Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу- экологиялық талап - Мұрағат|05 Қазан 2012, 08:53
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу- экологиялық талап

Зерттеуші-ғалымдардың баспасөзде жарияланған пікірлеріне сүйенсек, тұрғын халықтың әл-ауқаты, сатып алушылық қабілеті жақсаруы тұрмыстық қатты қалдықтардың артуына ықпал етеді. Статистика деректері де осыны айғақтап, Қазақстанда қалалық әр тұргынға жылына 325-350 килограмнан тұрмыстық қатты қалдықтан келетінін айтады. Қалалықтардан ауылдықтар да қалысып отырған жоқ. Мұны 2012 жылдың басындағы дерек бойынша облысымызда 6,1 миллион тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар жиналғандығын, оның - 2 миллион тоннадан астамы Тараз қаласының үлесіне тигендігінен де байқауға болады.

 

     Келтірілген осы деректен көрініп тұрғандай, көлемі жылдан-жылға өсіп отырған , соған орай қоршаған ортаға, сайып келгенде әрқайсымыздың денсаулығымызға қолайсыз әсерін тигізетін тұрмыстық қатты қалдықтар проблемасын шешу мәселесі барған сайын өткір сипат алып келеді.
     Тұрмыстық қатты қалдықтардың (ТҚҚ) қоршаған ортаға қолайсыз әсерін болдырмудың әзірше бірден-бір тиімді әрі арзанға түсетін әдісі- оларды полигондарда жинақтап, сақтау болып табылады. Бұл жағынан үлгі танытып келе жатқан дамыған елдерде, айталық, Германияда, АҚШ пен Швейцарияда ТҚҚ мен күл-қоқыстарды қайта өңдеу, тіпті, бірқатарынан пайдалы өнімдер өндіру ісі жолға қойылған.Қазақстанда болса, бұл іс әлі қарқын ала қойған жоқ. Республика Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөзде жарияланған дерегі бойынша, елімізде қалдықтардың бар жоғы 3-5 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді.
     Өкінішке орай, біздің облыста да қалдықтарды өңдеу ісін ұйымдастыру туралы айтуға әлі ерте.Керісінше, кей өңірлерде қалдықтарды көму полигондарының жоқтығы, өндіріс қалдықтары мен күл-қоқыстардың санитарлық-гигиеналық нормативтерге сай емес жерлерде, көбіне ашық аспан астында қордаланып жатуы қоршаған ортаның жай-күйіне қолайсыз әсерін тигізіп келеді.Осыдан да, барлық аудан орталықтарында тұрмыстық қатты қалдықтарды көметін типтік полигондар, ал, Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысын қолға алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.Нәтиже де жоқ емес.
Өткен, 2011 жылы Меркі ауданында сыйымдылығы 150 мың текшеметр, құны 116,3 миллион теңге тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда оны жаңадан құрылған «Жасыл Меркі» ЖШС-нің теңгеріміне өткізу жұмыстар жүріп жатыр.
     Биылғы жылы, Қордай ауданы мен Шу қаласында сиымдылықтары тиісінше 150 мың және 200 мың текшеметрлік полигондардың құрылысын аяқтауға қаражат бөлінді. Мұнымен қатар Жаңатас қаласы мен Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы аулында тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары құрылысын жүргізудің жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу ісі де қаржыландырылып отыр.
      Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаумен, арнаулы орындарға тасу ісімен коммуналдық және жекеменшік кәсіпорындар айналысады.Олардың барған сайын өсіп келе жатқан қалдықтарды уатылы тасып үлгіре алмай жататындықтары жайлы тұрғындар жиі дабыл қағып жүр. Тіпті, кейбір жағдайларда тау төбе болып үйілген, иістенген күл-қоқыстарды өртеу оқиғалары да кездеседі. Ал, бұл сол тұрғындардың өздерінің денсаулықтарына зиянды әсерін тигізіп жатқанын ешкім ескермейді. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде республика аумағында ТҚҚ өртеуге қатаң тыйым салынған.Осы Заң талабын басшылыққа алып, қоқыс өртеушілерді анықтау,жауапқа тарту жолдарын ойластыратын кез жетті. Бұл іспен, әрине, қала әкімдігі, тиісті бөлімдері, пәтер иелері кооперативтері айналысуы тиіс.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі жылдан-жылға өсіп отырған қазіргідей шақта қаламызда қазіргі заманғы полигон құрылысын жүргізу мәселесі өткір күйінде қалып келеді.Осы түйінді шешу үшін 2005 жылы облыс бюджеті есебінен Тараз қаласының тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны мен сұрыптау, қаттау цехының болжамды құны 505,2 миллион теңгені құрайтын құрылысын жүргізудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген болатын.Бірақ, 2006 жылы аталған жоба Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің тарапынан қолдау таппады.
     Алайда, облыста тұрмыстық қатты қалдықтардың адамдар денсаулығына қолайсыз әсерін төмендету бағытындағы айқын мақсатты жұмыстар жалғасын тауып келеді.Атап айтқанда, Тараз қаласының шеткері аймағында орналасқан жалпы алаңы 30 гектар полигонды реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, оның аумағы темірбетонмен қоршалды. Қалдықтарды кәдеге жаратып, пайдалануға арналған арнаулы «Раскад» техникасы сатып алынды.
     Шу-Талас экологиялық департаментінің дерегі үстіміздегі жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша 133 полигон қоршаған ортаға эмиссиялардың рұқсатын алған.Осы департаменттің мемлекеттік экологиялық инспекция бөлімі 2011 жылы облыс аумағындағы полигондар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген.Оның барысында табиғат қорғау заңнамаларының орындалмауына байланысты 1,6 миллион теңгеге 53 әкімшілік айыппұл салынып, толығымен өндіріліп алынған. Ал. тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстарды рұқсат етілмеген жерлерге төккені, орналастырғандары үшін 16,8 миллион теңгеге 17 талап берілсе, қазірге мұның 1,8 миллион теңгесі өндіріліп алынды.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында табиғат қорғау заңнамаларын орындамағандарға қатысты 80,9 мың теңгеге 2 әкімшілік айыппұл салынып, қалдықтарды рұқсатсыз орналастырғандарға 56,8 миллион теңгенің талабы беріліп, аталған сомалар түгелімен айыптылардан өндіріліп алынды.
     Бұл жұмыс жалғасын тауып, екінші жартыжылдықта 39 ауылдық округтердің аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, сақтау ісі тексерілгелі отыр.
Алда да табиғат пайдаланушылардың тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, рұқсат етілген жерлерге ғана төгу қатаң талап етіліп отырылатын болады.Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінің 288 бабында жеке және заңды тұлғалардың экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және қалдықтарды кәдеге жарату, залалсыздандыру және қауіпсіз жою жөнінде іс-шараларды орындауға міндетті екендігі айтылған.
     Табиғат қорғау саласындағылар жақсы біледі, 2011 жылдың 3 желтоқсанында « Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды.
     Аталған Заңда қалдықтарды басқару Бағдарламасын талдап-жасаудың нақты нормалары қарастырылған. Ал, Бағдарламаны орындау көрсеткіштері табиғат пайдаланудың арнаулы шарттарына енетін болады.Олар орындалмаған жағдайда кәсіпорынға әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, оның жұмысын тоқтату, экологиялық рұқсатының күшін жоюға дейінгі шара қолданылатын болады.
     Заңның аталған ережелері 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында үстіміздегі жылдың 30 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен қалдықтарды басқару Бағдарламасын талдап-жасау ережелері бекітілді.
     Ереже табиғат пайдаланушыларға кәсіпорында қалдықтарды басқарудың жай-күйін, проблемаларын, жұмыс нәтижелерін есепке ала отырып тұрмыстық қатты қалдықтар бойынша өз Бағдарламаларын жасауды міндетейді.Өздері жасаған бағдарламада қарастырылған шаралар кешені қалдықтардың қауіпсіздігін қаматамасыз етуге, сондай-ақ табиғат пайдаланушылардың жауапкершіліктерін көтеруге жағдай туғызатын болады.
     Осылайша Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесін әзірлеу ісі басталды.Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, жаңа бағдарлама халықаралық тәжірибе есепке ала отырылып жасалынбақ.Енді ТҚҚ-ды басқарудың негізгі өлшемі- аталған мәселені шешу жолдарының кешендігі мен жүйелілігі.
Қазіргі уақыты еліміздің қалаларында ілкі (пилоттық) жобалардың инвестициялық негізін әзірлеу жөніндегі жұмыстар басталды. Осы орайда, Қазақстан Республикасының құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істер жөніндегі агенттігі талдап жасап жатқан ТҚҚ басқару жүйесін жаңғырту бағдарламысына 2012 жылы техникалық-экономикалық негіздемелерді талдап жасау үшін енгізілген тоғыз қаланың бірі- біздің Тараз қаласы болып отырғаны қуанышты оқиға.Бұл облысымыздың орталығы мен оған іргелес аудандардың, елді мекендердің тұрғындарын алаңдатып отырған тұрмыстық қатты қалдықтар проблемасының оң шешілуі ісіне негіз қаланғанын көрсетеді.
     Түйіндеп айтқанда, елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу – мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп отырған экологиялық талап. Бұл талаптың орындалуы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының үнемі назарында.
 

Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасының баспасөз қызметі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
27 Желтоқсан 2018, 08:15
Үш облыста қатты аяз болады
25 Желтоқсан 2018, 08:15
Бес облыста қатты аяз болады
Пікірлер