BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША ШАТТЫҒЫ

Жаңа жыл-алдағы күнге деген сенімді ұялататын шырайлы да шаттыққа толы мереке.Табалдырықтан аттаған қой жылын ең алдымен Рождество аралдары, Жаңа Зеландия мен Австралия халықтары қарсы алады екен.
Жұмыр жер бетін мекендеген адамзат баласына шаттық сыйлайтын Жаңа жыл мерекесін байзақтықтар да көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған, әсем безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан жұртшылықты аудан әкімі М. Шүкеев жаңажылмен құттықтады. Аудан басшысы өткен жылы қол жеткізген жетістіктерге, сондай-ақ, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басты міндеттерді іске асырудың маңызына тоқталды. Жаңа жылда, алдымен мемлекеттілігіміздің бастауы болған-Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Конституциямыздың қабылданғанына және Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толатындығын тілге тиек ете келе, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту арқылы биік белестерді бағындырудың маңызына тоқталды.
Салтанатты құттықтаулардан соң жаңажылдық шара Ғ. Мұратбаев және Қазақстанның 40 жылдығы атындағы білім ошақтары көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен өрнектелді. Қалың қауым ертегілер еліне де саяхат жасады, қойылымдарды тамашалады, Аяз Ата мен Ақшақар ортаға шығып, думан көрігін қыздырды, спорттық ойындар ойналып, жеңіп шыққандар жүлделерге ие болды.
Жаңажылдық мереке барысында аудан басшысы 2014 жылды қорытындылай келе, әр сала бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген бір топ азаматтарға номинацияларды табыс етті.
Атап айтқанда, “Үздік жыл қызметкерлері-2014” аталым аясында “Үздік жыл мәдениет қызметкері” номинациясына аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі М. Көпешов, ” Үздік жыл дәрігері”- аталымына аудандық орталық аурухананың жандандыру бөлімінің меңгерушісі М. Мадимаров, “Мемлекеттік жекеменшік әріптестік-2014” - аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің бас инженері А.Жамишжанов, ”Үздік жыл спортшысы” жаттықтырушы І.Жансақалов, “Үздік жыл мұғалімі”- ұстаз Ү.Сүгірбекова, “Әлеуметтік бизнес жауапкершілігі” тіс дәрігері А.Болшыбеков, “Үздік жыл кәсіпкері”аталымына кәсіпкер Р.Мамбетовалар ие болды. “Жаңажылдық безендіру” номинациясы бойынша жеңімпаздар болып танылған Байзақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы, ”Жан” дүкені, аудандық туберкулезге қарсы күресетін аурухана, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Сарыкемер ауылдық округі, жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы, аудандық электр жүйелерін тарату мекемесі, Гагарин атындағы орта мектебі, “Таза ауыл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Кәусар” шағын маркет орталығының ұжымдары аудан әкімінің Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапатталды.
Сағат тілі 24.00-ді соққанда көздің жауын алатын отшашулар аспан төрінде түрлі ою-өрнектер салып, мерекешіл қауымды таң-тамаша етті.

 

Өз тілшіміз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер