BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қой жылынан не күтесіз?

Қазақтар қой жылын – жақсы жыл санайды. Қой жылы халыққа жайлы болған, молшылыққа кенелген. 1966-67 қой жылы Қазақстанда миллиард пұттан астам астық алынды. Қазақтың көптеген кемеңгерлері де осы жылы жарық өмірдің есігін ашқан, соның ішінде Құнанбай қажы қой жылы туып, Ахмет Байтұрсынов та қой жылы (1873) дүниеге келді. Қазақстан 1991 қой жылы тәуелсіз ел атанды. Ал сіздер бұл жылдан не күтесіздер?.. Ляззат Ахметова, философия кафедрасының аға оқытушысы – Қой жылы ең алдымен қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл толуымен есте қалады деп есептеймін. Бұл - бар қазақтың басты мерейтойы. Ойдағыдай өтіп, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптасады деп сенемін. Себебі былтырғы жылы «қазақ халқында мемлекеттілік болды ма?» деген пікір таластың болғандығын бәріміз білеміз. Сонымен қатар қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына еңбек сіңірген Жұмабек Тәшеновтың 100 жылдығы аталып өтсе екен деймін. Алдағы жыл елімізге тек жақсылықтар әкелсін! Роза Кобжанова, медиа- студиясының менеджер - дизайнері – Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп уақыттың қалай өтіп жатқанын байқамайда қаласың. Сондықтан әрбір күнді қуанышпен өткізген дұрыс. Алдағы жыл жақсы бастамалардың жылы ретінде есімде қалса деп ойлаймын. Негізі, Қой – жағымды жануар. Осы жыл адамдардың жанын мейірімге толтыратын, жер бетін бейбітшілікке бөлейтін жыл болады деп үміттенемін. Есімбек Әуезханов, ветеринарлық санитария мамандығының 4 курс студенті – Қазақ әрқашан «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген. Қой жылы халыққа жайлы болады деп ойлаймын. Келер жылы экономикамыз, руханиятымыз біраз өзгерістерге ұшырап, экономикалық даму басталады деп көптеген болжам жасалуда. Сол ниет орындалсын. Алдағы жылдан үлкен үміттер күтудемін. Алға қойған жоспарларым орындалады деген сенімдемін. Асылхан Ғалымжанов, электроэнергетика мамандығының 1 курс студенті – Қой жылы еліміз үшін үлкен табыстар жылы болады деп сенемін. Биыл ЖОО табалдырығын аттап отырмын. Болашағымның жарқын болуының кепілі алған білімім болмақ. Міне осы жылға біршама жоспарлар құрып, армандар жетегінен ұстаудамын. Сол мақсаттарыма жетсем деймін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер