BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ең Бастысы - мамандығын сүйеді

Газетіміздің өткен сандарында біз ауданымызда әр салада еңбек етіп, кіші Отанымыздың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар жас мамандар жайлы мақалалар жариялағанбыз. Бүгін осы тақырыпты жалғастыра отырып, оқырмандар назарына тағы бір жас маман - Малонарым орта мектебінің ұстазы жайлы айтпақпыз Азиғат Ешекенева Аққайнар ауылының тумасы. Ол 2010 жылы Астана қаласындағы Гуманитарлық колледжді «Мектепал- ды тәрбиелеу» мамандығы бойынша бітірген. Бұл жерде жұмыс істеп жүрген кезінде Азиғат «Дипломмен ауылға» атты мемлекеттік бағдарлама бойынша Малонарым орта мектебіне жұмысқа орналасады. Мұғалімдік қызметке келе салысымен, Азиғат жас маман ретінде 126 мың теңге көлемінде көтерме қаржы алып, мектеп әкімшілігімен тиісті келісім-шартқа отырды. Еске салып өтейік, 2009 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жас мамандар ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген жағдайда, оларға көтерме қаржы мен баспана сатып алуға несие беріледі. Басты шарт – жас маман ауылда бес жыл қызмет етуі тиіс. Еңбек жолын Азиғат даярлық тобының тәрбиешісі болып бастады. Өткен жылы ол өз білімін жетілдіру мақсатында Өскемен қаласындағы ШҚМУ-тің «Бастауыш сы- нып» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсті. Биылғы жаңа оқу жылында мектеп әкімшілігі Азиғатқа бірінші сыныптың сынып жетекшілігін тапсырыпты. Жас маман бұл жұмысты да сәтті атқаруда. Мінезі өжет бойжеткен кездескен қиындықтардан қорықпайды, оларды тек тағдырдың кезекті сынағы деп түсінеді. -Мен, әуел баста-ақ, ұстаз боламын деп шешкенмін. Себебі, бұл менің бала күнгі арманым еді. Отбасымда анам ұстаз болып қызмет етеді. Мен бүгін Малонарым орта мектебінде еңбек етіп жүргенім үшін тағдырыма рахмет айтамын. Заманнан бірлігімен танылған еңбек ұжымы менің екінші отбасыма айналды. Жас маман ретінде мені ұстаздар қауымы жылы жүзбен қарсы алды. Олардың көпшілігі ұзақ жылдар педагогика саласында қызмет істеп келе жатқан ерен еңбекті, тәжірибелі, білікті мамандар десем еш қателеспеймін. Бұл білім мекемесінде ұстаздық жолды түбегейлі таңдаған кез-келген жасқа өзін толықтай шыңдауға, жан-жақты көрсетуге қажетті мүмкіндіктер жасалынған. Тек, талмай еңбек етсе болғаны, - дейді А.Ешекенева. Оның бұл сөздерінен оған ұстаздық мамандықтың ұнайтынын түсіндік. Педагогикалық колледжді қызыл дипломға аяқтаған Азиғаттың мектептегі қызметтік аяқалысы да жаман емес. Жұмысқа деген жауапкершілігі мен кәсібилігі үшін мектеп әкімшілігі биылғы жылдың қыркүйегінде Азиғатқа екінші біліктілік санатын берген. Бұл Азиғаттың қызметіне одан әрмен серпін беріп, сонымен қатар, жалақысының да көтерілуіне ықпал етті. Мектепте жұмыс істеген азғантай уақыт аралығында жас ұстаздың біршама жетістіктерге қол жеткізгені байқалады. Мектеп өміріне белсене қатысқандығы үшін марапатталған Алғыс хаттарына қоса, даярлық тобындағы шәкірттерінің өткен жылы облыстық «Балапан» байқауындағы жеткен жетістіктері жас маманның жүрегіне жылылық ұялатты. Әріптестері де біздің кейіпкеріміз туралы жақсы пікір айтты. Олардың айтуынша, Азиғат өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ұжымына үлкен құрметпен қарайды және ең бастысы – ол мамандығын сүйеді. Жас маманның алға қойған ендігі мақсаты – ұстаздық жолда биік кәсіби жетістіктерге қол жеткізу. Болашақта Азиғат егемен Қазақстанның еркін ойлы, зияткерлігі жоғары дамыған жас ұрпағын тәрбилеуді көздейді.

 

Тимур СМАҒҰЛОВ. Сурет автордікі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер