ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР ӨМІРІ - Мұрағат|30 Шілде 2015, 09:08
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР ӨМІРІ

 Тағдырдың тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Қазіргі сәтте оларға қолдау көрсету еліміздің саяси міндетіне айналуда. Өткен сейсенбіде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратының мәжіліс залында өткізілген семинарда елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясат, мүгедектердің негізгі құқықтары жайлы мәселелер әңгіме арқауына айналды. Семинарды ұйымдастырушылар «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі. Аталмыш бірлестік 2013 жылдың 26 наурызында Петропавл қаласында құрылған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жанындағы мүгедектер ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі. Бірлестік қызметшілері 1 және 2 топтағы мүгедектер, елімізде тұңғыш рет тірек- қозғалыс аппараттары зақымдалған мүгедек балалар үшін ашылған инклюзивті мектеп-интернаттың алғашқы қарлығаштары. Бірлестіктің негізгі мақсаты – мүгедектердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, оларды кешенді оңалтуды жүзеге асыру, қоғамдағы орны және мүгедек балалар үшін қолайлы жағдайлар жасау. Құрылған уақыттан бері біршама жағымды істерді тындырып, жастар, мүгедектер арасында семинарлар, акциялар, тренингтер өткізді. Қазір өңіріміздің аудандарын аралап, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Тең мүмкіндіктер өмірі» атты семинар, бизнес-тренингтер ұйымдастыруда. Семинарды кіріспе сөзбен ашқан аталмыш бірлестік директорының орынбасары Сәлімхан Сәбитов өздері жайлы айта келіп, семинарға қатысушыларды ашық әңгімеге шақырды. Одан кейін сөз алған бірлестік дирек- торы Ақжан Кәрімов мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен төлемдерге тоқталып өтті. Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесінің әлемдік стандарттарға жақындауының маңызды қадамы болып Мемлекет басшысының 2008 жылғы желтоқсанда «Біріккен Ұлттар ұйымының «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенцисына қол қоюы болды. БҰҰ Конвенциясы мүгедектердің құқықтарын қорғауға және ынталандыруға, оларға қатысты кемсітушіліктерді жоюға, олардың жұмыс істеуіне, денсаулықтарын сақтауына, білім алуына және қоғам өміріне толықтай қатысуы, әділеттілікке қол жеткізуі, еркін қозғалуы құқықтарын қамтамасыз етуге және ынталандыруға бағытталған. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 24–тарауы мүгедектердің еңбегін реттеудің ерекшеліктеріне арналған. Кодекске сәйкес медициналық қорытынды бойынша денсаулық жағдайы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтіретін не оның денсаулығына және (немесе) басқа адамдар еңбегінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, мүгедектік себептері бойынша еңбек шартын жасасудан бас тартуға, мүгедекті басқа жұмысқа ауыстыруға, еңбек жағдайларын өзгертуге тыйым салынады. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын ұзақтығы қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді. Сонымен қатар, бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге ұзақтығы 15 күнтізбелік күннен кем болмайтын қосымша жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы беріледі. Сондай-ақ жұмыс істейтін мүгедектерге жұмыс берушінің келісімдерімен, актілерімен, сонымен қатар ұжымдық келісіммен қосымша кепілдіктер берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 156-бабына сәйкес бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерден республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының басында қолданыста болатын ең төменгi жалақының 55 еселенген мөлшерi шегiнде бір жылдағы табыстары салық салуға жатпайды, яғни олардан жеке табыс салығы ұсталмайды. Мүгедектік адамның физикалық мүмкіндігін шектеп қана қоймай, қазіргі заманғы өмір сүруіне қажетті жұмысқа орналасу, табыс табу мүмкіндіктерін шектейтін аса күрделі құбылыс болып табылады. Осыған байланысты әлеуметтік қамсыздандырудағы мемлекеттік саясат ең алдымен азаматтар жұмыс істеу қабілетінен айрылған жағдайда оларды қаржылық қолдауға бағытталған. Семинар барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірлерінен бейнероликтер көрсетіліп, ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасында ашық әңгімелесу қалыптастырылды. Залға жиналғандар өздерін толғандырып жүрген мәселелер жайлы сұрақтар қойып, толыққанды жауап алды. Семинар аяқталғаннан кейін бәрі естелік суретке түсті. Жалпы, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапа- сын жақсарту мақсатында атқарылған тірлік жетерлік. Оларға жасалатын әрбір көмек еш уақытта толастамауға тиіс. Себебі, өмірдің тауқыметін тартса да, басына түскен іске мойымай күн кешіп жүрген кемтар жандардың жайы қай кезде де алдыңғы орындарда бо- лып, басты назарда болуы хақ.

 

Жанат КӨШЕЙ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер