BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жез таңдай әншілер Тарбағатай төріне жиналды

Кез-келген елді жер-жаһанға мәдениеті пен спорты танымал етеді десек, қазіргі таңда осы екі саламен Тарбағатай ауданының аты дүркіреп тұр. Айтыс пен қазақ күресінің "отаны" саналатын өңіріміз әншілердің де дауысын алты қырдан асыратын өнер ордасына айналып келетініне күмән жоқ. Олай дейтініміз, өткен аптада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты Ақсуаттағы аудандық мәдениет үйінде халықаралық "Тарбағатай жұлдыздары" эстрадалық ән фестивалі өтті.

«Бұған дейін аудандық, облыстық деңгейде өткізіліп келген "Тарбағатай жұлдыздары" ән фестивалінің мінеки, халықаралық дәрежеге жеткендігінің куәсі болып отырмыз. "Өнерде шекара жоқ" деген осы болар. Жалпы, бұл мәдени шара ауыл тұрғындарының эстетикалық қажеттілігін өтеуге, Елбасының Мәңгілік Ел идеясына үн қосуға бағытталған»,-деді аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев құттықтау сөзінде. Сахна саңлақтарының өнерін тамашалауға келген халықта есеп болмады. "Құлақтан кіріп, бойды алатын" әсем әндерге толы фестивальға Тарбағатай, Көкпекті, Абай, Үржар, Зайсан, Күршім аудандары мен Өскемен, Семей, Шымкент, Курчатов, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Көкшетау қалалары және Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен күміс көмей әншілер қатысты. Өз қатарларынан суырылып алға шыққан жиырмаға жуығы жүлделі орындар үшін барын салды. "Ән айтсаң, жаныңды жеп айт" дегендей, өнерпаздардың сахна төрінде ешқайсысы аянып қалмады.

Қыстың қолайсыз ауа-райына қарамастан жүздеген, мыңдаған шақырымдарды артқа тастап келгендердің барлығы жақсы өнер көрсетті. Ән бәйгесіне ҚР мәдениет қайраткерлері, республикалық конкурстардың лауреаттары сияқты өнер майталмандары қазылық етті. Сайыс қорытындысы бойынша мықтылар анықталды. Қатысушылардың біразы Алғыс хатқа ие болса, тағы бірнешеуі фестивальдің дипломанттары атанды. Ал, "Үздік орындаушылық шеберлігі үшін" арнайы марапатына абайлық Нұрбек Өмірбеков, Ресейден келген Гүлнұр Мамырбекова, Моңғолиядан қатысқан Айтолқын Бақытқызы, ҚХР-дан Бақыт Қабылдай, керекулік Ерасыл Егінбай, Алматы облысынан үкіленген Бауыржан Әділов ие болды. Әсем дауысымен көрерменді тәнті еткен Айгүл Адиханова (Ұлан ауданы), Гүлмира Темірбекова (Үржар ауданы), Ербол Сүлейбек (ҚХР), Рустам Русланов (Қырғызстан) ән байқауының үшінші орнына жайғасты. Бабы мен бағы қатар шапқан Айдын Өмірбеков (Семей), Қырым Медетбек (Өскемен), Дәурен Такиров (Тарбағатай ауданы) жүлделі екінші орынды еншіледі. Ал, жүзден жүйрік шыққан "Заңғар" тобы (Қырғызстан), Саяхат Тұрлыбеков (Көкпекті ауданы) және Мақсат Дүйсенбеков (Оңтүстік Қазақстан) бірінші орынды жеңіп алды. Көп ұзамай көпшілік тағатсыздана күткен бас жүлденің иесі де белгілі болды. Халықаралық ән бәйгесінің Гран-при жүлдесін Зайсаннан келген Іспек Наурызхан қанжығасына байлады. Өңірімізден шыққан іскер азаматтардың, аудан әкімшілігінің демеушілігімен өткен ән фестивалі есте қаларлықтай болды.

Ерлан БАПАНОВ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер