

Екі жұлдыз, мектептегі өткені Көңілімізде тұрып алды кетпеді Ұстаз, шәкірт бірігіп ән айтқанда Толқытты бәрімізді ол өйткені, - дегендей Саумалкөл қазақ орта мектебінде өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Жаманғарина Алтынай Кенжебайқызы, музыка пәні мұғалімі Нурбахтинов Еркебұлан Нұрланұлының ұйымдастыруымен «Екі жұлдыз» атты ұстаз бен шәкірт жұптасып орындалаты ән байқауы өтті. Бұл байқауға тоғыз жұп қатысты. Орындалатын әндер әр жұптың өз қалауымен болды. Бірі Туған ел, ұстаз туралы ән таңдаса, бірінің әндері махаббат, бақыт жайындағы әндер болды. Жұлдыздарға сәттілік тілеп, музыка пәнінің мұғалімі Нурбахтинов Еркебұлан мен 11 сынып оқушысы Байман Айгүлдің тамаша әндерімен сахна ашылды. Жүргізушілер Оразғалиева Лашын мен Асқар Дарханның: «Бүгінгі сайыста мектеп ұстаздары мен оқушылардың жұптасып ән айтуларын тамашалайтын боламыз және оза шапқан жарық жұлдыздарды бірге анықтаймыз» дегенде барлық отырған көрермендер елеңдесіп қалды. Ең бірінші жұп Аитеев Дәурен Келденұлы мен Балхашева Ақаршын «Ғашық арман» әнін орындады. Бұл жұптың ерекшелігі сахналық шеберліктері, фантазияларының жоғары екенін көрсете білді. Соның нәтижесінде Бас жүлдені жеңіп алды. Келесі жұп болып Есмағанбетова Асхан Ментайқызы мен 7 сынып оқушысы Төлеуов Аян ортаға шықты. Бұл жұп «Ұстазым» әнін нақышына келтіре орындады. Айтқан әндерінен өздері де, отырған көрермендер де ерекше бір сезімге бөленіп, ұстаз бен оқушы арасындағы тамаша үйлесімділікті сезінгендей болды. Соның нәтижесінде бірінші орынға ие болды. Өзі Алтын, өзі Әділ өйткені, Тамаша леп бетті келіп өпкені. Осы жұпқа ерекше қол соғайық, Осы шара Алтынайдікі өйткені, - деп тамаша игі істі ұйымдастырып, барлығымызға қуаныш сыйлаған Жаманғарина Алтынай Кенжебайқызы 11 сынып оқушысы Мұратов Әділмен ән шырқап, бұл жұп та бірінші орынға ие болды. Келесі жұптар: екінші орын иегерлері Абирова Айгүл Жантемірқызы мен 10 сынып оқушысы Иманбаев Абылай, сондай-ақ Оразалина Бану Депутатқызы мен 11 сынып оқушысы Байманов Бұқар. Үшінші орын иегерлері Айтеева Аягөз Амангелдіқызы мен 7 сынып оқушысы Оразалинова Аружан және Азбергенова Әсемгүл Мұратқызы мен 8 сынып оқушылары Жахина Арна, Бабаева Алина. «Өте жарасымды жұп» номинациясы бойынша Мұханбетжан Нұрымжан Бауыржанұлы мен Күлібекова Камила, «Бірлігі жарасқан туысқан» номинациясы бойынша Адей Маржангүл мен Мұратбек Нұрмұхамет жеңіп алды. Барлық қатысқандарға әділқазылар әділ бағаларын беріп, мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыс етілді. Келешекте осындай іс-шаралар жиі болып тұрса деген тілекпен көрермендер қоштасты. Осындай әдемі кешті ұйымдастырушыларға өмір жолдарына сәттілік, еңбектеріне табыс тілейміз.
Айсұлу НҰРБАХТИНОВА, мектеп кітапханашысы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!