BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АУДАН МӘРТЕБЕСIН БИIКТЕТКЕН СПОРТШЫЛАР

 Дүйсенбi, 13 сәуiр күнi аудан әкiмi М.Шүкеев елiмiздiң көкбайрағын әлем жұртшылығы алдында желбiретiп, Әнұранымызды асқақтатқан спортшыларымыз Әдiлет Жеңiсбай, Лаура Каримбаева және Сәнiм Нышаналыға құрмет көрсеттi.

Киелі Байзақ өңірі-елімізге танымал спортшылардың құтты бесігі. Қасиетті топырақтан шыққан грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан Атланта және Сидней Олимпиадаларының күміс жүлдегері, әлем кубогінің иегері Болат Жұмаділов, бокстан Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері Болат Ниязымбетов, самбошы, Еуропа чемпионы Алмас Мұсабеков, футбол шеберлері Нүркен Мазбаев пен Азамат Ниязымбетов секілді даңқты спортшыларымыздың ізбасарлары бүгінде республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып келеді. Ағымдағы жылғы сәуір айының 3-і мен 10-ы аралығында Түркия мемлекетінің Анталия қаласында армрестлингтен ашық Азия чемпионаты өтті. 25 мемлекеттің спортшылары қатысқан жарыста жалпы командалық есепте Қазақстан құрама командасы бірінші орынды иеленген-ді. Осы команданың құрамында болған байзақтық Әділет Жеңісбай, Лаура Каримбаева және Сәнім Нышаналы намысты қолдан бермей, бірінші орынды иемденіп қайтты.
Абай ауылының тумасы Әділет Жеңісбай 2013 жылдан бері армрестлингпен айналысып келеді. Осы күнге дейін екі рет Қазақстан чемпионы, бір рет Қазақстан Республикасы кубогінің чемпионы атағын жеңіп алған еді. Анталияда өткен дүбірлі додада 75 келі салмақ бойынша Әділет оң қолымен 8 қарсыласын, сол қолымен 6 қарсыласын шаң қаптырды.Сөйтіп бірінші орын тұғырынан көрінді. Ересектер арасынан байзақтық Лаура Каримбаева мен мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер арасынан Жібек жолы ауылының тумасы Сәнім Нышаналыға тең келетін ешкім болмады. Осылайша үш оғланымыз ауданымыздың намысын қорғап, туған жерге жеңіспен оралды.
Жеңімпаз үш спортшыны жарысқа дайындаған №2 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жоғары санатты жаттықтырушысы Ильяс Жансақалов.
Аудан басшысы спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда да биіктен көріне беруіне тілектестігін білдірді.

 

Өз тілшіміз.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер