BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жұлдызы жарқыраған жыраулық өнер

Бабалар армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, төрткүл дүниеге танылып, Мәңгілік елге бастар ұлы нұрлы жолы айқындалған, жұлдызы жарқыраған ел болғанымызға биыл 25 жыл. Айтулы жылдар ішінде қарыштап дамыған еліміздің өнері мен мәдениеті де биік белестерге жетті. «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген сөзге ой жүгіртсек, бабадан жалғасқан ұлықты өнер мен мәуелі мәдениетіміз ғасырдан ғасырға саф алтындай жарқырап жете бермек. Осы орайда, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі атанған, жүз шайырға мекен болған қасиетті Қармақшы өлкесіндегі жыраулық өнердің Тәуелсіздік жылдарындағы сүбелі жетістіктері – өнерін өмірім деп білген елдің рухани дамуының айғағындай.

Кәтекі жыраулар Алмас Алматов Францияда, Бидас Рүстембеков Америка Құрама Штаттарында жыраулық өнерді әлемге паш етті. 2006 жылы ауданымызда ашылған К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі – өлкеміздегі өшпес өнердің отын жағып, талантты ұл-қыз тәрбиелеуде еселі еңбек етіп келеді.

Бүгінде кент орталығындағы «Көшеней жырау», Тұрмағамбет ауылындағы «Тасберген жырау», «Жиенбай жырау», Ақжар ауылындағы «Рүстембек жырау», Т.Көмекбаев ауылындағы «Базар жырау» үйірмелері қолына домбыра ұстаған сан шәкіртті жыраулық өнерге баулып, оларды даңғайыр жыраулар бастаған өнер көшіне қосып келеді. Белгілі жырау Серік Жақсығұлов басқаратын өнер ордасында Бидас Рүстембеков, Әйгерім Ешбаева, Зәуре Кәрібаева, Балтабай Бедебаев, Болат Баймұратов, Дінислам Тоқсанбаев сияқты белгілі жыраулардан дәріс алған өнерлі шәкірттер бүгінде елдің қуанышына айналып, өнер биігінен көрініп жүр.

Атап айтқанда, «Тасберген жырау» үйірмесінің шәкірті Оңғарқызы Арай (ұстазы З.Кәрібаева) халықаралық «Бозторғай» байқауында ІІІ орын, Семей қаласында өткен «Шоқжұлдыз» республикалық балалар байқауында бас жүлде, «Менің туған өлкем» дәстүрлі балалар байқауында ІІ орын иеленді. Көрермен көзайымына айналған, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас Қытай Халық Республикасында өткен «Таланттар шоуы» бағдарламасына Қазақстан атынан қатысып, ел мерейін асқақтатты. Аталған үйірменің тағы бір талантты мүшесі Әділбекова Нұрпатшайым облыстық «Менің туған өлкем» байқауында ІІІ орын иеленсе, осы байқауда «Рүстембек жырау» үйірмесінің мүшелері Тұрсынбекова Арай, Қылышбаева Нұршаттар арнайы дипломдармен марапатталды. Республикалық, облыстық деңгейдегі өнер байқауларының жүлдегері атанып жүрген талантты қызымыз, «Көшеней жырау» үйірмесінің жетекшісі Ә.Ешбаеваның шәкірті Алдамжарова Мали- ка Баку қаласында өткен халықаралық «Мугам» айтушылардың өнер бәйгесіне Қазақстан атынан қатысып, жыраулық өнердің өміршеңдігін әлем алдында паш етті.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, талантты шәкірттерді тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, бүгінде жыраулық өнерді әлем сахнасына жеткізіп жүрген жүйрік жырауларымыздың да Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Белгілі жырау Бидас Рүстембеков Тәуелсіздік алған мерейлі жылдар ішінде «Астана» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2015 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жыр көшінің заңды жалғастығын биікке көтеріп келе жатқан жырау С.Жақсығұлов Ақтөбе облысында өткен «Көкжарым бойы – ағын жыр» республикалық жыршылар байқауының І орын иегері, «Текті сөздің төресі - терме» атты республикалық байқауда ІІ орын, «Жыр жүйрігі – Жиенбай» атты аймақтық жыраулар байқауының бас жүлде иегері атанды және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Стамбул қаласында өткен қазақ диаспорасы мен зиялы қауым өкілдерінің кездесуіне арнайы шақыртылып, Сыр бойы мақам – саздарын бауырлас ел төрінде аспандатып қайтты. Өшпей – тұғын ешқашан үлгілері, Сырдың елі – қашаннан жырдың елі. Омар, Жүсіп, Тұрымбет, Тұрмағамбет, Базар жырау баршаның дүлдүлі еді. Бүгінгі ұрпақ солардың ізіндегі Ертең дүлдүл болмасын кім біледі? – дегендей, кешегі даңғайыр жыраулардың салған сара жолын бүгінгі Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан тәуелсіз еліміздің талантты өрендері дара жолмен жалғап жатса қалай қуанбасқа? Қасиетті Қармақшы жеріндегі бабадан жалғасқан ұлы мұра – жыраулық өнердің туын биіктетіп, шаңырағын шайқалтпай, келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың абыройлы міндетіміз.

Нұршат НАУРЫЗБАЕВА, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер