтжанды ұлдың қазасына ел болып қайғырды. Аза тұтты. Туған топырағындағы білім ортасына көзі тірісінде ардақты ғалымның аты берілген болатын. Ұрпақ ертеңі, ұлт болашағы үшін еңбек етті. Есімі ел есінде қалды. «Өзі өлсе де сөзі өлмеген» осы болар. Жатқан жерің жайлы топырағың торқа болсын ұлт ұстазы!

 

З. ЖАЙНАРБЕК.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер