BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алимент төлемейтіндермен енді жеке сот орындаушылары да күресетін болады

Бүгінгі таңда алиментін ала алмаған аналардың қатары жетерлік. Ақмола облысы Жақсы ауданындағы алимент бойынша атқару өндірістерінің жалпы саны 200-ден асып жығылған. Алимент өндірісі бойынша заңға соңғы енгізілген өзгерістер жөнінде Ақмола облысы сот актілерін орындау Департаментінің Жақсы ауданы аумақтық бөлімінің басшысы Ерлан СЫЗДЫҚПАЕВПЕН редакция тілшісі Жайсаң НҰРЖАҚСЫ кездесіп, мəн-жайды анықтап көрген еді.  

- Қазіргі таңда алимент бойынша атқару өндірісі негізінен мемлекеттік сот орындаушыларының орындауында екені белгілі. Жаңа заңда қандай өзгешелік бар?


- Иə. Дұрыс айтасыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған жеке сот орындаушылары институты біртіндеп өз жұмысының жемісін беріп келеді. Сондай-ақ, жеке сот орындаушыларының орындауындағы атқарылар құжаттардың саны да өсіп келеді. Жаңадан жүргізілген өзгерістер де азаматтардың заңды белден баспауына, қарыздарын уақытында төлеуіне мəжбүрлеу тұрғысынан қатайғанын атап кеткен жөн. Яғни, жаңа заңға сəйкес сот орындаушылары алимент өндірістерін төлеуден бас тартқан борышкерлерден мың айлық есептік көрсеткішке дейін əкімшілік айыппұл өндіруге құқылы. Сонымен қатар, алимент төлемеушілерге қарсы əкімшілік жауапкершілікке тарту мəселесі де жеңілдетілген. Тіпті сот орындаушыларының талабын орындамай, алимент туралы сот шешімін үш айдан астам уақыт орындаудан жалтарғандар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 362 жəне 136 баптарына сəйкес 120 сағаттан 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылып немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.


- Алимент бойынша атқару өндірістерін жеке сот орындаушыларына берген өндірушілер неден ұтады, неден ұтылады? Түсіндіріп жіберсеңіз екен?


- Басқа құжаттар сияқты өндірушілер алимент өндіру туралы атқару құжаттарын да жеке сот орындаушыларына беруге құқылы. Мұндағы басты бір артықшылық жеке сот орындаушылары осы саладағы бірнеше жылдық іс-тəжірибесі болғандықтан атқару өндірістерін орындауда зор тəжірибеге ие. Екіншіден жеке сот орындаушыларының орындауындағы атқару құжаттары мемлекеттік сот орындаушыларына қарағанда пəленбай есе аз. Ал ең бастысы ендігі кезекте балаларына алимент ала алмай зар қаққан ата-аналар атқару құжаттарын жеке сот орындаушыларына табыс етуге құқылы. Сондай-ақ, алимент өндіре алмай жүрген өндірушілерден ешқандай төлем алынбайды. Бұл Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу жəне сот орындаушыларының мəртебесі туралы» Заңының 118 жəне 119 баптарында тəптіштеп жазылған.


- Қазір жеке сот орындаушыларының орындауында алимент өндіру туралы атқару өндірістері бар ма? Болмаса, не себепті жоқ?


- Əзірге Ақмола облысының жеке сот орындаушыларының орындауында алимент өндіру туралы бірде-бір атқару өндірісі жоқ. Өйткені, əрбір жеке сот орындаушысы ең бірінші кезекте өзінің материалдық жағдайын ойлағандықтан, алимент сияқты өндіретін ақшасы аз, ал жұмысы қиын санаттағы атқару өндірістерден бойларын аулақ ұстағанды жөн көреді. Ал, бұдан былай заң талаптарына сəйкес алимент өндіру туралы атқару құжаттары да жеке сот орындаушыларының үлесіне тиетін болады.


- Сонда ендігі кезекте алиментін ала алмағандар мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жеке сот орындаушыларына да атқару құжаттарын өткізе алады ғой. Ал, егер жеке сот орындаушысы алиментін өндіре алмаған өндірушілердің құжаттарын алмай қойған жағдайда не болады?


- Заңға сəйкес, ендігі кезекте алимент жəне басқа да санаттағы атқару құжаттарын өндіре алмағандардың атқару құжаттарын тікелей жеке сот орындаушысына бере алады. Ал жеке сот орындаушысы аталған атқару құжаттарын алмауға құқығы жоқ. Егер де жеке сот орындаушылары заң ережелерін өрескел бұзып, алимент өндіру немесе əлеуметтік маңызы зор басқа да атқару құжаттарын қабылдамай қойса ол кезде заң алдында тəртіптік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан, ендігі кезекте жеке сот орындаушылары алимент өндіру туралы атқару құжаттарын
еш қиналмастан жеке сот орындаушысына беріп, ақша төлеместен, атқару құжаттарын өткізулеріне болады.

 

Əңгімеңізге рахмет, істеріңізге табыс тілеймін.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер