ҚЫРАН ҚАНАТ ТАЛМАСЫН - Мұрағат|05 Наурыз 2015, 09:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚЫРАН ҚАНАТ ТАЛМАСЫН

 КЕҢ БАЙТАҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРТ БІРДЕЙ ОБЛЫСЫН БАСҚАРЫП, ЕЛЕУЛІ ІСТЕР ТЫНДЫРҒАН РЕСПУБЛИКА ҮКІМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ЕКІНШІ ХАТШЫСЫ ҚЫЗМЕТІНДЕ ЖҮРІП, 62 ЖАСЫНДА ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ ШЫҚҚАН ЖЕРЛЕСІМІЗ САҒИДОЛЛА ҚҰБАШЕВ АҒАМЫЗДЫ ӨҢІРДЕ БІЛМЕЙТІН АДАМ КЕМДЕ КЕМ.

Сол кісі тағдыр маңдайына жазған өз өмірінің әр кезеңін, уақыттарын сын тезінен өткізіп, салмақтай келе жазған «Адам күні адаммен» атты деректі әңгімесінде: «Адамдардың бәрі бірдей ел азаматы бола алмайды. Ерен еңбегі, үлкен өнері, ақылы мен әділ істері үшін ел өз ұлдарының бір бөлегін ғана ел азаматы санайды. Мағыналы, саналы өмір деген осы. Бұндай өмір әр адамның арманы»,-деп ой қорытқаны бар.
Міне, осылайша өзіне де, өзге де өткір талап қоя білген ағамен кездескен әрбір сәт әр жанға да ұмытылмас әсер сыйлайды. Сондықтан да жерлестері де онымын байланысын еш уақытта үзбей келеді.
Өзінің туған жерімен байланысын еш үзбеген азаматтың жуырда асыл жары, сенімді жолдасы, жоғары білімін елін көркейтуге жұмсаған білікті маман, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген зоотехнигі», алты ұл-қыздың анасы, бірнеше немере-шөберінің әжесі Шолпан Халелқызы дүниеден өтуіне орай аудан әкімі С.Арыстанның бастауымен бір топ жерлестері имандылықтың сауапты жолымен Алматыда болып, асыл азаматтың өзіне, отбасына облыс және аудан жұртшылығы атынан көңіл айтып, орайласа келген туған күнімен құттықтап, шапан жауып, Жайық бойының дәмін ұсынды.
Сонымен сөзді ретімен бастайық. Ақпанның құбылмалы ауа райына қарамастан жолға шыққан жерлестерін атақты Желтоқсан дүмпуі орын алған алаңға жонарқасын тосқан көп қабатты үйлердің шағын бір пәтерінде тұратын Сағидолла ағамыздың өзі тік тұрып қарсы алды.
-Хабарласқасын, мүмкіндігімізше, дайындалдық, балалар да келіп жақсы болып қалды ғой. Бүкіл ел көшіп келгендей болды, япырай, көңілімді көтеріп тастадыңдар, қарақтарым.Елдің атынан келіп, елдің тілегін жеткізгендеріңе үлкен рахмет. Осымен біздің отбасының мерейін тасыттыңдар,-деп жерлестерін төрге бастады. 
Жайық бойынан барғандардың үлкені Социалистік Еңбек Ері, байырғы досы, «Атыраудың Құрметті азаматы» Сақан Дәулетқалиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов болса, топтың мүшелері Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Индер ауданының әкімі Серік Арыстан мен аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров, асыл азаматтың өзі басқарған Ленин орденді «Передовик» кеңшарының он жеті жыл директоры болған Райхан Құспанов, алматылық інісі әрі әріптесі Ғаділжан Мусинді жылышыраймен қабылдады. 
Сол жерде Сақан аға аяулы азаматтың жарының рухына бағыштап дұға оқып, бет сипады. Қайғы бөліссе азаяды деп мұңды жан мен отбасы мүшелерінің көңілін бірледі.
-Мына ауыл мен елдің азаматтарының баршасы Сәкеңе көрінейік, сәлем берейік, Шолпанның орнына бата етейік деген есеппен, өзіңізге көңіл білдіруге келіп отыр. Осы ортада сізден кейінгі үлкені менмін. Қайтеміз, барлығы да бір алланың ісі. Жақсыны да, жаманды да, шаңырақ басына түскен қай-қайсысын да көру міндет. Көтеру парыз, мұндай қиындықты нар көтереді. Әрине, бұл шаңырақта Шолпаннан Сізге ең қымбат ешкім болмауы тиісті. Сәке, мынау үлкейіп келгенде бұл үлкен қайғы. Сіздің Шолпан екеуіңіздің бір күн, бір жерде бірге отырып әңгімелескеніңіз бір дүние ғой. Қайтесіз, көнесіз.
Ендігі жерде ол кісінің көрмеген қызығын сіз көріңіз, ұл-қыздарың, келінің, күйеу балаларын, ұрпақтар, шөберелерің бар шүкір ету керек. Денсаулықтың арқасында әдемі ұяңның басшысы болып отыра беріңіз. Сәлем де сағатымен деген, жақсылықтарда кездесейік. Мына отырған азаматтар, інілерің бар елдің атынан соны Сізге тілек еткелі келдік,-деп Еңбек Ері ағынан жарылды. 
Сол арада шағын залдағы әңгіме тізгінін, облыс әкімінің тілегін ала келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов ағамыз алып, оның беташарын естелікпен бастай келе сапардың негізгі мақсатына ауысты. Облыс ардагерлері ұйымы жетекшісінің ұсынған тебіреніс пен тілекке толы сезімдермен өрілген Құттықтау хаты әр көңілдің төрінен орын алды.
-...Әрине, бұл күні айтпасқа болмайды, Өмірлік жарыңыз, сүйенішіңіз, қамқоршыңыз болған Шолпан жеңгеміздің өмірден өтіп, алға қарай тіршіліктің талай соқпақтарында үнемі жалғыздық күй кешуге жазылған тағдырыңыз өте ауыр да қиын. 
Сене алмай жоқтығыңа үйде сенің,
Сенделіп сең соққандай күй кешемін.
Мен өзіңсіз өмірдің қайраңына,
Желкенсіз құр кемені жетелеймін,- деп ақындар жырлағандай көнбеске де амалыңыз жоқ, жылайсыз, ширығасыз.Табиғат адамға үш рет жастық шақ сыйлайды екен. Бірінші өзіңіздің жастық кезіңіз, екіншісі, шын махаббатқа жолыққаныңызда, үшіншісі, жүз жасқа толғанда. 
Қадірлі Сәке, алғашқы екеуінен абыроймен өттіңіз. Енді алда үшіншісі қалды. Алла өзіңізді сол үшінші жастық шаққа да аман-сау жеткізіп, өміріңізді ұзарта бергей. Халқыңыздың, жерлестеріңіздің алдында бала-шаға, немере-жиендеріңіздің ортасында темірқазық қалпыңыздан таймай еліміздің асқар таудай тұлғаларының бірі болып өмірдің қызығына кенеліп жүре беріңіз. Сізбенен Атырау өңірі әрдайым мақтанады,-деп жазылған хатты толқи тұрып оқып, табыстады, азаматтың иығына шапан жапты. 
Одан соң сөзді Индер ауданының әкімі Серік Бисешұлы Арыстан алып:
-Өмірден өткен апамыздың орнына дұға оқып, құран бағыштайық деп сонау өзіңіз туып-өскен, еңбек еткен елден келіп жатырмыз ақсақалдарды ертіп. Жалпы осы ортада мен Сәрсенбай Құрманұлына рахмет айтқым келіп отыр. Ол қайда жүрмесін елде еңбек еткен азаматтарды іздеп, құрметтеп, сәлемдесіп жүреді. Осы сапарымызға да түрткі болған осы азамат.
Сізге бір жиналып келуді жоспарлаған болатынбыз, соның бүгінгі күні сәті түсіп отыр. Жалпы бұл жөніндегі ойымды Бақтықожа Салахатдинұлына да айтқан болатынмын. Ол кісі бұл ойымды құптады.Бұл өте дұрыс мәселе. Ақсақалдарды ертіп бар, көңілін сұра, бата бағыштаңдар, менің атымнан сәлем айтыңыздар деп жатыр. Сол кісінің сәлемін қабыл алыңыз, ағай.
Өзіңіз де әңгіме барысында айтып отырсыз, қарапайым еңбектен көтеріліп, ЦК-ның екінші хатшысына жеткенше көтерілдім деп. Ешкімге қиындық түсірмей, кінәраттаған жоқсыз жазықсыз. Осының бәрі сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз, ең бастысы туған жермен, ата-баба қанымен бойға сіңген қасиет деп ойлаймын,-дей келе ауданның атынан Құттықтау хатты оқып берді.
-Сіз жүрмеген жер, сіз баспаған белес жоқ.Ең бастысы қайда, қай жерге табан тіресеңіз де басты қасиет халықтың ұлы болғаныңызда жатыр. Сізді туған халқыңыз ар-намысына шаң жұқтырмаған дана, қарапайымдылығы мен кісілігін сақтай білген бекзат, адамгершілік пен адалдықты қадірлейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын қайраткер ретінде қадірлейді,-деген шынайы лебізге толы Құттықтауды табыс етіп, жерлестері атынан қазақы дәстүрмен жағалы шапанды иығына жауып, қызы Әлия Сағидоллақызына да облыс басшылығы атынан жеке сыйлықты тапсырды.
Сонан соң аудан басшысы елден жеткен дәм мен Индер ауданындағы Көктоғай ауылындағы «Алға» ЖШС дайындаған шұбатты, туған жерден шыққан өнім ретінде әспеттей табыс етті. Оны мәслихаттың хатшысы Бағдат Шамұратұлы арнайы поезбен әкелгенін де жеткізіп үлгерді.
Сағидолла ағамыз да өткен жаңа жылда Атырау облысының әкімі Б.С. Ізмұхамбетовтің өзіне арнайы қоңырау шалып, жаңа жылымен құттықтағанын ыстық сезіммен еске алды. Облыс әкімінің аға буын өкілдерімен байланысын, жасап отырған қамқорлығына ризашылық білдірді.
- Жақында қарттарды қабылдап, О.Қарасаевтың 90 жасын атап өтіпті. Керемет, өте дұрыс. Қарттарды сыйлаған ұтылмайды. Олардың тәжірибелерін, айтқандарынан үйреніп алған еш артық болмайды. Қайда жүрсем де елдің жақсы істерін айтып жүремін, қолымнан келсе жақсылық жасағым келеді. Кездескен басшыларға айтып жүремін,-деген ардагер аға облыс экономикасы мен әлеуметтік жағдайын түзеуге лайықты үлестерін қосқан Н. Оңдасынов, М. Есенов, Жағыпар Өзбекқалиев, тағы да басқа азаматтардың еңбектерін өз дәрежесінде бағалап, құрметтеуге шақырды, тілегін қосты.
Ашық отырып, сыр тиегі ағытылған кездесу үстінде Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов сөз алып, өзінің Сағидолла Құбашев туралы көптеген деректерді, естеліктерді қозғай келе:
-Біз кейінгі өскен ұрпақпыз ғой. Сіз 1963 жылы Шортанбайдан депутат болып сайланғанда мен дүниеге келіппін. Енді міне, Шолпан анамыз дүниеден озды. Бұл тірі жанды айналып өтпейтін пешенесіне жазылған бір нәрсе болса, ол- ажал ғой. Өмір бар жерде өлім бар дейді. Біреуге ерте біреуге кеш. Сол кісілердің рухы үшін өмір сүру керек, аға. Болғанға болаттай берік болыңыз. Құлсары да Қапез деген қарт бар, сізді аузынан тастамайды. Бізде Семейден, Қызылордадан, Ақтөбеден депутаттар бар сайланған, солар жыр қылып өте жақсы жақтарыңызды мерейлі сезіммен айтып отырады. 
Сондайда мен де жерлес екенімді білдіріп, балаңыздай сезініп, өзімнің әкемді айтып отырғандай мақтанып, төбем көтеріліп қаламын.Елден азаматтар келіп жатыр дегенді естіп, мен де бірге кіріп шығайын, көңілімді білдірейін деп келіп отырмын. Мерейлі жасыңыз да құтты болсын.
Айтқан тілектердің барлығы да қабыл болып, періштенің құлағына шалынсын. Өсіп келе жатқан ізбасар інілеріңіздің, ұрпақтарыңыздың шыққан абырой, биіктері жоғары болсын. Сізге келіп жатқан ағаларымызға рахмет. Индер ауданы әкімі Серік Бисешұлы мен мәслихаттың хатшысы Бағдат Шамұратұлы замандасымның бұл бастамаларына ризамын. Осының бәрі елдің елдігі, бірлігін танытады. 
Елдің жаңалықтарын естіп, сіздің де көңіліңіздің көтеріліп қалғанын көріп отырмын. Алла күш-қуат берсін, баршамыз амандықта болайық. Ақсақалдарымызды құрметтеп, жағдайларын қарастырып жүрейік. «Ел ішінде отырып, елеусіз қалса сол жаман» деген би аталарымыздың сөзі бар. Содан аулақ болайық,-деген Астанадан осы шараға арнайы келген сенатордың сөзін ағамен қатар жерлестері де ықыласпен тыңдады. 
Жеті жыл «Передовик» колхозының басқарма төрағасы болған С.Құбашевқа бүгінгі Өрлік ауылынан келген Социалистік Еңбек Ері С.Дәулетқалиевтің арнаған тілегі өткен өмірдің көптеген беттерін қайтадан парақтағандай әсер қалдырды.

Еңбек Ері «Передовик» колхозының Ленин орденіне ие болуы С.Құбашев пен Ш.Құбашеваның ерен еңбегінің арқасында қол жеткендігін атап, ағаға арнаған елдің, алыстағы ауылдастарының қуанышқа бастайын деген ниеттегі тілегін оқыды, округтің құттықтауын табыс етті. 
Сонымен қатар ардагер ағамыз өзінің отбасы атынан зерлі шапанды мерейгердің иығына жауып тұрып, құрмет иесімен бірге жұмыс жасаған үлкендердің дүниеден өткенін, солардың арасынан Напи, Сатан, Ғайнеш марқұмдардың есімдерін атаумен қатар бүгінгі Қабыш Дәулетов, Алпан Ибрашев, Мұрас Тілегенов, тағы да басқаларының жолдаған сәлемін де жеткізді.
Ел арасындағы Оразәлиев Сапаш қарттың С.Құбашев колхозды басқаруға келгенде «ай мынау бір кішкентайлау бала екен, бізді Камалжан да басқарып жатыр ғой» деген сөзін еске алып, оған жас басқарманың «Ай ақсақал, біз Камалжан сияқты басқармаймыз, айналайын, біз жаңаша басқарамыз, жаңаша талап қоямыз. Әрбір үлкен бе, кіші ме қандай адам, әуелі соны зерттейміз, біздің тапсырмамызды орындай алатын адам ба оны да зерттейміз, онан нәтиже шығара ала ма соны қарап алып, тапсырма береміз де орындалуын талап етеміз» дегенін еске алып, ортаны көңілдендіріп тастады.
Бұл арада топ мүшесі Райхан Құспанов ауданның әр ауылында Сақан атындағы мектептер ашылып, табысты жұмыс істегенін еске алса, Қ. Ризуанов бұл игі дәстүр соңғы жылдары қайтадан жалғасын тауып, малшыларға С.Дәулетқалиев атындағы жүлде тапсырыла бастағанын қуанышпен баяндады.
Аға да 60 жылдан астам отасқан жолдасын сағына сыр тиегін ағытты.
-Шолпанның орны бөлек қой мен үшін. Шолпан екеуміз институтта таныстық. Бірінші сентябрьдегі бірінші сабақта, бір партада отырып қалыппыз. Содан таныстық жалғасып, дос болып кеттік. Бірге оқыдық, институтты бірге бітіріп, үйлендік, елге келіп бірге қызмет жасадық.
Шолпан өмірден өтті ғой. Ол менің әйелім, жолдасым болды. Алты бала көрдік, құдайға шүкір, бәрі де аман. Шолпан менің бір ғана жарым емес, еңбектес жолдасым болды. Менің азамат болып, ел аралап, Қазақстанның төрт-бес облысында қызметте болып, Үкіметтің құрамында, Орталық Комитетке дейін жетуімнің барлығына жағдай жасады. 
Бірге жұмыста болып, елмен бірге колхозда жасағанда абыройға ие болдық. Қызмет жасағанда үлкен дәрежеге жол аштық. Соның барлығында да Шолпан маған ерекше көмек көрсетті. Колхоздың қойлары төлдеп, қозыны төкті. Шопандар оны қалай жинап аламыз деп сасқан күндер болды. 
Сонда қаракөл қойлар ғой, шопандарға еркектерін елтіріге таңдап союға, қолдан ұрықтандыруды игеруге көмектесті. Бірақ біздің қол жеткен табыстарымызға айналамыз, көршілеріміз, облыс басшылары сенбеді. Содан облыстың тәжірибе стансасынан оның басшысы арнайы келіп, мына Сақанның үйіне қонып, саулықтардың түнімен қалай төлдейтінін көрді.
Отыз бір қойдан отыз бір қозы алыпты. Бір қой-үшем, екі-үш қой бір-бірден тауыпты. А.Жандеркин деген ғалым, баяғыда қазақтың мүйізді тонкурон қойын шығарудан мемлекеттік сыйлық алған ғалым еді. 
Қой шаруашылығы керемет өркендеді. Біз келерден бұрын 1953 жылы колхоз 12 тонна жүн тапсырыпты. Ал біз кетер 1960-ыншы жылы 128 тонна жүн тапсырды. Колхоздың 15 мың тонкурон, қалғаны қаракөл қойы болды. Колхоздың мүмкіндігін көрдіңіз бе? 
Экономикасы дегенде мен келер тұста колхоздың 900 мың ақшасы болған екен. Оның 500 ақшасын мал сатудан тауыпты. Сонда бар табысы 400 сом болғаны ғой. Алпысыншы жылы табысымыз 9 млн-ға жетті. Келер жылы ол 10 млн. болды ғой. Бірақ 1961 жылы ақша өзгерді. Сонда колхоз миллионер болып қалды.
Сол колхозға Шолпан да үлкен еңбек сіңірді. Мен соны ерекше атаймын. Ол кеткенде мен артында қалып отырмын ғой. Сондай қызметтес жолдасым болғанын мен үлкен сезіммен, көңілмен атап айтамын. 
Біздің анықтама: «1958 жыл, Ақпан айы. КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығы жарияланды. Қой шаруашылығын өркендетуге сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстанның көп еңбеккерлері наградталды. Біздің колхоздан 12 адам бар. Шопан Сәрсенғалиев Мұхамбет Социалистік Еңбек Ері атағын алды, аға шопан Бергенов Шотан және колхоз басқармасының төрағасы Құбашев Сағидолла Ленин, аға шопандар Сүндетов Имаш және Дәулетқалиев Сақан Еңбек Қызыл Ту ордендерін иеленді» (С.Құбашев, «Адам күні адаммен», «Өлке» баспасы. 2003 жыл. 77 бет).
Балаларының тәрбиесі мен оқуына да ерекше назар аударды, жақсы етіп өсірді. Немере-шөберелерімізді қосқанда 30-дан асып кетті. Ризамыз, 88 деген үлкен жас. Өмірден риза болып кетті. Міне, қысқаша айтайын дегенім осы еді, шырақтарым,-деп ағай иығынан үлкен жүк түсіргендей үнсіз отырып күрсініп алды да сәлден соң сөзін қайта жалғады:
-Ел деген жақсы ғой, сағынамыз. 1944 жылы 16 жастамыз, жазда 1926-1927 жылы туған бізді әскерге шақырып, дайындады. Граната лақтырып, винтовкадан атып үйрендік, түнімен жүреміз, жүгіреміз. Гурьевтің қасындағы Теңдік совхозының тоғайының ішінде 600 балаға лагерь құрып, үш ай ойнатты. 1926 жылы туғандарды әскерге алып кетті.
Біз қалдық, физкультурадан сабақ беретін мұғалім боласыңдар деген, бірақ олай болған жоқ, оқудан ажырамадық. Содан оныншы бітірген соң бір жыл оқуға баратын жағдай болмай, колхозда жұмыс істедім.Тұрмыста ақша болмады. 1945 жылы ғана оқуға кеттім. Одан кейінгі менің өмірім өздеріңе аян. «Передовик» колхозынан шыққан мені жас бала ғой қанша жүрер дейсің деп ойлады-ау деймін көпшілік жерде.
Сонда да бір сүрінгенім жоқ. ЦК-ның екінші секретарына дейін жеттім. Онымды елімнің мені тәрбиелегені, маған жәрдемдескені деп білемін. Колхозда жүргенде жұмысымызды қолдағаны, біздерге тәрбие, ұғым болды.
Соның арқасында билетіме, документіме бір ескерту түскен жоқ. Қызмет ЦК- да маған өте қиын болды. Мәскеу бізге, қазақтарға, соның ішінде маған сенбеді. Оған дәлел елдегі қиын жағдайлардың бәріне мен араластым. Барлық басшылардың маған келмегені жоқ, түрлі жағдайларға ұшыраған азаматтарға көмектестім.
Партия ұйымдарынан оларды мүшеліктен шығармауына дейін араластым, оларым іске асты. Қолымнан келгенше азаматтарға қиындық жасаттырмасам екен деген мақсатым орындалды.Мен оны өзіме жақсылық деп санаймын. Құдайдың бергені, әйтеуір, сақтай білдім. Олардың бәрін айтып неқыламыз,-деген қоғам және мемлекет қайраткері елдің бүгінгі дамуы мен оған жету жолындағы жарқын жұмыстарды да еске алып отырды. Соның ішінде сонау 1963 жылы біріккен ауданға ақберен батыр Махамбет есімін беру кезінде орын алған қиындықтарды да тұщымды ой желісімен нанымды баяндады. 
Махамбет есімін беру барысында Жоғарғы Кеңестің Жарлығын шығарту үшін Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Г.А.Мельникке дейін барып, өз ұсынысың дәлелдеп, ақыры Жарлықтың шығуына қол жеткендігін еске алды. Сонымен қатар темір жол бойында Исатай бекетінің пайда болуына көп күш жұмсалғанын әңгімеледі. 
Әрине, ағаның ұлан-ғайыр өмірі мен қызмет жолында мұндай елдің қамын жеп, жоғын жоқтаған жұмыстардың көп екені сөзсіз. Оның бәрін айтып та тауысу мүмкін емес. Бірқатарын өзі жазған кітаптардан да оқып,тереңдей біле түсуге болады. Қонақтармен бірге болған түбі атыраулық, бүгінгі алматылық Ғ.Мусин де Сағидолла Құбашұлының тұрмыс пен еңбектегі қарапайымдылығын, шындықты бетке айтқан талапшылдығынан бірнеше мысал келтіре отырып, әдемі сыр шертті.
Сонымен бұл кездесудің түйінін де ағаның өзі тарқатты. Бүгінде Алматының нақ ортасындағы қарапайым қоңыр үйінде тұрып, мағыналы да мәнді ғұмыр кешіп, 88 жасты еңсерген ағаның әрбір сөзін ұйып тыңдағандарға қарата ол:
-Шолпан атына арнап құран оқыдыңыздар қандай жақсы. Сәкең де, Ғаділбек те керемет жақсы оқиды екенсіңдер, рахмет. Не айтам басқа, бәрің жақсы келдіңдер үйді толтырып, осыншама әңгіме, сөз айтылып жатыр, соған шын жүректен алғысымды білдіремін. Елдің атынан келіп, елдің тілегін бізге жеткізгендеріңе ризамын. Біз үшін бұл үлкен оқиға. 
Осыншама жерден біздің отбасына көңіл айтып келгендеріңіз үшін шын жүректен рахмет.Елге сәлем айтыңдар, азаматтары аман болсын. Сол жақтан бір суық хабар келсе, қатты қиналып қаламыз. Қайғырамыз. Қан қысымымыз көтеріліп, кәдімгідей ауырып қаламыз. Бір-бірімізге айтып, қиналамыз. 
Жақсылығын айтып жатса қуанамыз. Атырау мен Маңғыстаудың көп жерлерінде газ құбырларын салуға ақша бөлініп жатқанын естіп қуанып қалдық. Басқаларға қарағанда бұл облыстарда көп жерге газ барды. Бұл қиындықтарға қарамастан әкімдердің жұмыс істеп жатқандарының дәлелі деп білемін. Еңбектерің табысты бола түссін,-деген ағаның ризашылық сөздерін, ақжарқын көңілін ұғынған жерлестері де оған қыран қанатыңыз талмасын, денсаулығыңыз мықты бола берсін деген тілектерін арнап аттанды.
Сөз соңында жол бойында жомарт отырады демекші, облыс әкімі Б.С. Ізмұхамбетовтің қолдауымен іске асқан бұл сапардың игі мақсатына жетуіне Райхан Құспанов ағамыздың ұл-қыздарының да көп үлестерін қосқанын айтпай кетуге болмайды. 
Қашанда қатар жүретін қуаныш пен қайғының жүгі бөліссе ғана азаймақ. Сондықтан да ел үшін еңбек еткен азаматтарды ұмытпай қадірлеп, әрдайым құрмет тұтудың өзі бір ғажап қасиет екенін әркім де айқын ұққандай болды. Хош Алматы, тек қуаныштармен кездесуге жазсын.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Индер-Атырау-Алматы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер