Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз! - Мұрағат|19 Ақпан 2015, 17:57
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз!

 3 ақпан күні Астана қаласынан бастау алған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жаугерлік Туының көшірмесі «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» эстафетасы 11 ақпан күні аудан орталығы Саумалкөлге де келіп жетті. 1941 жылы 15 желтоқсанда Ақмола қаласында (қазіргі Астана қаласы) 29-шы атқыштар дивизиясы жасақталған соң, алғашқылардың бірі болып майданға аттанған еді. Сталинградтан Прагаға дейін 2850 шақырымдық жол жүріп, 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат еткен, 16 өзенді кесіп өткен дивизия қандай да болса құрметке лайық екені сөзсіз. Бұл Жауынгерлік Тумен Ұлы Отан соғысы басталған сәтте 29-шы дивизияның жауынгерлері жауға атойлап шауып, қан майданға кірген болатын. Қазақстандық дивизия Сталинград үшін шайқасты. Осы орайда жауынгерлердің өшпес ерлігі мен Отан үшін отқа түсер қайсарлығына құрмет ретінде 29-шы атқыштар дивизиясына 1943 жылдың 1 наурызында 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мәртебесі берілген болатын. Бөлімше Жеңісті Чехословакияда қарсы алды. Өзінің жауынгерлік жорық жолында дивизия жеке құрамы ұрыстың тек алғы шебінен көрінуі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл дивизияның жаужүрек ұландары «отқа күймес, суға батпас, бірегей» деп аталып, ерліктерінің майдан даласына аңыздай тарағаны да шындық. Ұлы Отан соғысы жылдарында дивизияның 18 мыңнан астам офицері мен жауынгері орден, медальмен марапатталса, отыз бірі Кеңес Одағының Батыры атанған. Ерлік ұрпаққа - ұран. Ол ешуақытта да ұмытылмақ емес. Гвардияшы-батырлардың жарқын бейнелері мен өлшеусіз батырлық істері ұрпақ есінде мәңгілік сақталмақ. Олар Отан үшін қызмет етудің, қажет кезінде туған ел мен жер үшін жан қиюдың жарқын үлгісі мен антқа адалдықты көрсетті. Салтанатты жиын алдында Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерге арналған Даңқ Монументіне аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Айыртау аудандық филиалының төрағасы Ағзам Тастеміров, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Мұрат Әтібаев, 5510 әскери бөлімнің жауынгерлері мен аудан жастары гүл себеттерін қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін 5510 әскери бөлімнің сержанты Қайрат Мұратов, кіші сержанттар Медет Мұқашев пен Ержан Қалиевтер салтанатты түрде залға алып кірді. Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Мұрат Маратұлы: «2014 жылы қараша айында, Мәскеу қаласының Ресей Қарулы Күштерінің Орталық мұражайында сақталып келген 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының тура көшірмесі Қазақстаннан барған ресми делегацияға - «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің Одағы» қоғамдық ұйымының өкілдеріне берілген болатын. 2015 жылдың 10 қаңтарда - «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заңға Президент қол қойылған күні, Ұлттық ұланның ұйымдастыруымен өткізілген гала-концертінде аталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін қастерлеп, сақтау үшін Астанадағы ұландық жедел бригадаға салта- натты түрде табыс етілді. Айта кетейік, 92 тәулікке созылатын эстафета барысын- да 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі 10 000 шақырымнан аса жерге тасы- малданып, еліміздің 25 қаласында желбірейді. Ал 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні Ұлы Отан соғысыңдағы Жеңістің 70 жылдығына орай Елордада өткізілетін шеруде ұландықтар Жауынгерлік Туды алып шығуды жоспарлап отыр. Эстафета соңында Ту ел жүрегі - Астанаға қайтып оралып, жоғарыда атап өткеніміздей әскери шерудегі құрмет белгілерінің біріне айналмақшы» – дей келе, айыртаулықтарға аталмыш эстафетаны ұйымшылдықпен қарсы алғандарына шынайы алғысын жеткізді. Ұлы Отан соғысы жылдарын- да аталмыш 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында біздің айыртаулық жауынгерлер – кіші сержант Ешман Жәкенов, қатардағы жауынгер Василий Губков (Кривоозерное селосы), кіші лейтенант Владимир Подкидышев, қатардағы жауынгер Кирилл Козлов (Шалқар селосы), бөлімше командирі, гвардия сержанты Федор Немков (Нижний Борлық селосы), (Криаоозерное селосы) және Нико- лай Евсеевтар (Лобаново селосы) жаумен шайқасқан. Келесіде сөз алған аудан басшысы Ағзам Ахметжанұлы: «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атау аясында «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты ұранымен өткізіліп отырған акцияның баршамыз үшін маңызы зор. Ұлы Жеңісті қастерлеу идеясы көпұлтты елімізде ең әуелі әрі қасиетті идеялардың бірі десек, асыра айтқандық емес. Өйткені бұл жеңіс – бостандықты қорғаған, адамзатты фашизмнен сақтап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың қаһармандық күш жігерлерінің нәтижесі. Отанды абыроймен қорғаған мыңдаған жауынгерлер наградалармен марапатталды. Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 64 солтүстікқазақстандық жауынгерлердің ішінде біздің 11 жерлесіміз де бар. Батырларымыздың есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады» - дей келе, қазақстандық 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туы біздің Айыртау жеріне жеткені біздер үшін, біздің жас ұрпақ үшін патриоттық сезімін оятады деген сенімділігін жеткізіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдық қасиетті мерейтойына орай барша айыртаулықтарға мықты денсаулық, отбасының амандығын, еліміздің тыныштығын тіледі. Сонан соң сахна төрінде Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Белоног, тыл ардагері Айтмағанбет Дауылбаев, тың игеруші Алексей Недайвода және Ленинград құрсауының тұрғыны Сәния Шакуроваларға құрмет көрсетілді. Ал жастар атынан сөз алған №1 Саумалкөл орта мектебінің белсенді оқушысы Дәурен Қожахметов Жеңіс үшін қан майданда жаумен соғысқан аға буын өкілдері ерлігінің мәңгі өшпейтінін, біздер, жастардың мәңгі жадында сақталатынын жеткізді. Жиын патриоттық әндерге арналған мерекелік концертке ұласты. Ауқымды іс-шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің ТМД мемлекет басшыларының қол қойған жоспары мен аталған мерейтойды Қазақстан Республикасында айрықша атап өту концепциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Жеңіс эстафетасы 3 ақпан мен 5 мамыр аралығында өткізіліп, оған Ұлттық ұланның құрылымдық әскери бөлімдері, ардагерлер ұйымдары, орта білім беру орындарының оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студенттер қауымы, қоғамдық ұйымдар мен өзге де мүдделі мекемелердің өкілдері қатысатын болады. Сонымен қатар эстафета барысында Жауынгерлік Туды табыстау рәсімінен өзге майдангер бабаларымызға арналған тағзым шаралары, Отан үшін от кешкен ардагерлер қауымымен кездесулер, өскелең ұрпақты ерлік пен өрлікке баулу сабақтары, әр түрлі көрмелер мен әскери-патриоттық фильмдердің көрсетілімдері ұйымдастырылмақ. 3 ақпан күні республикалық эстафетаның бастау алуының да өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, дәл 1943 жылдың 2 ақпан күні соғыстың алдағы бағыт-бағдарын, талайлы тағдырын айқындаған Сталинград түбіндегі кескілескен шайқас аяқталған еді. Және қайтара атап өтерлігі, осы майданда көрсеткен ғаламат ерліктері үшін 29-шы дивизияға 72-ші гвардиялық мәртебесі берілді.

 

Бағлан ҚОЖАҚОВ. Суретті түсірген Елена НЕДОРОСТКОВА.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер