BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар нақтыланды

 А.Шотбасова.
«Ауыл жаңалығы».

ОСЫҒАН ДЕЙІН 18 АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ М.Ж.ШҮКЕЕВТІҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ 2014 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ СӘРСЕНБІ, 4 АҚПАНДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ. АУДАНДЫҚ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНЕ БҰЛ КҮНІ ОБЛЫСТЫҚ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ, АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ, МЕКЕМЕ, ҰЖЫМ БАСШЫЛАРЫ, ҰСТАЗДАР, ДӘРІГЕРЛЕР, АҚСАҚАЛДАР МЕН ЖАСТАР ҚАУЫМЫ КӨПТЕП ЖИЫЛДЫ. ЖИЫНҒА СОНЫМЕН ҚАТАР, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАЛИЖАН ӘБДІРАЙЫМОВ ҚАТЫСЫП ОТЫРДЫ.
Мұратхан Жүнісәліұлы Елбасы өткен жылы жариялаған «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында дүниежүзілік дағдарыс жағдайлары Қазақстанға да өз ықпалын тигізбей қоймайтынын атап өткендігіне тоқталып, оған қарсы шара қолдану, ел экономикасын өркендету, дамыған мемлекеттердің қатарынан лайықты орын алу үшін біріге іс істеудің маңыздылығын сөз етті. Баяндамада аудан әкімі өңіріміздің өткен жыл көлемінде жеткен жетістіктерін әңгіме қылды. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнім көлемі, ауылшаруашылығы саласындағы алға жылжушылықтар, соның ішінде «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының сәтті жүзеге асырылуы, жылыжайлардағы жұмыстар, шағын тауарлы сүт фермаларын салу бойынша істелініп жатқан істер, аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтардың жағдайы жайында егжей-тегжейлі айтылды. Үш шұжық, 1 өсімдік майын өндіретін, 2 макарон, 1 сүт өнімдерін шығаратын цехтар, көкөніс сақтайтын 7 қойма тұрақты түрде жұмыс жасайтындығын ауызға алған М.Шүкеев көкөніс өңдейтін цехтардың жоқтығын алға тартып, осы бағытта іс істеудің тиімділігін тілге тиек етті. Тамшылатып суғару технологиясының пайдасын түсіндірді.
Есепті жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімі де өскен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде 11 жоба іске асырылған. «Rolla-7», «База сервис», «Тара-Z», «Тау-Дос», «Асылбек», «Асыл -мұра қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Карпыков», «Шахристан», «Лесняк», «Жабатаева Л», «Мамбетова» жеке кәсіпкерлері субсидияланған 7 пайыздық мөлшермен несие алып, тиісті жұмыстарын жүзеге асырса, алдағы жылдары олардың қатарына тағы үш «Нұр», «Қанай», «Серік» шаруа қожалықтары қосылады деп мәлімдеді Мұратхан Жүнісәліұлы. Ерекше айта кетерлігі - жылдың ең жағымды жаңалығы ретінде Сарыкемер ауылының ортасынан бой көтерген жеке кәсіпкер А.Жамишжановтың «Еңлік» балабақшасы өзгелерге үлгі етілді. Мұндай бастамаға Елбасының өзі қамқорлық танытатындығын атап өткен аудан әкімі кәсіпкерлердің болашақта осындай игілікті істі қолға алуы керектігін айтты.
Баяндамашы сонымен қатар, ауылдарды газбен, ауызсумен қамту, «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту-2020», «Өрлеу» бағдарламаларының жемісі, аудан бюджетінің орындалуы жайында айтып беріп, аудандық мәндегі автомобиль жолдарын, елдімекендер көшелерін орта жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы көлемімен таныстырды.
Бұл жұмыстарға 2014 жылы облыстық бюджеттен 196,7 млн. теңге қаралып, 5 жолдың 14,7 шақырымына орта жөндеу жүргізілген. Атап айтқанда, аталмыш шаралар Үлгілі, Бурыл, Көктал, Мәдімар ауылдарындағы көшелер мен «Дихан-Жеңіс» арасындағы жолдың 7,810 шақырымында, сонымен қатар «Королевка - Жібек жолы – Көкбастау – Жақаш -Көкөзек» автожолдарында атқарылған. Ал, аудандық бюджеттен бөлінген 48 млн. теңгеге Сарыкемер ауылындағы Сыздықбаев көшесі, Бурыл ауылындағы Белқожа каналы арқылы өтетін көпір орта және аудандағы 11 елдімекеннің 16 жолының 34 шақырымы ағымды жөндеуден өткен.
Өңіріміздегі денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларында да тиісінше ілгерілеу бар. Өткен жылы денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары үшін 28,5 млн. теңге бөлініп, аудандық аурухананың терапия және балалар бөлімі жөнделген. Дәл осылай 10,3 млн. теңгеге ауылдық дәрігерлік амбулаториялар ағымдағы жөндеуден өткен. Ал, 2014 жылы Көктал және Ақжар ауылдарында заманға сай салынып, жаңа медициналық құралдармен жабдықталған дәрігерлік амбулаториялар халық қолданысына берілген. Өткен жылы мұнымен қоса, Мырзатай ауылдық округінде жобалық сметалық құны 1168,4 млн. теңгені құрайтын Туберкулезге қарсы аурухананың құрылысы басталған болатын. Алдағы уақытта Алла бұйыртса, аталмыш емдеу нысаны да пайдаланылуға беріледі. Байзақта бала санының артуы да байқалады. 2013 жылы 1 954 бала өмірге келсе, өткен жылы 2 184 бала туылған. Иә, бала саны артқанымен, ҰБТ-ден балл саны көбеймей отыр.
“Біздегі білім саласын жандандыруға әр жыл сайын қомақты қаражат бөлініп келеді. Алайда, облыс көлемі бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіші көңіл көншітпейді. Сол себепті тиісті сала басшылары мен мектеп директорлары, ұстаздар қауымы алда осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін жұмысты жандандыруы қажет”, - деді аудан басшысы.
М.Шүкеев мәдениеттегі мәнді тірліктер, жастардың жарқын істері, спортшыларымыздың жеңістерін, ұлттар арасындағы тату тірлікті мақтанышпен жеткізе отырып, қылмыспен күрес және олардың алдын-алуда айтарлықтай жұмыс жасалғанымен, бүгінгі таңда бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлығы- басты мәселе болып отырғанын жасырмады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше күшейтуді мықтап тапсырды.
Жалпы, жиын барысында осыдан бір жыл бұрынғы, яғни 2013 жылғы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесулерде 13 мәселе бақылауға алынып, толық шешімін тапқандығы да есеп барысында айтылып өтілді.
Есепті баяндамасын қорыта келе, аудан басшысы барша байзақтықтарды «Мәңгілік Ел» болу жолында қажырлы еңбек етуге үндеді.
Кезек жарыссөзге беріліп, мінбеге көтерілген Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұлов жылдан-жылға өсіп-өркендеген ауылдарға қарап қуанышқа кенелетіндігін айтса, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-нің төрайымы Фарида Жүнісова елімізде Елбасы бастап ел ағаларының нәсібін, кәсібінен тапқан жандарға айрықша қолдау көрсетуі оларды қуаттандыра түсетіндігін атап өтті. Аудандағы орыс этномәдени орталығының жетекшісі Горр Любовь татулықты ту ете еліміздің мәртебесін арттыруға шақырса, еңбек ардагері Бердібек Омаров өңірімізде өткен жылы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан, облыс басшыларының ауылшаруашылығы саласына қатысты бірқатар мәселелерге назар аударуын сұранды. Қазыналы қария ауыл шаруашылығы саласын өркендету – өмір талабы екендігін айта келе, қант қызылшасын өсіріп, сатуда кездесетін кейбір проблемалар, ағын су мәселесі, ауыл шаруашылығы мамандарының жетіспеушілігі және аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы ауыз су құбырларының мүлдем істен шығуы, осы тұрғыда облыс тарапынан тиісті көмек көрсетілсе деген тілегін айтты.
Кәсіпкерлерге берілетін көмек күшейтілсе деген өз өтінішін Сарыкемер ауылының тұрғыны Салиха Садықова да айта келіпті. Азаматшаның наубайхана ашу ісінде аудан басшылығының қолдауы қажет деген сұранысына және Сарыкемер ауылының тұрғыны Асхат Ракуловтың орталықта ауыз су проблемасы қашан шешіледі, жер берудегі қателіктерге кім жауапты, газ құбырын тартуда кеткен кемшіліктер турасындағы сұрақтарға аудан әкімі М.Шүкеев тиісінше жауап қатты. Қалай дегенде де аудан басшысы қандай да бір мәселе болмасын барлығы заң негізінде шешілетіндігін айтты.
Есепті жиында мұнан өзге аудан әкіміне жазбаша түрде келіп түскен - Ю.Гагарин орта мектебіне жөндеу жүргізу, Д.Қонаев көшесіне аялдамалар орнату сияқты сауалдар да жауапсыз қалмады.
Жиынды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қалижан Серікұлы қорытып, аудан басшысына бірқатар міндеттер жүктеді. Ең негізгісі Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындау – ортақ іс екендігін айтып, алда болатын айтулы мерейтойларды жоғары деңгейде атқаруға шақырды. Болашақ бастамаларға табыстар тіледі.
Кездесуде Байзақ ауданы әкімінің 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінің көрсеткіштері слайд арқылы таныстырылып, арнайы дайындалған бейнефильм жұртшылық назарына ұсынылды.
Есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деген баға берілді.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер