BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бар арманы – баспана

 Болатбек Әлжановтың Қостанайға қоныс аударғанына бес жылға жуықтады. Содан бері үйелмелі-сүйемелі бес баласы бар жас отбасы қаланың бар бұрышын адақтап шыққан. Қазір Қостанайдың солтүстік-батыс шағын ауданындағы бір бөлмелі тар үйді 10 мың теңгеге жалға алып отыр.

 
– Өзім тұрақты жұмыс істемеймін. Келіншегім үйде бала бағады. Мына шағын үй туысқандарымыздың салған баспанасы еді. Әзірге осында тұрып жатырмыз. Бір жағынан ағайымыздың құрылыс жұмыстарына қолқабыс етемін,
– дейді Болатбек.
Болатбек – Меңдіқара ауданындағы Жарқайың ауылының тумасы. Қазір ауылда он шақты ғана үй қалған. Жастар жағының екі қолға бір күрек іздеп қала маңын төңіректеуден басқа амалдары жоқ. Бұйыртқан несібелері бар шығар, бес баланы қатарынан кем қылмай өсірсем екен дейді жас жігіт.
Баланың үлкені екінші сыныпта оқиды. Ең кенжелері егіз – Аружан мен Аяжан биыл наурыз айында 1 жасқа толды. Оларға бір жасқа дейін төленетін жәрдемақы да осы айда тоқтатылады. Екеуіне 17 мың 500 теңге алып жүр едік. Бұл да болса сәбилерімізге талғажау ғой, – дейді Болатбектің жұбайы, – Мына кішкентайымыз туғаннан жүрек кеселіне шалдыққан. Алты айлығына дейін есепте тұрғанбыз. Кейін дәрігерлер баланың сырқаты бітеліп кетеді, – деді.
– Аға, мен өмірі біреуден жұмыс сұрап, иә болмаса үй сұрап, кісі есігін жағалап көрмеген жанмын. Қол-­аяғым бүтін, қоғамға масыл болғым келмейді. Тек, басыбайлы баспанаң болмаған соң, тіркеуге де тұра алмайсың. Мектеп жасындағы балаларым өздері оқитын білім ошағына тіркелген. Осы жаныма батады. Жер телімін алуға кезекке тұрғанмын. Бірақ, одан да қайыр болмай тұр, – деп қынжылады Болатбек.
Бұл жалғыз Болатбектің басындағы ғана жағдай емес. Болашағы бұлыңғыр қаншама елді мекеннің тұрғындары қалада жөңкіліп жүр. Жан бағу оңай ма?! IMG_6828
Тек, балғындар өздерінің жеке баспаналары болғанын қалайды. Енді көпбалалы жас отбасы қала басшыларына үміт артады. Қарыс сүйем жер болса да баспана салып алар едім деп армандайды Б.Әлжанов.
 
Айбек  КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер