BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ЕЛ БІРЛІГІ МЕН ТАТУЛЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Елімізде 1995 жылдың 1 наурызында этносаралық қатынастарды үйлестіру институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Елдік, қоғамдық зор мәнге ие осы Ассамблеяға биыл 20 жыл толып отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды.
Г. Ермұратова,
“Ауыл жаңалығы”
.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан тәуелсіз еліміздің мерейлі мерекелерінің бірі-”Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылуы” атты синхрон-акция 6 ақпан күні ауданымызда кеңінен аталып өтілді.
Мерейлі шара алдымен аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында орналасқан «Байзақ ауданының этномәдени орталықтары» бөлмесінен бастау алды. Мұнда аудан аумағында жұмыс істеп жатқан түрік, орыс, кәріс және неміс этномәдени орталықтарының тыныс- тіршілігімен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ә.Қилыбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев, аудан әкімінің орынбасары С. Кенжебаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов танысты. Түрік этномәдени орталығының жетекшісі- М.Раджамов, орыс этномәдени орталығының жетекшісі Л.Горр, кәріс этномәдени орталығының жетекшісі Н.Шин және неміс этномәдени орталығының жетекшісінің міндетін атқарушы В.Найденова атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының жариялануына байланысты Туды каратэдодан Азия ойындарының тұңғыш чемпионы Г. Гафурова мен түрік мәдени орталығының жетекшісі М. Раджамов көтерді.
Алаңға жиналған қауымды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ә.Қилыбаев құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына, елімізде салтанат құрған этносаралық татулық пен келісімнің бірегей үлгісінің қалыптасқандығын, көпконфессиялы, көпэтносты қоғамда бірлікті сақтау мен нығайтуда Елбасының сіңірген еңбегін, экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізіліп келе жатқандығын, бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналғандығына тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов бірлік пен татулық арқасында көпұлтты елімізде қабырғалы істер атқарылып, сан ұлт өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, ел игілігі жолында еңбек етіп жатқандығын, қазіргі таңда ел бірлігін сақтау, достықты ұлықтау-әрбір қазақстандықтардың міндеті екендігін айтты. Орыс этномәдени орталығының жетекшісі Л.Горр Қазақстан халқының бірлігі, мемлекеттік тіл, барша азаматтардың теңдігі және Отанымыз алдындағы жауапкершілік - Қазақстанның ары қарай қарышты дамуының кепілі екендігін әңгімеледі.
Синхрон-акция аясында Сарыкемер орта мектебінің ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары сахналаған театрландырылған көрініс көпшілікті тәнті етті. Онда Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы біріктіріле өріліпті. Ел тәуелсіздігі мен азаттығы жолында қол бастаған батырлардың ерліктері, шаттыққа бөленген жастардың бал-бұл жанған жүздері, қазақ жерін мекен еткен сан ұлт өкілдерінің татулығын паш еткен көріністің шырайын «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты жастардың флэш-мобы келтірді. Аудан жастары қазақ жерін мекендеген әртүрлі ұлт өкілдерінің билерін нақышына келтіріп биледі. Балғын спортшылар спорт түрлерінен өнер көрсетсе, кәріс этномәдени орталығының бишілері мың бұрала билеп, көрермендерге қуаныш сыйлады.
Киелі қазақ жерінде тұратын ұлттар мен ұлыстардың бірлігін, ынтымағын, этносаралық және конфессияаралық келісімді ұлықтаған автокеруен шеруі де акцияға өзіндік әр берді. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашса, барлық білім ошақтарында “Қазақстан халқы Ассамблеясы-бірлік, келісім және достық” тақырыбында тарихи сабақтар өткерілді. Кітапханаларда “Бірлік-табыс кепілі!” атты тақырыптық көрмелер, қолөнер шеберлерінің “Көрме-жәрмеңкесі, “ҚХА фотошежіресі”, “Мен, сен, ол - ортақ отбасымыз!” атты балалардың мерекелік бағдарламасы, қылқалам шеберлерінің “Бір ел-бір тағдыр!” атты көрмесі, “ Бәріміз бірге-мықтымыз!” айдарымен спорт түрлерінен жарыстар мереке салтанатын асырды.
-Үстіміздегі жылы Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Конституциямыздың 20, Жеңістің 70 жылдығы аталып өтіледі. Мерейлі белестер-ұлттық идеямыз-”Мәңгілік Ел” идеясын іске асыруда ел бірлігін көздің қарашығындай сақтауға, тәуелсіздігімізді қастерлеуге бастайтын ізгі жол деп білемін,-дейді бізбен әңгімесінде кәріс этномәдени орталығының мүшесі Л.Кужелева.
- Тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді де берік іргетасына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы-«Бір ел-бір тағдыр” айдарымен өткерілуде. Елбасымыз өзінің өткен жылғы 11 қарашада Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бүкіл әлемді жаңа сындар мен қатерлер күтіп тұрғанын, әлемдік дағдарысты елімізде қоғамдық келісімді, татулық пен тұрақтылықты сақтағанда ғана жеңетіндігімізді айтқан болатын. Шындығында да тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Осылайша түрі басқа болғанымен, тілегі бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Сондықтан әрбір қазақстандық елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын сақтауға үлес қосуы тиіс деп санаймын. Өйткені ел бірлігі бәрінен де қымбат, - деп сөзін түйіндеді байзақтық онколог-дәрігер А.Махмудов.
Халық бірлігі-мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстаған Қазақстан Республикасы болашағы жарқын, келешегі кемел, ұлы мақсаттар қоя алатын мемлекет екендігін әлемге мойындатты. Бұл күні еліміздегі барлық этностар арасындағы шынайы келісім мен бірлік дәріптелді, әндер шырқалып, көк аспан төрінде шарлар қалықтады.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер