BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әйелдердің зейнетке шығу жасы: Мен не деймін, домбырам не дейді

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко осыдан бірнеше ай бұрын әйелдер ер-азаматтар сияқты 63 жаста зейнетке шығуы мүмкін дегенді айтқан болатын. Оны әйелдердің зейнетке шыққаннан кейін өмір сүру деңгейі 20 жыл екенімен, яғни ерлерден ұзақ өмір сүретінімен дәйектеді. Осы мәселеге байланысты елімізде біраз шу шығып, небір пікірлер айтылып жүр.

 

Бүгінгі таңда әйелдердің барлық жағынан құқығы қорғалған, ерлермен тең, тіпті ерлерден асып кетіп жататын кездері де аз кездеспейді. Мысалы, тең құқықты, жұмыс істей ме, істейді, сайлауға түсе ме, түседі, тіпті көптеген жұмыс берушілер әйелдерге ер адамға қарағанда жұмсақ қарайды. Жанашырлық танытады. Сонда біз бүгін не үшін гендерлік саясат арқылы әйелдерді көтеруіміз керек? Оны қолдап жүргендердің кейбір уәждерін тыңдасаңыз, әйелдердің жалақылары аз екенін айтады, қалай сонда, әйел мен еркек бірдей жұмыс істесе, «сен әйелсің» деп оларға аз айлық бермейді ғой. Сондықтан бұл жерде мәселе әйел не еркекте емес, мәселе мамандығында болу керек екен.
«Көптеген әйелдер құқығы тапталатынын алға тартады. Нәзік жандылар ер адамдар сияқты 63 жаста зейнетке шыққысы келеді. Олар қаласа 58 жаста зейнетке шығады, қаласа 63 жасқа дейін жұмыс жасауына да болады. Сөйтіп әйелдердің құқығы толыққанды қорғалады. Алайда комиссия шешім қабылдайтын әйелдер саны 30 пайыздан астам болу керек деген ұсыныс білдірді», - дейді Тастемір Әбішев.


Еліміздің байлығы қазақстандықтардың игіліне жұмыс істеу керек. Қазба байлыққа бай Қазақстан халықтың жағдайын жақсартып, өмірін жеңілдетуге ат салысу қажет. Алайда біздебәрі керісінше. Бай елде қалай кедейшілікте өмір сүруге болады?! Қазақстанда 63 жаста зейнетке шықпақ түгілі 40-тан асқандарды көбіне жұмысқа алмайды. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда өмір сүру деңгейінің орташа көрсеткіші 68,4 жас. Нәтижесінде Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша 152-ші орында тұр. Өмір сүру ұзақтығының осындай нәтижесімен өмір бойы отбасы мен жұмыстың арасында шыр айналып жүрген ақ жаулықты аналарымызды 63 жасқа дейін қалайша жұмысқа жегіп қоймақпыз деген заңды сұрақ туындайды.
Сахиев Саулет, саясаттанушы:
- Қоғамда қызу талқы тудырған зейнет жасын көтеру Қазақстан үшiн мүлде сәйкес келмейдi. Бiзде 2 миллионға жуық зейнеткер бар. Ресми дерек бойынша еңбекке жарамды адам саны 8 миллионға жуық. Яғни бiр зейнеткерге төрт адамнан келедi деген сөз. Батыста бiр зейнеткерге 2-2,5 адамнан келедi. Сондықтан бұған сiлтеудiң қажетi жоқ. Одан да зейнетақы салымдарын дұрыс басқару, жұмыс орындарын қамтамасыз ету арқылы зейнетақы салымдарын арттыру мәселесiн көтерсiн. Бiзде 2,7 миллион халық өзiн-өзi жұмыспен қамтиды. Соларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етiп, көлеңкелi салада еңбек етсе, сол саладан берi қарай шығару керек. Әйел адам мен ер адамды салыстыруға келмейді. Әйел – ана. Босанғаннан кейін көптеген нәзік жандыларда түрлі аурулар пайда болады. Әсіресе 40 жастан кейін әйел затының денсаулығы нашарлай бастайды. Оның үстіне түрлі себептермен қазақстандық әйелдер босанғанына көп болмай жұмысқа шығып кетеді. Осыдан бала тәрбиесі деген тағы бір мәселе туындайды. Сауалнамаға қатысқан ер азаматтар әйелдердің зейнетке ерте шығуын қолдайтындығының бір себебі әйелдер отбасы, ошақ қасында өткізу керек деп есептейтіндігін жеткізді. Себебі олар да анадан туды. Анасының, жарының шашына ақ түсіп, маңдайы жерге тигенше жұмыс істемей, отбасының жанында болуын қалайды. Әрине, ұзақ өмір сүретін әйелдер бар екендігі рас. Бірақ олардың саны өте аз. Біздің әйел адамдардың жағдайы өте ауыр. Олар бала туып, бала өсіріп отыр. Әйелдерді 63 жасқа дейін жұмысқа жегу дұрыс емес. Қалалық жерде кейбір балалары жоқ әйелдерге ыңғайлы шығар, бірақ ауылда тұратын әйелдер үшін өте қиын. Олар қара жұмыс істейді және медициналық жәрдемге де дер кезінде қол жеткізе алмайды. Барлық әйелдің өмір сүру жағдайы бірдей еместігін біле тұра бірдей шешім қабылданғаны негізсіз.
Зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту үшін халықтың орташа өмір сүру жасы жоғары болу керек. Тағы бір айта кететін жай еліміз орташа өмір сүру жасының көрсеткіштері бойынша әлем бекіткен межеге әлі жете алмай отыр. Ерлермен қатар 63 жаста зейнетке шығу қалалық жерлерде өмір сүріп, жеңіл-желпі қызметте отырған әйел заты үшін орынды болар. Алайда ауылдық жерде физикалық күшті қажет ететін ауыр жұмысқа жегіліп жүрген аналар үшін зейнеткерлік жасын ұлғайту әсте жарамас. Оның үстіне қолына дипломын алып, жұмыс берушілерді сағалап жүрген жұмыссыз жастардың саны көп. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрайды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайызға тең. Сандық деректермен келтірер болсақ, Қазақстанда 467 мыңға жуық халық жұмыссыз. Егер әрбір зейнеткер жұмыс орнын босатпай, қызметін жалғастыра берер болса, онда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі тек ұлғая түспей ме? Әйелдердің гендерлік теңдікті талап етіп, ерлермен бірдей болуға ұмтылуы тағы бір мәселенің басын қылтитады. Егер нәзік жандылар 63 жаста зейнетке шығамыз десе, елдегі ер-азаматтарымыз зейнеткерлік жасын 58-ге дейін қысқарту қажет деп пікір айтуы да ғажап емес. Өйткені Қазақстанда ер адамдарға қарағанда әйелдердің ұзақ өмір сүретіні статистикалық мәліметтермен дәлелденген. Әлемнің дамыған, дамушы елдерінің барлығында
әйелдер мен ерлердің демалысқа шығу жасының арасында 4-5 жылдай айырмашылық бар.
Нағима Кәрбозқызы, қала тұрғыны, 55 жаста
- Қазіргі кезде әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін ұзартпақшы. Осы жасқа дейін оның қандай жұмыс жасап, қандай жағдайда өмір сүргендігін үкімет білмейді. Сондықтан мәселенің мәнісіне бармай заңға жаңа өзгерістер енгізу дұрыс емес деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл мәселе Қазақстан ұлттық банкінің директоры Марченко мырза ғана емес, билікте жүріп, зейнет жасына келіп, рахат өмірден бас тартқысы келмеген депутат ханымдар мен әкім апалардың ұсынысына сәйкес жасалып отыр. Оның үстіне ұлт­тық банк­тегi ақша есепте­гiш әйелдердi қап арқалап, тауар тасыған, сиыр сауған, нан пiсiрген, үй сылаған, бала оқытқан, яғни маң­­­дай терiн төгiп, белi бү­гiлген әйелдермен салыстырғысы да келмейтін сияқты. Гендірлік саясат деп қарапайым қара жұмыс істеп жүрген әйел адамдарды өмірінің соңына дейін жұмысқа жегіп қою әділетсіздік.
Жалпы ТМД аумағындағы өзге елдермен салыстырғанда біздің елімізде әйелдер зейнетке әлдеқайда кеш шығады. Мәселен, Ресей, Белоруссия, Тәжікстан сынды мемлекеттерде ерлердің зейнетке шығу жасы - 60 жас, ал әйелдердікі - 55 жас. Зейнеткерлік жасын өзгерту мәселесі ТМД елдерінде жиі қозғалады. Мәселен, Ресей Федерациясында осы мәселе таяуда ғана талқыға түсті. Дегенмен ресейліктердің соңғы демалысқа шығу мерзімін сол қалпында қалдыру керек деген тоқтамға келген. Олар «Зейнетке шығу жасын ұлғайту үшін халықтың денсаулығы да соған сәйкес болу керек» деген пікірде. Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы әйелдерге зейнетке шығу жасын таңдауда ерік берілетінін атап өтті. Жалпы зейнетке шығу жасын ұлғайту, ұлғайтпау мәселесі бір күнде шешілмейді. Таңдау жасауға ерік берген де дұрыс емес. Заң баршаға ортақ. Олай болса оның орындалуы да ортақ болуы керек.
Марченко мырзаның айтуынша, ендiгi жерде бұл көтерілген мәселе бiрыңғай зейнетақы жүйесi мен гендерлiк теңдiкпен тығыз байланыста. Алайда бас банкир бұл сондай-ақ бюджет мәселесi екенiн айтпайды. Былтырғы жылы жинақталған инфляция деңгейi 7,4 пайыз болса, жинақтаушы зейнетақы қорларының табысы небәрi 2-4 пайыз көлемiнде болды. Зейнетақы қорларының қалыпты инвестициялық портфелi бойынша бес жылдағы орташа кiрiстiлiгi 30,84 пайыз болса, бес жылдағы инфляцияның жинақталған деңгейi 57,66 пайыз. Бұдан терiс сальдоны көрiп отырмыз. Ал бүгiнде зейнет жасына жеткен халықтың басым бөлiгiне зейнетақы төленуi керек. Егер мемлекет әйелдердiң зейнет жасын ұзарта түссе, одан бiрталай ақша үнемделетiнi айт­паса да түсiнiктi. Қазақстанда зейнеткерлерге бюджеттен жұмсалатын шығын iшкi жалпы өнi­мнiң 2-3 пайызына тең.
Әйел отбасының ұйытқысы саналады. Немере мен баланың тәрбиесіне де тікелей анаға, әжеге байланысты. Қазір бізде ата-әже институтының кенжелеп бара жатқаны жасырын емес. Немереге немқұрайлы көңіл бөлініп, ұрпақ тәрбиесіне атүсті қарау басым. Жұмыс пен отбасының арасында жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөлу де мүмкін емес. Жасы келді деп қызметкерге жеңілдіктер де берілмейтіні анық. Сондықтан әйел-ана зейнетке ертерек шығып, отбасының ұйытқысына айналғаны абзал.

Фариза Әбдірайым

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер